KZ
Өскемен
+17°
небольшой проливной дождь жел 1 м/с, С
472.57 508.34 5.4

Қазақстанда қайта тіркелмеген діни құрылымдар жабылады

27.09.2012, 18:00 255


Еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінде етек алып бара жатқан экстремистік бағыттағы теріс ағымдардың зардаптары жұртшылықты толғандырмай қоймайды. Осы орайда өңіріміздегі барлық діни бірлестіктер мен олардың бөлімшелері қайтадан мемлекеттік тіркеуден өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры Манарбек Мұхамеджанов өткізген баспасөз мәслихатында Шығыстағы діни ахуал, ел тыныштығына кері әсерін тигізіп, қоғамның құтын қашыратын теріс пиғылдағы ағымдар жайында кеңінен сөз болды. Салыстыру үшін алатын болсақ, 1991 жылы өңірімізде 35 діни бірлестік болса, бүгінде оның саны 365-ке жетіп отыр. Оның 201-і ислам, 38-і православтық, 6-уы католиктік, 111-і протестанттық, 3-уі иудаизм және 6-уы дәстүрлі емес қауымдастықтар. Осы құрылымдардың қарамағында 274 діни ғимарат жұмыс істейді. Бұдан басқа өңірімізде тағы 14 мешіт, 4 право-славтық, 1 евангелия шіркеуі салынып жатыр.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тіркеуден және қайта тіркеуден өту үшін 184 мешіттің құжаттары тапсырылыпты. Оның 82-сі жуық арада куәліктерін алады. 36 православтық діни бірлестіктің 17-сі, 111 протестанттық бірлестіктің 20-сы ғана құжаттарын өткізген. Облыстық дін істері департаментінің директоры М.Мұхамеджановтың айтуынша, діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеу 24 қазанда аяқталады. Аталған мерзімге дейін тіркелмеген діни құрылымдар соттың шешімімен жойылады. Сондықтан өңіріміздегі барлық діни бірлестіктер тиісті құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруы тиіс. Тапсырылған құжаттар орталықтан кейін әділет департаментінен өтіп, дін істері департаментінде арнайы діни сараптамадан өткізіледі.

Бүгінде экстремистік-террористік бағыттағы ұйым деп танылған 15 діни ағымның жұмысына тыйым салынды. Оның ішінде орталығы Семейде орналасқан «Сенім. Білім. Өмір» ұйымы да бар. Бұл республикалық қоғамдық бірлестіктің қызметі 7 маусымдағы сот шешімімен тоқтатылған.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануымен мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталды. Шетелдерден қаржыландырылатын, белгілі бір саяси мақсатты көздейтін, ұлтара-лық қарым-қатынасқа қауіп төндіретін ұйымдарды жергілікті әкімдіктер, тиісті органдар тұрақты бақылауда ұстайтын болды. Діни экстремизмге қатысы барлар үшін қазір жаза қатаң.

Олар алты жылдан бастап бас бостандығынан айырылып, заңды бұзған діни ұйымдарға 80 мыңнан 700 мың теңге
дейін айыппұл салынады. Тағы бір атап өтерлік жайт, бұдан былай көшеде тегін діни кітаптар таратуға тыйым салынады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив