KZ
Өскемен
+20°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

«Еураз-шоу» ерекше кеш сыйлады

14.08.2012, 18:00 220


Өскеменде салынып жатқан сәулетті мешіттің құрылысына өңіріміздегі өнерпаздар да өзіндік көмектерін көрсетіп жатыр. Семей қаласындағы «Еураз-шоу» ән-би театрының шығармашылық тобы облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында «Шығысым – Еуразия кіндігінде» атты концерт өткізді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ғибрат Азубаев басшылық ететін ұжым Өскемен халқын өнерлерімен тәнті етті.
Кейбір оқырман «Еураз-шоу» деген қайдан шыққан театр?» деп қалуы мүмкін. Араға он алты жыл салып, ортамызға оралған шығармашылық ұжым туралы айта кетейік.

1995 жылы өңіріміздегі ұлылар елінде Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай ұлан-асыр той өткені белгілі. Сол торқалы тойдың құрметіне осы театр құрылған-ды. Топ мүшелерінің сөзіне қарағанда, бұл өнер ошағының атақ-даңқы мен беделі бір кездері Алматыдағы «Гүлдер» ансамблінен еш кем болмаған көрінеді. Бірақ, торқалы тойдың дүбірі тарқаған соң «аты бар да, заты жоқ» болып қала берген...

Ағымдағы жылы бұл мәселе облыстық мәдениет басқармасының тарапынан қайта қаралып, оның шашырап кеткен әртістерінің басын құрау үшін театрдың екі тізгін, бір шылбыры Ғибрат Азубаевтың қолына ұстатылған екен.

Әр жерде жүрген әнші, бишілерін қайта жинаған ол бүгінде Өскемендегі мешіттің қорына ақша аудару үшін өнерпаздарын ертіп, Риддер және Зайсан қалалары мен Көкпекті, Ұлан аудандарының көрерменде-ріне концерт беріп үлгеріпті.

– Біз бойына қайта қан жүгірген театрымыздың жолын «Алланың нұры жаусын!» деген мақсатта осы игілікті істен бастадық. Жаман емес, біраз ақша жиналды. Енді ол қаржының бәрін мешіттің шотына аударамыз, – дейді Ғибрат Азубаев.

Қалғып барып, қайта оянған өнер ошағының игілікті ісі мұсылмандарды бір қуантса, ондағы өнерпаздардың шығармашылығы көрермендерді тағы бір қуантты.
Қомақты қаржыға киім тіктірген өнер-паздар бір жарым сағаттық өнер кешінде сахналық киімнің сан түрін көрсетіп бақты. Олардың сөзіне қарағанда, бұл киімдерді Ресейдің беделді шеберлері мен Алматы және Астананың ісмер тігіншілері тігіпті. Тек Ғибраттың өзі жеті ән орындағанда жеті түрлі киім киіп шықты. Бұл жерде айтайық деп отырғанымыз, қызылды-жасылды матаға қызығу емес, өнерпаздарға бөлекше көңіл бөлініп жатқаны еді.

Кеш барысында көрермендерді сегіз қырлы, бір сырлы театр басшысынан басқа Мапруза Өтеуленова, Нұрлан Түтүнов сынды әншілер қазақ және шетел әндерін шеберлікпен орындауларымен баураса, Берік Омаров сынды әншілер қазақтың халық әндерін асқақтата салып, тыңдарманның алпыс екі тамырын иітті. Ал әрбір әнге әсерлі бейне бағыштаған «Еураз-шоу» бишілерінің қимылы қылдан нәзік көрінді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив