KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Өскемендегі Алла үйі алдағы бір жарым айда ел игілігіне берілмек

10.07.2012, 18:00 142


Өскеменде еңселеніп келе жатқан көлемі жағынан да, көрінісі жағынан да көлденең өткен көк аттыны бір қарататын Алла үйі алдағы бір жарым ай көлемінде ел игілігіне берілмек, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Біраз уақыт қаңтарылып қалған құрылысқа облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қайта жан бітіру үшін халыққа Үндеу тастағаны белгілі. Сол-ақ екен, ғибадатхананың бойына қайтара қан жүгіріп, соңғы екі айда оның маңы қаптаған қарақұрым адамға толды. Бұл тірлік күн сайын жалғасты.

Онда күнді түнге жалғап, жұмыс істеп жатқан мердігер мекемелердің, Үндеуге үн қосып келген мемлекеттік қызметкерлердің, сондай-ақ, «бір Алланың разылығы үшін» деп келетін еріктілердің де күн сайын қарасы үзілмейді.

Өткен күнімізге үңілсек, «асар» десе бойында қазақи рухы бар әрбір азамат білек сыбанбай қалмаған. Сол дәстүрді бүгін де өлтірмей сақтап келе жатқанын көрсетті мешіт құрылысына келген еріктілер.

Жұмыс қауырт жүрген маусым айынан бері бұл жерге еш шақырусыз-ақ әр күн сайын 3-4 адам келіп отырса, демалыс күндері бұл сан 15 адамнан асып кетеді екен. Солардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны, 61 жастағы Болат Дүкеев. Жұмыс күндері басқа жердегі құрылыста жұмысшы болып істейтін азамат демалыс күндері мешітке келіп, тер төгуді әдетке айналдырыпты.

Осы құрылыстың басы-қасында жүрген «Нұр Отан» партиясының тұрақты өкілі Есентай Сембинов еріктілердің ішінде Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылының тұрғындарын ерекше атады. «Өздеріне жүктелген міндетті мейлі қай уақыт болса да, бітіріп кетеді әрі тыңғылықты істейді» деді ол көмекке келген қандастар туралы.

– Мен бұрын ары-бері өткенде «осы мешіттің құрылысы неге тоқталып қалды екен?» деп жүретінмін. Өткенде газеттен облыс Әкімінің жұртшылықты ортақ іске қатысуға шақырғанын оқып, қуанып қалдым. Содан бері екінші мәрте келіп тұрмын. Бүгін тағы екі қызды ілестіре келдім. Ел игілігі үшін істеліп жатқан мұндай жұмысқа күн құрғатпай келсе артықтық етпес, – дейді Шығыс ауылында тігінші болып істейтін Әлиман Мұхаметхан.

Бір қызығы, құрылысқа жауапты адамдар еріктілердің ішіндегі ерекше көзге түскендерін тиісті еңбекақысын төлеп, ары қарай жұмыс істеуге алып қалуға тырысады екен.

Бастабында «Күршім құрылыс» компания-сының құрамында жұмысшы болып келіп, қазір мешіт құрылысының электршісі болып жүрген Бидахмет Әлдебаев – осы сөзіміздің дәлелі. Бұл азамат «Алла сауапқа жазсын» деп, он күнін көмекке арнапты. Бидахметтің тері тек бұл мешітке ғана сіңбепті. Ол туған жері – Тарбағатай ауданының Қабанбай ауылындағы мешіттің осындай сауапты ісіне де орайлы күндерін арнапты. Тіпті, ол сонау Қарағандыда салынып жатқан мешіт құрылысына да қол ұшын беріп қайтқан көрінеді.

Бұл айтып отырғандарымыз – ғибадатханаға бір барғанымызда ғана жолыққан адамдар. Береке мен бірлігімізді көрсететін осындай істерде елім деген азаматтардың қатары көп болғаны қандай жақсы!..

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив