KZ
Өскемен
+7°
пасмурно жел 1,2 м/с, ОБ
441.58 480 4.86

Қазақ киносы мэтрі жайлы фильм

10.12.2012, 18:00 116


Жамбыл атындағы облыстық драма театрында КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті.

Ұлтымыздың өнерінің асқар тауы Асанәлі Әшімов жайында түсірілген бұл деректі фильмнің режиссері Бақыт Ғафу – қазақтың көрнекті ақындарының бірі Ғафу Қайырбековтің ұлы екенін айта кеткеніміз орынды болар. Фильм ә деп басталғаннан-ақ көрерменін өзіне баурап алады. Айна алдында грим жасатып отырған ұлы актерді көргенде-ақ көрермен қауым режиссердің осынау көрініс арқылы көп нәрсе айтқысы келгенін бірден бағамдағандай болады.
«Адам – өмір сүрген ортасының айнасы» деген сөз бар. Ал сахнада сан алуан рөлдерді сомдап, небір образға енетін актердің шынайы бейнесін біз қарапайым ғана айнадан көре аламыз ба? Сөйтсек, біз білетін Асанәлінің біз білмейтін қырлары көп көрінеді.

Бүгінде халқы ерекше аялайтын, құрметтейтін халық әртісінің өмір жолы тақтайдай тегіс емес екен. Оның да балалық шағы соғыс жылдарына тап келіпті. Жоқшылықты да көп көрген. Бірақ қандай қиыншылық көрсе де ешқашан сағы сынған емес. Міне, бозбала жігіт арманның арғымағын ерттеп, Алматыға ат басын тіреді. Актерлік жолды таңдады.
Бірақ осынау мамандықты таңдаға-нымен, ауылдағы туған-туыстарына айта алмай, қысылып көп жүретіні де қазақы ортаға таныс мінез. Десе де алған бетінен қайтпайтын бірбеткей жігіттің өнер жолындағы ізденістері сәтті басталады. Театр мен киноны қатар алып жүрген актер шеберлігіне талай жұрт тәнті болады. Әсіресе, Әшімов сомдаған «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан, «Атаманның ақырындағы» Қасымхан Шадияров образдары өнер адамын зор абыройға бөлейді. Қазақ өнерінің жарық жұлдыздарымен иық тіресе бірге қызмет етеді.
«Маған тек қана жақсы адамдар жолықты, дұрыс жол, дұрыс бағыт нұсқады» деп ағынан ақтарылады деректі фильм-де Асанәлі Әшімовтің өзі. Бұл да болсын тағдырдың үлкен сыйы екені сөзсіз. Деректі фильмді түсіруші режиссер Асанәлі Әшімовті актер ғана емес, адам ретінде де көрсетуге ұмтылған. Қуаныш пен қайғы, бақ пен сор оған да ортақ. Таңдап сүйген жары Майрадан айырылуы оның өміріндегі ең үлкен соққы болғаны сөзсіз. Кейіннен тағы да қос ұлы Сағи мен Мәдиден, туған анасынан айырылып, зар илеп қалады. Десе де Асанәліні өмірге қайта әкелген, бойына жігер берген тағы да өнер болатын.

– Сырттай қатал көрінгенімен, оның жан дүниесі нәзік, – дейді Асанәлі Әшімовтің қазіргі жұбайы Бағдат.
Халық әртісінің қазіргі өмірінің әрін келтіріп жүрген де жұбайы Бағдат пен ұлы Асанәлі. Деректі фильмде Асанәлі олардың тағдырына алаңдайтынын да жасырмайды.

– Мені мынау өмірде қолдап, қорғайтын бір періштем бар. Ол өзімнің атам, – дейді Асанәлі Әшімов.
Деректі фильмнен кейін облыс Әкімінің атынан ықылас гүлі табыс етілді.

– Әрбір адамның өмірінде еңбектің алатын орны зор. Адамды адам ететін де – еңбек, мақсат, арман. Фильмнен көргеніміздей, Асанәлі ағамыздың өмірі әрбір азаматқа үлгі, үлкен сабақ. Егер әрбір азамат осы Асанәлі ағамыз секілді өмір сүріп, Отанына, халқына қалтқысыз қызмет етсе, ол азаматтың арманы болмайды, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Жетімдіктің тауқыметін тартып өскен қазақтың қара баласы өзінің еңбегімен, өзінің талпынысымен алдына қойған арманына жетіп, соңына өшпес із қалдырып келеді. Өмір тек қуанышты сәттерден ғана тұрмайды. Оның қиындығы да көп. Өкінішке қарай, оны әрбір азамат жеңе білмейді. Біз үшін Асанәлі ағаның өмірі үлгі-өнеге болуға тұрарлық дей келе, облыс Әкімі КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовке зор денсаулық, отбасына бақыт, шығармашылық табыс тілеп, шапан жапты.

Өз кезегінде Асанәлі Әшімов те сах-наға шығып, залда жиналған қауымға ризашылығын жеткізді.
– Мен өзі бұл өңірге қуана-қуана келемін. Өйткені, бұл жер мен үшін ерекше ыстық. Өнерімнің бастау алған жері де – осы өңір. Сонау 1956 жылдары Бұқтырманың бо-йында «Асау Ертіс жағасында» атты киноға түскенмін, – деп өткен күнді есіне алды.

Театр және кино өнерінің саңлағы көрермен қауыммен алдағы жоспарлары жайында да ой бөлісті. Алдағы уақытта көпшіліктің сүйікті актері ойнайтын «Сіз кімсіз, Ка мырза» фильмі өз жалғасын табуы әбден мүмкін.

Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив