KZ
Өскемен
+25°
ясно жел 1 м/с, С
474.26 514.48 5.43

ШҚО-да тіл шебері анықталды

7.09.2017, 03:06 221

Кеше Өскеменде «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-29 жас аралығындағы мемлекеттік қызметшілер мен жас мамандар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы өз мәресіне жетті.


-Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізіліп отырған бұл шараның мақсаты – үш тілді жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру. Жастар арасында тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, рухани бірлікті нығайту,-дейді тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.


Шараға өңіріміздің аудан, қалаларындағы іріктеу байқауларынан сүрінбей өткен жеті жеңімпаз қатысты. Облыстық сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Тұсаукесер» кезеңінің шарты бойынша үміткерлер қазақ тіліндегі сұрақтарға мүдірмей жауап беруі тиіс болды. «Болашақтың

энергиясы» тақырыбына арналған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің маңыздылығы, Алаш қозғалысының жетекшісі, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметі, өз заманында болашақ ұрпақтың қамы үшін «Бес асыл іс пен бес дұшпанды» білуге өсиет айтып кеткен ұлы Абайдың еңбектері, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жайлы сауалдар қойылған кезеңде Семей қаласы мен Абай, Аягөз, Зырян аудандарынан келген жас мамандар алғырлық танытып, жан-жақты білімді екендіктерін дәлелдеді. Әсіресе Зырян ауданындағы №9 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абылайхан Батырұлы «Отбасы-алтын діңгек. Қазіргі қоғамдағы отбасы қандай?» деген сауалға:- Отбасындағы тәлім-тәрбие баланың болашағын қалыптастыруда үлкен роль атқарады. Ғаламтордың кері әсері жас ұрпақтың санасын улап жатыр. Дамыған 30 елдің қатарына енуіміз үшін бәсекеге қабілетті білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеу керекпіз. Батысқа еліктемей, баланы жастайынан ұлттық салт-дәстүрге сай, өзінің ана тілін, дінін, мәдениеті мен тарихын санасына сіңіріп өсіру керекпіз. «Әлемді түзегің келсе өзіңнен баста» деген даналық сөз бар. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Әрбір ата-ана өз іс-әрекеті арқылы балаға үлгі болуы тиіс,-деп толыққанды жауап беріп, өңіріміздегі тіл жанашырларынан құралған қазылар алқасының оң бағасын алды.


Екінші «Ұлттаным» кезеңінде үміткерлер қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сауалдарға орыс және ағылшын тілдерінде жауап беріп, білім-біліктерін ортаға салды. Бұл кезеңде Семей, Риддер қалалары, Аягөз, Зырян аудандарынан келген жас мамандар өзге сайыскерлерден озық шығып, Алаш көсемдерінің қызметі, Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керей, қасіретті Желтоқсан оқиғасының басты қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, Шілікті жазығы мен Катонқарағайдағы қорғандардан табылған археологиялық қазбалар жайлы орыс, ағылшын тілдерінде сауатты әңгімелеп берді.


Соңғы шешуші «Өнертаным» кезеңінде қатысушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жаңылтпаштарды жаңылмай үш рет айтудан сайысқа түсті.


Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейінің педагог-психологы Мөлдір Мұстафина жүлделі 1-орын, Зыряндағы №9 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абылайхан Әлмаханов 2-орын, Риддердегі №орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айсара Кенжебаева 3-орынды иеленсе, Семей қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас маманы Мадияр Байтабанов бас жүлдеге ие болып, өңіріміздің «Тіл шебері» атанды. Барлық жеңімпаздар мен сайыскерлер шараны ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.


«Көз қорқақ, қол батыр» демекші, әу баста үштұғырлы тіл саясатына күдіктене, үрке қарағанымыз рас. Бірақ дәл бүгінгі сайыскерлердің қарым-қабілетіне, білім-біліктілігі мен бірнеше тіл үйренуге деген құлшынысына қарап кеудемізді қуаныш, мақтаныш сезімі кернегені рас.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив