Аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор
сурет редакция архивінен
Биыл өңіріміздегі аграрлық маусым ыстық және құрғақ болады деп болжанып отыр. Сондықтан агроөнеркәсіп кешені секторында топырақты минералды қоректендіруге, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуге және арнайы техника паркін жаңартуға баса назар аударылмақ. Сондай-ақ, өңірдегі егіс алқаптарын әртараптандыру мәселелері де ерекше бақылауда. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы жайлы ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ажар Қажыбекова айтып берді.
Жалпы, облыста егіс алқаптарының құрылымын өзгерту Жол картасын іске асыру шеңберінде жоғары рентабельді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру қажеттілігіне байланысты.
– Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдар кезеңінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту туралы тапсырмасы бойынша, өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдары алып жатқан егіс алқаптары 645,1 мың гектарды құрайды. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда көрсеткіш 6,7 мың гектарға артады деп болжануда, – деді Ажар Қажыбекова.
Егіс құрылымы
Жол картасы аясында биыл облыста 4,2 мың гектар алқапта дәнді дақылдар өндірісін қысқарту көзделгені атап өтілді. Ал майлы дақылдарды 6,8 мың гектарға, сондай-ақ ерекше сұранысқа ие жемдік дақылдарды 3,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.
Осылайша, егістік алқаптарының болжамды құрылымы төмендегідей болмақ.
– Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 283,4 мың гектар. Олардың жалпы егіс көлеміндегі үлесі 44 пайызды құрайды. 2023 жылы үлесі 45,4 пайыз болды, оның ішінде 187 мың гектары бидай,-деді Ажар Қажыбекова.
Басқарма басшысының айтуынша, майлы дақылдарға 219 мың гектар бөлінеді, олардың үлесі болжам бойынша 33,9 пайызды құрайды. Жемдік дақылдар 125 мың гектар жерге егіледі, олардың үлесі 19,4 пайыз болады.
Картоп алқабы бұрынғы деңгейде қалады-11,6 мың гектар. Оның үлесі 1,8 %. Көкөніс және бақша дақылдарының мөлшері де былтырғы дейңгеймен шамалас-6,1 мың гектар, оның үлесі 0,9 пайызды құрайды.
Топырақты тыңайтпақ
Сарапшылардың пікірінше, тұрақты құрғақшылық жағдайында жерден жақсы өнім алу үшін топырақты құнарландыру жұмыстарының маңызы зор. Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі көбінесе минералды тыңайтқыштарды қолданудың негізделген нормасына байланысты.
- Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін Жол картасы бойынша 46,8 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу қажет. Ол үшін біздің министрлік тыңайтқыштарды форвардтық сатып алу тетігін әзірледі, сондай-ақ субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, отандық зауыттарды субсидиялау есебінен аванстық төлемді жүзеге асыру көзделген, – дейді Ажар Қажыбекова.
Бүгінгі таңда минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыттармен 15,5 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге келісім-шарттар жасалып, оның ішінде 10,1 мың тоннаға жуығы жөнелтілген. Сатушылардың ақпараты бойынша, көктемгі егіс жұмыстарының басталуына қарай тыңайтқыштарды жөнелту толық көлемде жүзеге асырылатын болады.
Басқарма басшысы айтып өткендей, сатып алынатын минералдық тыңайтқыштардың 63% екі түрге - аммиак селитрасы мен аммофосқа тиесілі. Қазақстанда оларды «ҚазАзот» АҚ және «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорындары өндіреді.
Техника және жанар-жағармай
Басқарма дерегіне сүйенсек, облыс шаруашылықтарында тракторлардың, егіс және топырақ өңдеу техникаларының қажетті саны бар. Техникалық парктің дайындығы 96 пайызды құрайды. Жаппай егіс жұмыстары басталғанға дейін жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, өңірде көктемгі дайындық жұмыстарына 14 198 трактор, 5 128 жүк көлігі, 4 359 соқа, 2 691 қопсытқыш, 4 369 сепкіш және 125 егіс кешені шығарылады.
Фермерлер үшін жақсы қолдаудың бірі - арзандатылған жанар-жағармай екендігі даусыз. Биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде диқандарды жанар-жағар маймен отандық мұнай-химия кәсіпорындары қамтиды.
- Облыс фермерлері үшін Павлодар мұнай-химия зауытынан 14 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны жөнелтілді. Бұл көлем наурыздан маусымға дейін бөлінеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арзандатылған дизель отынының бір литрінің бағасы 250 теңгеден аспайды, - деді Ажар Қажыбекова.
Элиталық тұқымға ден қойылады
«Не ексең, соны орасың» деп бекерге айтылмаған. Облыс фермерлерінің осы жылғы егіс науқанына тұқымға жалпы қажеттілігі 71,8 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 60 мың тонна дәнді дақылдар, 3 мың тонна майлы дақылдар, 0,8 мың тонна жемдік дақылдары және 8 мың тонна картоп.
Бейінді басқарманың ақпараты бойынша, өңірдің барлық шаруашылықтары сапасына мән бере отырып, тұқыммен толық қамтамасыз етілген.
– Былтырғы жылы 8,9 мың тонна элиталық тұқым себілді, бұл 12,7 пайызды құрады. Жол картасын іске асыру аясында биыл 9,3 мың тонна егіп, осы көрсеткішті 12,9 пайызға жеткізу жоспарланып отыр,– дейді Ажар Қажыбекова.
Барлық тұқым материалы егіс жұмыстары басталғанға дейін сапалық көрсеткіштерге тексеріледі.
«ҚазАгрЭкс» Шығыс Қазақстан филиалының деректері бойынша, осы жылы тексеруге 59,4 мың тонна дәнді дақыл тұқымы түсті, бұл қажеттіліктің 83%-ы. Барлығы 57,1 мың тонна тұқым тексерілді. Оның 56,9 мың тоннасы немесе 99,6% кондициялы тұқым болып саналады.
Агроөнеркәсіп кешеніне арналған субсидия
Егер әлемде мұнай мен мұнай өнімдері экономиканың қан тамырларын бейнелейтін болса, онда қаржы оның мәңгілік қозғалтқышы десек, артық айтқандық болмас.
Ресми деректер бойынша, өңірде көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен 4,1 миллиард теңге субсидия бөлу көзделген.
– Атап айтқанда, тұқым шаруашылығын қолдауға 1,121 миллиард теңге қарастырылған. Минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 1,651 миллиард теңге, пестицидтердің құнына – 1,301 миллиард теңге салынды. Сонымен қатар, облыс бюджетінде суару суын жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 16 миллион теңге қарастырылған, - деді басқарма басшысы.
Бейіндік басқарманың мәліметінше, аграршыларда минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялауға қосымша қажеттілік қалыптасқан. Осыған байланысты облыс әкімдігі жергілікті және республикалық бюджеттер есебінен 1,1 миллиард теңге сомасында субсидиялар бөлуге бюджеттік өтінімдер жолданды.
Қаржылай-техникалық қолдау
Шығыс Қазақстанның даму институттары да көктемгі дала жұмыстарына дайындықтан тыс қалмайды. Егіс науқанын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы арқылы үш миллиард теңгеге жуық несие қаражаты бөлінді. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша несиелеуге 1,5 миллиард теңге, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша – 1,5 миллиард теңге қарастырылған.
– Ағымдағы жылдың басынан бастап «Кең дала» бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңге сомасына 22 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Тағы да осынша субъект «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1,1 миллиард теңге сомасына несиеленді, - деді Ажар Қажыбекова.
Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ШҚ филиалы арқылы техника мен жабдықтар лизингіне 3 млрд. теңге қарастырған. Жыл басынан 2,9 млрд. теңгеге, оның ішінде 1,5 млрд. теңгеге көктемгі егіс жұмыстарына арналған 96 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға шарттар жасалды.
Барлық несие қаражаттары пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып, жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерде берілетіндігін атап өткен жөн.
Су қоймалары жөнделеді
Жақында республика деңгейінде облыс басшылығының қатысуымен кеңес өтті. Онда су қоймаларын, атап айтқанда Зайсан мен Тарбағатай аудандарындағы Үйдене и Қандысу өзендеріндегі ірі гидроқұрылыстарды жөндеу мәселелері қаралды.
Өңір әкімді таяу болашақта егіс алқаптарын суаруды ұйымдастыру, суармалы егіншілікті дамыту үшін олардың әлеуетін пайдалану бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыт басқа салаларға да оң әсерін тигізеді.
Мәселен, Үйденедегі бөгет бастапқыда су энергиясы есебінен электр энергиясын өндіруге арналған. Бірақ қазір бұл өзенде қандай да бір жолмен жетіп, сәтті бейімделген балықтар бар. ШҚО ғалымдары мен балық өсірушілері осы тәжірибеден Марқакөл ұшқыш (ускуч) балығын қолға үйрету және оны зертханалық жағдайда өсіру жобасын жүзеге асырғаны белгілі. Бұл жетістік Шығыс Қазақстан облысының аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласындағы бай әлеуетінің пайдасына тағы бір дәлел бола алады.