KZ
Өскемен
туман Штиль
479.38 531.63 5.27

Бесқарағайлықтар Алтай өлкесінде киіз үй тікті

23.04.2013, 18:00 70


Ресейдің Алтай өлкесіндегі Михайлов ауданының орталығында «Достықтың гүлдестесі» атты өлкелік фестиваль өтті. Осы мерекеге аталған ауданмен шектесіп жатқан Бесқарағай ауданынан құрамы сексенге жуық адамнан жасақталған үлкен делегация арнайы барып қайтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Негізінен орталық алаңда өткен мейрам бесқарағайлық жеткіншектердің орындауындағы «Қаражорға» биімен ашылды. Осы орталық алаңға бесқарағайлықтар күшімен – екі, ал сондағы қандастарымыздың күшімен бір қазақ үйі тігілді.

Фестивальға қатысушылар ұлтымыздың қолөнері мен салт-дәстүрін кеңінен қамтыған мұражай іспеттес қазақ үйін қызыға тамашалады. Мұның сыртында бесқарағайлықтар фестиваль қонақтарына, жалпы қалың жұртшылыққа қазақы қонақжайлықпен наурыз көже, палау, бауырсақ, тағы басқа да ұлттық тағамдарды тегін ұсынып жатты. Көршілес екі аудан бірігіп өткізген көктемгі жәрмеңке де жұртшылық көңілінен шықты.

Осы екі аралықта волейболдан екі аудан ардагерлері арасында жолдастық кездесу өтті. Осы жолғы Наурыз мейрамында ат бәйгесі де ұйымдастырылды. Оған ат қосу шарасынан бесқарағайлықтар да сырт қалмады.

Мұнан кейінгі басты шара аудандық мәдениет үйінде өтті. «Жаңа күн» деп аталатын мазмұнды да тартымды концерттік бағдарламаны жиналғандар қызыға тамашалады. Оған Алтай өлкесінің жеті ауданымен бірге, бесқарағайлық өнерпаздар да зор белсенділікпен қатысты.

Мерекелік концерт соңында Бесқарағай және Михайлов аудандарының басшылары экономика, мәдениет, білім және спорт мәселелерін кеңінен қамтыған өзара меморандумға қол қойды. Бұл маңызды құжатта сонымен бірге екі аудан арасында туризмді дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады.

Дәулет Сейсенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив