KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Жармалықтар да жәрдемдесті

28.07.2012, 18:00 144


Он екі айдың сұлтаны – Рамазан да басталды. Жүрегіне иман ұялаған әрбір мұсылман баласы хал-қадірінше Аллаға құлшылық жасауда. Аймағымыздағы азаматтар үшін биыл Аллаға құлшылық етудің тағы бір жақсы жолы туып отыр. Өскемендегі күмбезін күн сүйген алып мешіт құрылысына көмектесіп жүргендер – осы сөзіміздің дәлелі, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Облыс Әкімі Бердібек САПАР-БАЕВТЫҢ бастамасына үн қосып, мешіт құрылысына келген аудандар саны да апта сайын артып келеді.

Игілікті шараға Жарма ауданының елуден астам азаматы келді. Тепсе, темір үзетін жастардың кейбірі мемлекеттік қызметкер болса, біразы – жеке кәсіпкерлер. Жұмысы қауырт жүріп жатқан еңбек майданына келген олар өздеріне жүктелген міндетті орындауға құлшына кірісті. Тіпті, олардың арасында құрылыстың «тілін» білетін мамандар да бар көрінеді. Жармалық сауапшыл жастарға бағыт-бағдар беріп, ақылын айту үшін ақсақалдар да ере келген болып шықты.

Жұмыс істеп жатқандардың мазасын алмайық деген мақсатпен ақсақалдарды әңгімеге тарттық.

– Өз басым облыс көлемінде осы мешіттен асатын ғимарат жоқ деп ойлаймын. Ол, тіпті, үлкендігі жағынан еліміз бойынша екінші мешіт болады деп те естідім. Егде тартқан біз үшін бұл – өте қуанышты іс. Біз тек осы жолғы көмекпен ғана шектеліп қалмайтын шығармыз. Себебі, жер жақын әрі әлі бір айдай уақыт бар. Жалпы, осы мешіттің тездетіп ашылуын күтіп жүрген тілеулестердің бірімін, – дейді облыс Әкімінің Жарма ауданындағы қоғамдық көмекшісі Төлеуберді Әубәкір.

Бұл күні жармалықтар білек түріп, қара жұмысқа ғана кірісіп қоймай, ірі қара сойып, құрылыс басында жүрген 310 адамға түстік ас берді. Сондай-ақ, олар қарқынды жүріп жатқан құрылысқа жетіспей жатқан қараған сыпыртқы да ала келіпті.

– Ынтымағы мен берекесі жарасқан жармалықтармен 30 жылдан бері бірге тұрып, біте қайнасып келемін. Қашанда жақсылыққа жаны құштар ақеділ халық бүгін де сол дәстүрінен танбай, осынау мешітке бір кісідей көмектерін тигізіп жатыр, – дейді Жарма аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейсенғазы Жылқыбаев.

Құрылыс алаңында бұл күні 30 мекемеден арнайы келген адамдар жұмыс істеп жатты. Ішінде өңірімізге белгілі ақсақалдар да жүргенін байқағанбыз. Сұрастырсақ, олар ЖМК-дағы №1 жергілікті өзін-өзі басқару комитетінен келген 25 ақсақал екен. Бұл, әрине, жастарға үлгі боларлық іс.

Бүгінде ғибадатхананың бірталай шаруасы атқарылып қойған көрінеді. Аманшылық болса, 5-тамызда жа-мағаттың құлшылық жасауына арнал-ған үлкен залдың әрлеу жұмыстары аяқталмақ. Мешіт құрылысына жа-уапты «Нұр Отан» партиясының тұрақты өкілі Есентай Сембиновтың сөзіне қараған-да, кейбір мердігер мекемелердің сылбырлығынан біраз жоба кестеден кешігіп қалыпты. Ол Жарма ауданынан келген азаматтар құрылыстың ең ауыр жерлеріне түссе де тартынбай, тайынбай істеп жатқанын айтады.

Иә, «Көп түкірсе – көл» дегендей, халықтың ынтымағы мен бірлігінің арқасында салынып жатқан ғибадатханаға әлі де болса біраз көмек керек. Себебі, бұл Шығыс елінің береке-бірлігіне қойылатын үлкен ескерткіш болмақ.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив