KZ
Өскемен
+15°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
439.4 473.54 4.76

Жылдық жазылымда үздік атанған байланыс тораптарының бастықтары марапатталды

6.02.2013, 18:00 188


«Шығыс-Ақпарат» ЖШС өңірдегі «Қазпошта» акционерлік қоғамына қарасты пошта байланыс тораптары арасында облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттеріне бір жылға жазылу бойынша бәйге жариялаған болатын. Кеше бәйге нәтижесінде үздік атанған байланыс торабы бастықтарына арнайы мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар табыс етілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Шығыс-Ақпарат» ЖШС директоры Нұржан Қуантайұлы облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттеріне жазылу бойынша өткен жылы жарияланған бәйгеде өңірдегі пошта тораптарының ішінен Семей қаласы мен Жарма аудандық пошта байланыс торабы қара үзіп келіп, жеңімпаз атанып отырғанын жеткізді.

Жарияланған бәйге талабында бір жылға жазылуға ерекше көңіл аударылатыны құлағдар етілген болатын. Нәтижесінде, облыстық «Дидар» газетіне оқырмандардың бір жылға жазылуы бойынша Жарма ауданы белсенділік танытса, облыстық «Рудный Алтай» газетіне жазылу бойынша Семей қаласының көрсеткіші жоғары деңгейден көрінді.

– 320 мыңнан астам халқы бар Семей қаласы оқырмандарымен біз байланысымызды одан әрі нығайтамыз деген үміттеміз. Өйткені, Семей – өңірдегі әлеуеті ең жоғары қалалардың бірі. Сонымен қатар мұндағы тұрғындардың интеллектуалдық деңгейі биік, – деген «Шығыс-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Нұржан Қуантайұлы
Семей қалалық пошта байланыс торабының бастығы Манарбек Молдарахимовке үлкен алғыс білдіріп, диплом мен бағалы сыйлықты табыс етті. Мұндай сый-сияпатқа облыстық «Дидар» газетіне бір жылға жазылу бойынша үлкен нәтижеге қол жеткізген Жарма аудандық пошта байланыс торабының бастығы Дуғазы Какиманов та ие болды.

– Қазақта «озған халық өзінің тарихын таспен жазады, тозған халық тарихын жаспен жазады» деген жақсы сөз бар. «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттері – бұл халықтың рухани азығы, облысымыздың айнасы. Соңғы кездері біздің Жарма ауданы тұрғындарының «Дидар» газетіне деген қызығушылығының күрт артып отырғанын ерекше айтқым келеді. Газет таралымын одан әрі көтеру – біздің міндетіміз, – деп ағынан жарылды Жарма аудандық пошта байланыс торабының бастығы Дуғазы Серікқазыұлы.

– «Қазпоштаның» көп жылдардан бері өздеріңізбен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Мен өзім де осы салада қырық жылдан астам уақыт тер төгіп жүрмін. Баспасөзге жазылу науқанының не екенін жақсы білеміз. Бұл – біздің жұмысымыз. Пошташыларға да үнемі газет-журналға халықты бір жылға жаздырып алған дұрыс болады деп айтып отырамын. Еліміздің үлкен қалаларында қазір бір жылғы жазылымға ерекше көңіл аударылып жүр.
Мысалы, Павлодар секілді қалада газет оқырмандарының 80 пайызы газет-журналға бір жылға жазылады екен. Бұл өте тиімді тәсіл деп ойлаймын. Оның үстіне «Рудный Алтай» мен «Дидар» газеттерінің де сапасы артып, тұрғындардың қызығушылығын оятуда. Бізге осындай құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасап жатқандарыңызға үлкен рақмет, – деді Семей қалалық пошта байланыс торабының бастығы Манарбек Молдарахимов.

Үздік деп танылған пошта тораптарының бастықтары алдағы жылы да қос газеттің таралымын кеңейтуге ерекше ат салысатындарын айтып, газет ұжымына игі тілектерін білдірді.


Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив