А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Біз жеңісті жырлаймыз» атты жастардың ҰОС ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Кездесу қонақтарының бірі Рахимов Құрмат Рахимұлы (1924 ж.т.) - Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі қызмет полковнигі. Шығыс Қазақстан облысында ол кісінің алар орны ерекше. Майдан жолын жүріп өткен ардагер, соғыстан кейін де бар ғұмырын отанға адал қызмет етуге арнаған қазақтың асыл азаматтарының бірі.
Майдандағы сержант Рахимов 1943 жылдан Белоруссия, Литва, Шығыс Пруссияны азат етуге ат салысқан. Құрмат Рахимұлы бір ғана емес, бірнеше буынды тәрбиелеген тәлімгер. Сондай-ақ 17 жасында майданға аттанған Белоруссияны азат етуде «Багратион» тарихи операциясына, 1945 жылдың Маньчжурияны азат ету шайқастарына қатысып, жаумен соғысты Жапонияда аяқтаған майдангер-жазушы Александр Егоров.
Басқосуға аға буын өкілдерімен қатар ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің 5518 әскери бөлімінің сарбаздары, сондай-ақ кітапхананың тұрақты оқырмандары келді. Отан қорғаушылар жиналғандарға қаһарлы күндер мен сұрапыл соғыстың ауыр күндерінен сыр шерте отырып, жүрекке жылылық ұялататын қызықты жайттарға тоқтала кетті.
Өмірдің аты өмір, қайғы мен қуаныштың қатар жүретінін сөз етіп, от ортасынан оралмаған қарулас жауынгерлерді еске алды. Майдангер –жазушы Александр Ивановичтің оқыған жыр шумақтары көпшіліктің көңілінен шықты. Балалық бал дәуренін соғыс өртіне ұрлатқан ұрпақ өкілі Генриэтта Нартова әскери госпитальда өлең оқып, жаралы жауынгерлердің көңілін көтерген кездерін еске алды.
Әр отбасын шарпыған сұм соғыстың куәсі – сарғайған майдан хаттары. Майданнан жазылған үшбұрыш хаттар-солдат жүрегінің лүпілі, еліне деген шексіз сағынышы, махаббаты еді. ШҚ Мұрағат қызметкері Л.П. Рифель түпнұсқа түрінде сақталған осы «үшкіл» хаттармен таныстырды.
Жас сарбаздар атынан ардагерлерді құттықтаған «ВВ Восток» тобы майдан әндерінен музыкалық сәлем жолдады. Сондай-ақ кітапхана оқырмандары, өнер колледжінің оқытушысы Кемешев Рустем сырнаймен бірнеше майдан әндерін шырқап, аяғы вальске ұласты.