KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 4 м/с, З
441.58 480 4.86

Семейде спорт мерекесі өтіп жатыр

27.06.2013, 18:00 324


Семейдегі «Спартак» стадионында облыстық XVII халықтық спорт ойындары мен облыстық IX «Сәулетай» балалар спорттық ойындары салтанатты жағдайда ашылып, оған қатысушыларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, дүбірлі жарыста сәттілік тіледі, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыстық деңгейдегі халықтық және балалардың спорттық ойындары Семейде бұдан бес-алты жыл бұрын өткен еді. Бұл жолғы мерекенің жөні бөлек-ті. Өйткені,Семей бүгінде әдебиет пен мәдениеттің, өнердің ордасы ғана емес, оның сыртында Қазақстан футболының да отаны атанып отыр. Соған орай қазірде мұнда ел футболының жүз жылдығына әзірлік қызу қарқынмен жүріп жатыр. Соның айқын көрінісі жасарып, жаңғыртылып жатқан стадион келбетінен де аңғарылып тұр. Жасыл алаңның төрт бұрышына қойылған алып теңбіл доптар да халықтың футбол, жалпы, спорт ойындарына деген құштарлық құрмет сезімін айғақтап тұрғандай. Осы күні семейліктердің стадионға сан мыңдап ағылып келуі де көп нәрсені аңғартқандай.

Семейде спорт мерекесі өтіп жатыр
Семейде спорт мерекесі өтіп жатыр
Семейде спорт мерекесі өтіп жатыр

Шаттыққа толы салтанатты сәтте сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең алдымен Елбасының республикалық форум делегаттарына құттықтауын жеткізді. Бұдан кейін аймақ басшысы күні кеше ғана еліміздің шығыс өңіріне келіп кеткен ел Президентінің облыстың қазіргі ахуалына, мұндағы бірлік пен тұрақтылыққа оңды бағасын бер-генін жария етті. Мемлекетіміздің іргетасы күн өткен сайын нығып келеді. Осындай жарқын іске әрбір қазақстандық, әсіресе, кейінгі жас ұрпақ өз үлесін қоса білуі керек. Өйткені, болашақ – жастардың қолында.

– Спорт қай елдің болмасын бет-бейнесін ағартса керек. Ал біздің өңірден отандық спортты дамытуға атсалысқан азаматтар бұрын да болған, қазір де аз емес. Айталық, кешегі Ғ.Қосанов, Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов салып кеткен сара жолды бүгінгі О.Рыпакова, А.Полторанин сәтімен жалғастыруда, – деген облыс әкімі еліміздің шығыс өңіріндегі спорттың бүгінгі жай-күйіне де тоқтала кетті. Шындығында жылдан-жылға халықтық сипатқа ие бола бастаған облыстық спорт ойындары соған айқын айғақ болса керек. Облыс басшысы сөзінің соңында Астанада қазақша күрестен «Қазақстан барысы» дәстүрлі республикалық сайысы өткізілгелі жатқанын атап көрсетіп, осындай дүбірлі додада үлкен биік-тен көрініп келе жатқан Айбек пен Мұхит сынды айтулы балуандардың иығына ырым ретінде қасқыр терісін тісі ақсиған басымен бірге жапты.

Сәрсенбінің сәтінде басталған игі істі стадионда, ашық аспан астында өтіп жатқан мерекелік шаралар да бекіте түсті. Кезекті халықтық және балалар спорт ойындары ресми түрде ашылған соң облыстың аудандары мен қалаларының командалары қалың жұртшылықтың алдынан лек-легімен сап түзеп өте бастады. Көш бастаған Абай ауданының сапында Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды ғұламалар алаңды айналып жүріп өтті. Мұны біз абайлықтардың да-нышпандар қай ортада да, қашан болса да халықпен бірге деп бей-нелегені шығар деп топшыладық. Ал келесі бір команда мүшелері жерлес олимпиада ойындары жеңімпаздарының суреттерін көтеріп шықса, екінші бір команда мүшелері көк жүзіне көгершін мен қызылды-жасылды шарларын ұшырып жатты. Спорт ардагерлері өз алдына сап түзеп өтті. Соның бәрін құптамасқа болмайды. Өйткені, спорт тек жеңістен ғана емес, өзара құрметтен, өткенге ілтипаттан да тұруы керек деп білеміз.

Салтанатты шарада Қазақстан футболының жүз жылдығы да атап өтілді. Жүз жылдық демекші, алдағы күзде бұл айтулы дата Семейде ерекше жағдайда тойланбақ. Футбол тарихының сол жүз жылдық тарихына арналған шежіре кітап жарыққа шықпақ. Отандық футбол мерей-тойына арналған шараларға Мишель Платини, Зинедин Зидан сынды әлемдік деңгейдегі жұлдыздар келіп қатысады деген сөз бар. Мұның сыртында сол мереке барысында ТМД елдерінің құрама командасы мен әлемдік футбол жұлдыздарының жолдастық кездесуі де жоспарда тұр. Соның бәрі рет-ретімен жүзеге асырылып жатса, бұл бір өңірге ғана емес, бүкіл елімізге зор абырой болар еді.

Осындай қызықты көріністер аралығында облыстық туризм, дене-шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Халеловпен тілдесіп үлгерген едік. Ол облыс әкімінің жүлдесін барлығы 19 команда құрамында үш мыңнан астам спортшы сарапқа салып жатқанын тілге тиек етті. Олар спорттың жиыр-
ма түрі бойынша күш пен айла, ерік пен қайрат сынына түсіп жатқан көрінеді. Қала сыртындағы ипподромда өтіп жатқан түрлі қашықтықтағы ат жарысын қызыға тамашалаушылар қатары жылдағыдан да көп. Тоғызқұмалақ ойынының жанашырлары да аз емес. Мұның өзі аталған ұлттық ойынның халықтық сипатқа ие болып отырғанын көрсетсе керек.

Сондай-ақ, облыстық IX «Сәулетай» балалар спорттық ойындары сәрсенбі күні өз мәресіне жетті. Оның қорытындысы кеше түс ауа шықты. Ал облыстық XVII халықтық спорт ойындары бүгін аяқталып, түс ауа ресми түрде жабылмақ. Бұл ойындар Семейде осымен үшінші рет өтіп отырса, алда оны аудандарда да өткізуді ойластырып отырмыз дейді Серік Халелов. Ол семейліктердің әр аудан, қалалардан келген спортшыларды қонақжайлықпен қарсы алғанын айта кетуді де ұмытпады. Ең бастысы, әр спортшының өз мүмкіндігін сарқа көрсетуіне қолдан келгенше жағдай жасалған.

Дәулет Сейсенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив