Семей қаласындағы балалар мен жастар шығармашылығы Сарайында талантты балаларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Дарынды балғындарды құттықтау үшін Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева, мемлекеттік педагогикалық институттың ректоры Мақтағали Бектемісов және қалалық білім бөлімінің бастығы Гүлжан Алтынбекова келді.
Осы оқу жылында республикалық, облыстық, қалалық ғылыми жарыстарға Семей шаһарынан 726 оқушы қатысып, олардың 71-і I,II, III дәрежілі дипломдар иеленіп, жүлдегер атанды. Үздіктердің қатарында республикалық байқауда ғылыми жобаларымен алтыннан алқа таққан экономикалық лицейдің оқушылары Сырым Орымбаев пен Әнел Тұрғамбаева бар. Осы байқауда № 6 мектеп-гимназияның оқушылары Айым Нұрбаева мен Гульмира Аймақова күміс және қола медальді еншіледі.
Талдықорғанда өткен пәндік олимпиадада осы білім ошағының оқушылары Алена Сорокина, Әйгерім Сәдуова, Жамал Маратова, Кирилл Просоленко, экономика лицейінің оқушысы Айнұр Әбдірахманова, №32 орта мектебінің оқушысы Шыңғыс Айдынов пен № 37 гимназияның оқушысы Шаныр Садритте ерекшеленді. Олардың жұмыстары қола медальдармен, диплом және сертификаттармен аталып өтті.
Балалар мен жастар шығармашылығы Сарайында өткен кездесу кезінде дарынды балаларға құрмет көрсетіліп, марапатталды.