KZ
Өскемен
-3°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
485.04 525.98 5.04

Глубокое ауданындағы аурухана биыл салынып біте ме?

12.10.2012, 18:00 128


Глубокоелықтарды осы сұрақ алаңдатып отыр. Өйткені жанында емханасы бар ірі аурухана кешені құрылысының әлі іргетасы да толық қаланып бітпеген, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Глубокоедағы әбден тозған, апатты жағдайдағы аудандық аурухана биылғы сәуір айында құлап қалуға шақ қалғанда ішіндегі науқастар шұғыл түрде өзге жерге көшіріліп, біразы үйлеріне қайтарылып, аурухана бір-ақ күнде жабылған болатын. Облыс Әкімінің қолға алуымен республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, көп күттірмей маусым айында жаңа аурухананың құрылысы басталып та кеткен еді. Мердігер компания бұл нысанды желтоқсан айының соңына дейін салып бітіруді міндетіне алған.

Құны 1 миллиард 800 миллионға бағаланған нысанды салуға бюджеттің қаражаты тоқтаусыз бөлініп жатыр. Алайда Глубокое кентінің тұрғындары құрылыс қарқыны мәз емес екендігін айтып, алаңдаушылық білдіруде. Қыс болса қыр астында тұр.

Салынып жатқан аурухана құрылысының басына барғанда жағдайды көзбен көрдік. Бірнеше корпустан тұратын аурухана кешені құрылысының іргетасы да әлі толық қаланып бітпепті. Ескі аурухананың жартысы бұрынғы бұзылмаған қалпында тұр. Мердігер «Құмаров и К» кәсіпорнының осы арадағы құрылыс учаскесінің бастығы Ермек Шабанов онда өздерінің құрылысшылары тұрып жатқандығын айтты. Басқа тұрғызатын жер жоқ болған соң әдейі бұзбай отырған көрінеді.

– Келесі аптада бірінші стационардың жертөлесін жабамыз. Тіреуіш-діңгектерді жерге қағу жұмыстары көп уақытты алды. Осы жердің батпақты болып келуіне байланысты тіреуіш-діңгектерді жердің ойнамалылығына төтеп бере алатындай бірнеше метрлік тереңдікке бойлата қағып жатырмыз. Осының өзі талай уақытымызды алып қойды. Қазір жұмыстың он пайызы атқарылып, бітіп отыр. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімшілігінен арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, атқарылған жұмыстарды апта сайын тексеріп, қатаң қадағалап отыр, – деген учаске бастығы Ермек Шабанов аудан жұртшылығына алаңдайтындай негіз жоқ екендігін, аурухана құрылысын көрсетілген мерзімінде, желтоқсан айында бітіретіндерін айтты.

Оның айтуынша, құрылыс кестеден жарты айға ғана кешіктіріліп жүргізіліп жатыр. Қазір құрылыс басында 98 адам жұмыс істейді. Техника күші жеткілікті. Осылайша төрт айда жұмыстың небары 10 пайызы бітсе, қалған 90 пайызы үш айда біте қоя ма? Оны алдағы уақыт көрсетеді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив