KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 2 м/с, С
474.26 514.48 5.43

Студент жастар арасында тіл шебері анықталды

9.04.2013, 18:00 379


Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен халықтар Достығы үйінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» атты конкурс өтті , деп хабарлайды Altaynews.kz

Аталмыш конкурс үш тілді жетік меңгерген жастарға қолдау көрсетуді, мемлекеттік тілдің қолдану мәртебесін арттыру және «тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасына сәйкес көп тілділікті насихаттауды мақсат етті. Бұл сөз зергерлерінің сайысында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Қазақстан-Американдық Еркін университеті, Шығыс Қазақстан аймақтық университеттінің және Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері бақтарын сынады.
Студент жастар арасында тіл шебері анықталды
«Ұлттаным», «Мәдениеттаным», «Елтаным», «Өнертаным» кезеңдері бойынша бәсекеге түскен жастар әртүрлі деңгейде өз біліктіліктерін көрсетті. Алайда олар осы біліктіліктерін жете таныта алмады. Мәселен, Ұлттаным кезеңі бойынша қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары жөніндегі сұрақтарға мүдіре жауап берді. Тіпті, білікті деп бәйгеге қосқандардың кейбіреулері Шоқан Уәлихановтың шын есімін білмей, енді бірі Ата заңымыздың, ел тарихындағы елеулі оқиғалардың мән-мағынасын ашып айтып бере алмай, тосылды. Дегенмен намыс қамшылады ма, жастар қалған үш кезеңде өздерінің тілдерді меңгеру деңгейін, көркем мәнді оқу шеберліктерін, үш тілді орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеу қабілеттері мен сахналық мәдениеттерін көрсетуге тырысты.

«Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Әр ұлт өкілдерінің жастары қатысқан бұл байқаудың маңызы мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар орыс және ағылшын тілін меңгерген жастардың мүмкіндігін саралау болып табылады»– деді Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басқарма секторы Бақытжан Сағынқызы.

Конкурс нәтижесі бойынша 3 орынды Екатерина Орлова, 2 орынды Шыңғыс Сағдашев, ал 1 орынды Айсұлу Абдыбаева иеленсе, бас жүлдені Д.Серикбаев атындағы ШҚМТУ-дың магистранты Бақыт Злобин жеңіп алды. Конкурстың жеңімпазы атанған Бақыт Злобин облыстық байқауға жолдама алды.

Жанаргүл Қожамкей

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив