KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
484.37 531.06 5.05

Семейде «Ертіс әуендері» қалықтады

4.10.2012, 18:00 179


Семейде «Ертіс әуендері» атты дәстүрлі орыс өнерінің фестивалі болып өтті. Биыл оныншы мәрте өткізіліп отырған фестивальді ұйымдастырушы орыс мәдени-ұлттық орталығына да 10 жыл толып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мереке Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайында бастау алды. Фестивальге келген қонақтарды Семей пединститутының проректоры Михаил Панин құттықтады. «Фестиваль жыл сайын барлық қатысушыларға өздерінің вокал, аспапта ойнау, би билеу саласы бойынша өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдегі орыс ұлтының өкілдері бір-бірімен етене араласып, өздерінің түпкі мәдениеттерін ұмытпайды» деді ол. Фестиваль аясында Невзоровтар отбасы мұражайын-да халық шығармашылығы көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме 2006 жылдан бері өткізілуде. Биыл қолданбалы және сәндік-қолданбалы өнерге көп көңіл бөлінген. Мұнда 300-ден астам жәдігерлер қойылған, олардың қатарында тақтай, әйнек бетіндегі безендіру, моншақ және табиғи материалдардан жасалған бұйымдар, батик, кесте, керамика, пэчворк, коллаж, флористика, құрғақ илеу, квиллинг және тағы басқаларына айрықша орын берілген.

Сонымен қатар, полимерлiк саздан жасалған бұйымдар, газет қағазынан өрілген себеттер және кісі бойлы қуыршақтар орыс мәдениетін айшықтаумен қатар, адам көзін қызықтырып, өзiндiк ерекшелiктерімен назар аударды. Көрмеге қатысқан сексен шақты автордың ішінде кәсiби суретшiлер, халық ұсталары, Усть-Таловка ауылының балалар өнер мектебі, Шемонайха ауданының өнер мектебі және Шүлбі ауылының мектептері өзгелерден біршама алда тұрды.

Бұдан кейін Ресей мен Қазақстанның 19 қаласынан келіп бас қосқан өнер иелері өздерінің ән-билерін ортаға салды. Новоалтайск қаласынан келген «Русские узоры» ансамблінің жетекшісі Валерий Денисовтың еңбегі жоғары бағаланып, өз ұжымымен Гран-приді иеленді. Бұлардың қатарында семейлік «Истоки» хоры, жетекшісі Александр Барабанов, өскемендік «Русские песни» хоры, жетекшісі Анатолий Костюк, Алтай өлкесінің еңбек сіңірген орыс халықтық хоры «На просторах Алтая», жетекшісі Владимир Невидомый, Бийск қаласынан «Голоса Сибира» халықтық орыс хоры, өскемендік «Инкора» вокалды тобы, Бийскіден «Сказ» ұжымы оза шауып бәйге алды. Мың жарым адам бақ сынаған дүбірлі додаға шет елдерден 450 қонақ тамашалауға келді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив