Бүгін Өскемен қаласында 320 автобустың 165-і және 75 шағын автобустың 51-і ғана айналымға шықты. Басты себептері – жанар-жағармайдың, двигательдердің қатты аяздан қатып, істен шығуы болып тұр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы ең жиі жүретін маршрут әзірге, студенттер қалашығы мен Красина шағын ауданы арасында қатынайтын 7 автобус, 5-10 минуттан артық тоспайсың. Ең нашар қатынайтындары 39,42 автобустар. Өскемен қалалық жолаушыларды тасымалдау орталығы мамандарының айтуынша, Ақмер мен аэропорт аумағында ауаның температурасы өте төмен болғандықтан, әупірімдеп жеткен көлік сол жерде сынып, қайтуға жарамай қалады екен.
-Әрине, біз көліктердің барлық бағыттарда біркелкі жүруін мүмкіндігінше қамтамасыз етуге тырысамыз. Бірақ бір тасымалдаушының транспортын екінші бағытқа алып бере алмаймыз. Егер екі бағытқа да бір тасымалдаушы қызмет көрсететін болса, олардың автобустарын бір бағыттан екіншісіне ауыстыра аламыз. Мысалы, бүгін бірнеше 12 автобусты 42 автобустың бағытына жіберуге мәжбүр болдық. Ал 7 автобусты ол бағытқа ала алмаймыз, өйткені тасымалдаушылары бөлек, - дейді мамандар.
Таңғы 6.00-де облыс орталығында -40 градус аяз болды. Синоптиктердің болжамы бойынша сарышұнақ аяздың беті тек келесі аптаның ортасында ғана қайтпақ.