KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
483.23 534.74 5.12

Үш боксшымыз – жартылай финалда

8.08.2012, 18:00 231


8 тамызға қараған түні еліміздің бокс құрамасының серкесі Серік Сәпиев жартылай финалға сүрінбей өтті. Венесуэлалық Габриэль Хосе Переспен өткен ширек финалдық айқастың бірінші раундында біздің боксшы ойынды 6:2 есебімен аяқтады. Екінші раунд кезінде Сәпиев аяғы тайып, құлап қалды. Төрешілер мұны нокдаун ретінде есептеп, раунд 5:5 есебімен аяқталды. Әбден намысына тисе керек, соңғы раундта Сәпиев қарсыласын табаға салғандай қуырды. Оның ауа қармаған бір соққысына дөп тиген екі соққымен жауап бере отырып, 20:9 есебімен келесі кезеңге күмәнсіз өтті. Серіктің соңғы жекпе-жектерінен оның бокстасу мәнерінің аз да болса өзгеріске ұшырағанын көзі қарақты жанкүйерлер байқап үлгерді.

Енді алтынға барар жолда Серік Сәпиев ресейлік боксшы Андрей Замковоймен күш сынасады. Бұл салмақтағы тағы бір фаворит, әлем чемпионы Тарас Шелестюк француз Алексис Вастинді күмәнді жағдайда ұтты. Төрешілер үш раундта да қос боксшыға бірдей ұпайды теңдей «үлестіргенімен» қоймай, Алексистің соққылары «сауатсыз шықты» деген желеумен жеңісті украин боксшысына жазды. Бұл әділетсіздікке шыдамаған Франция өкілі шаршы алаңның ортасына жатып алып, әрең кетті.

Бұл күні грек-рим балуаны Дархан Баяхметов ширек финалға барар жолдан қайтса, байдаркашы Наталья Сергеева 9-дан 16-ға дейінгі орындар сарапқа салынатын «жұбаныш финалына» өтті.

Синхронды жүзу бойынша жарыста қазақстандық жұп – Айгерім Жескенбинова мен Анна Кулькина 12 финалшының қатарына кіре алмады.

200 метрге жүгіретін қазақстандық желаяқ Вячеслав Муравьев жартылай финалға шыға алмай, сегіз спортшыдан құралған топта жетінші боп келді.

Үш аттап секіру жарысының алдын ала іріктеу сындарында Евгений Эктов 16,31 көрсеткішімен 19-орын алса, Роман Валиев 21-орынға тұрақтады.

Кеше түнде үш бірдей боксшымыз жартылай финал жолдамасын сарапқа салды. 49 келі салмақтағы Біржан Жақып ежелгі қарсыласы қытайлық Зоу Шиминьмен жолықса, 64 келідегі Данияр Елеусінов италиялық Винченцо Манчикапрдің жолын тосып бақпақ. Ал 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов ирандық Эхсан Рузбаханимен бокстасады. Бұл күні Марина Вольнова АҚШ үкілеп қосқан Кларисса Шилдспен жартылай финалдық кездесуін өткізеді.

Дмитрий Каповтан үміт күтетіндер онсайысшының өнерін де осы күні тамашалай алады. Ол сайыстың бес түрінен іріктеу сындарына қатысады. Таэквандодан 58 келідегі Нұрсұлтан Мамаев египеттік Тамир Баюмимен кездессе, әйелдер күресінен Жұлдыз Ишимова мен Елена Шалыгина іріктеу жекпе-жектерін өткізеді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив