KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 1 м/с, Ю
443.44 480.51 4.88

Жұлдызы жанған журналистер

29.06.2013, 18:00 152


Кеше өңірдегі журналистер қауымы кәсіби мерекелерін атап өтті. Жылдағы дәстүрден ауытқып, өзгеше рәуіште ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, қоғамның қозғаушы күші саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін құттықтады, еңбектері еленген бірсыпырасына арнайы сыйлықтар мен мақтау қағаздарын табыс етті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Биылғы мереке шынымен де жылдағыдан ерекше мәнерде тойланды. Алдымен республикалық, облыстық және аудандық БАҚ-тарда қызмет істейтін әріптестер екі автобусқа тиеліп Тарханка ауылының (Глубокое ауданы) іргесіндегі туристік базаға келдік. Онда бізді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Асқар Нұрғазиев пен ішкі саясат бөлімінің бастығы Бұлбұл Бакқнова күтіп алды. Демалыс базасы қонақтардың келуіне сақадай-сай әзір екен, көп күттірмей мереке бірден басталды. Біреулер көкте қалықтаған әуе шарына мініп, төңірекке биіктен көз салса, енді біреулері көпшілік баги атап кеткен шағын мәшинелерге мініп сулы-нулы орманды аралауға шықты.

Ал біз облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттерінің журналистері, сондай-ақ «Менің өлкем» газетінің редакторы Мерей Қайнарұлы бар жиыны бес адамнан тұратын құрама команда жастар ұйымдарының мүшелерімен шағын футболдан сайыстық. Тартысты болған кездесу нәтижесінде журналистер өздерін ақпарат саласын ғана емес, сонымен қатар спортты да жақсы меңгерген мамандар екенін дәлелдеді. Әсіресе, «Рудный Алтай» газетінің шолушысы Владимир Никифоров пен «Дидар» газеті қоғамдық-саяси бөлімнің меңгерушісі Ержан Әбіштің, Мерей Қайнарұлының (соңғы голдың авторы) алаңдағы шеберлігі еріксіз қол соқтырды. Жарыс қорытындысы бойынша журналистерден жасақталған команда қарсыластарын 2:1 есебімен тізерлетті.

Бұдан басқа қонақтар волейбол, пейнтбол сынды ойын түрлерінен ұйымдастырылған сайыстарға белсенді араласып, көңіл көтерді. Нағыз экстремалды спорттың бірі мұнда бой салып өскен биік ағаштардың басындағы кедергілер арқылы жүру жолы болды. Инструкторлардың көмегімен журналистер қауіпсіздік белдіктерін тағып, бастарына каскаларын киіп, осынау қиын жолдармен қорықпай жүріп өтті. Қорыққаны былай тұрсын, тіпті кейбіреулері кәсіби әдеттеріне салып фотокамераларын бірге алып жүріп ұтымды сәттерді суретке түсіруге тырысты.

...Қысқасы Тарханкадағы мереке тамаша өтті. Ән шырқалды, ойындар ойналды, дастархан жайылды, әріптестік әзіл-әңгімелер айтылып, қашанда қызмет бабымен шапқылап жүретін тілшілер қауымы бір-бірімен бейресми жағдайда емен-жарқын қауышуға мүмкіндік алды.
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесі түстен кейін осы аудандағы «Нұртау» демалыс базасында жалғасты. Мұнда өзінің тығыз жұмыс кестесінен уақыт тауып, төртінші билік өкілдерін құттықтау үшін әдейілеп облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев келді.

– Шығыс Қазақстанда қызмет еткен бес жылдың ішінде сіздермен талай іссапарларға бірге шығып, талай жұмысты бірге атқардық. Ол үшін сіздерге алғысым шексіз. Бүгінгі күні облысымыздың абыройы асып, бүкіл республикаға аты шыққан болса, оның басшысы ретінде менің де қандай да бір беделге қол жеткізіп, елдің алғысын арқалап жүруім, ол ең бірінші кезекте сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Сондықтан сіздерге деген ризашылығымды білдіремін. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпірдің қызметін атқарған журналистер бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын! – деп ақжарма тілегін жолдаған аймақ басшысы әріптестерінің алды болған бірқатар БАҚ қызметкерлерін марапаттады.

Жұлдызы жанған журналистерАтап айтсақ, өзіндік жазу мәнері қалыптасқан, қаламы ұшқыр, аса еңбекқор журналист, біздің газеттің қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Ержан Әбіш «Туған жерге – тағзым» аталымы бойынша облыс әкімінің сыйлығына және С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректорының алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ жұлдызы жарқырап жанған мықтылардың арасында облыстық «Рудный Алтай» газетінің шолушысы Владимир Никифоров, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының қызметкері Қанат Оралбек пен операторы Тілектес Омаров, облыстық «Мой город» басылымының тілшісі Ирина Кириллюк, республикалық «Казахстанская правда» газетінің Семей өңіріндегі меншікті тілшісі Айгүл Биданова, «Страна и мир» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Илья Кулев, Көкпекті аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» және өскемендік «УМЗ-информ» газеттерінің редакциялары облыс басшысының жүлдесін иеленді.

Жұлдызы жанған журналистер«Шығыс ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Айтмұхамбет Қасымов облыс әкімінің арнайы мақтау қағазымен және С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректорының алғыс хатымен марапатталды. Айта кетейік, Шығыстағы қазақ журналистикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, қаншама шәкірттің қанатын қатайтқан, тартымды дүниелерімен қалың оқырманға танылған Айтмұхамбет ағамыз осы күні, яғни биылғы 29 маусымда пайғамбар жасына толды. Ол кісіні қатар келген қос мерекемен аймақ басшысы құттықтады.

Серік әбілхан

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив