KZ
Өскемен
+25°
гроза жел 2 м/с, С
475.18 510.72 5.47

«Студент көктемі» байқауы өз мәресіне жетті

2.05.2013, 18:00 111


Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Студент көктемі» байқауының қорытынды кеші өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Кеште алты факультет студенттері бақ сынасты. Барлық студенттердің үлкен дайындықпен келгендері байқалды. Экология және жаратылыстану факультетінің студенті Риза Қайсарқызы Мұқағалидың «Досыма хат» өлеңін оқып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Есхат Ғани болса, қоңыр даусымен «Біздің елдің жігіттері» термесін нақышына келтіре орындап шықты. Тарих, халықаралық қатынастар және құқық факультетінің сықақ қойылымдары шымшыма әзілдерімен көпшілік көңілін бір көтеріп тастады. Экономика және бизнес факультетінің студенттері «Біздің дәуірімізден кейін» атты билері арқылы Өскеменнің экологиясынан біраз сыр шертті.

Филология факультетінің студенттері де өздерінің өнерден құралақан емес екендерін көрсетті. Олардың «Жайдарман» командасы халықты қыран-топан күлкіге батырды. Ал факультет студенті Гүлмира Адал кәсемен халық биін билеп, көрермен қауымын таңғалдырды. «Алтын дауыс» байқауының жеңімпазы Медет Әлімғазин болса ән шырқап, тыңдарман жүрегін елжіретті. Математика, физика және технология факультетінің студенттері өздерінің керемет әнші екендіктерін дәлелдесе, психология және педагогика факультетінің жастары өз қолдарынан тіккен киім үлгілерін ұсынды.

– Бұл байқау ең алдымен студенттер арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтты. Біз әрбіріміз өз факультетіміздің намысы үшін күш салып жатырмыз, ортақ мақсат болғанда ғана адамдар ұйымшыл болып, бірлесе қимылдайды ғой. Бір мамандықты меңгеріп жүрсек те, бұрын араласпай жүрген құрдастарымызбен жақынырақ танысып, оқуға, білім алуға деген ынта-жігеріміздің арта түскені байқалады, – дейді экология және жаратылыстану факультеті командасының мүшесі, 1-курс студенті Балахмет Ұлықбек.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды экология және жаратылыстану факультеті, екінші орынды филология факультеті қанжығаларына байлады. Бірінші орын экономика және бизнес факультетіне бұйырса, бас жүлдеге тарих, халықаралық қатынастар және құқық факультеті ие болды.

Ажар Сағатпекова

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив