KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Өскеменде балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығы ашылды

1.05.2013, 18:00 113


Өскемендік «Восток» футбол клубы жанынан балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығы ашылды. Қаланың «Восток» стадионында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан футбол федерациясының спорттық директоры Анатолий Юревич арнайы келіп қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жаңа орталық 2012-2014 жылдарға арналған балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтін болады.

Орталықтың тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шараға қатысқан жас футболшыларды жаңа жаттығу орынымен құттықтады.

– Адамның өмірінде спорттың, әсіресе, футболдың алар орны ерекше. Бұл спорттың жұртшылық, оның ішінде кейінгі буын арасында қаншалықты кең тарағанын ескере отырып, қаламызда осындай орталық ашуды ұйғардық. Мұнда балалардың футболмен айналысуына, оның қыр-сырын меңгеріп, санасына тоқуына барлық жағдай жасалатын болады, – деген аймақ басшысы аталмыш орталық биыл аталып өтілетін Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойына да орайластырылып ашылып отырғанын тілге тиек етті.

Салтанатты шараға арнайы келген еліміздің футбол федерациясының спорттық директоры Анатолий Юревич те жаңа орталық шығыстағы талай-талай дарынды баланың бағын ашатынына сенімін білдірді. Ол сонымен қатар, жас
футболшылар үшін бұл мекеме екінші үйі сияқты болуы керектігін, мұнда жай ғана доп теппей, тәлімгерлердің интеллектуалдық жағынан дамуына зор мән берілетінін ерекше атап өтті.

– Сіздерден болашақта Роналду мен Месси сияқты футбол саңлақтары шығады деп үміттенемін. Тек ерінбей, еңбектенсеңіздер болғаны. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ, – деген ол жылы лебізімен «Восток» стадионының жасыл алаңында қаз-қатар тізілген жеткіншектерді бір рухтандырып тастағандай болды.

Нұржан Кенжеұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив