KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 2 м/с, СШ
465.52 498.2 5.45

Евгений ПЕТРОСЯН, Ресейдің халық артисі, сықақшы:- Ақылды көріну үшін біреуді әжуалау – нағыз ақымақтық

10.06.2012, 18:00 170


Шығыс Қазақстанда Ресейдің танымал сықақшысы, Ресей Федерациясының халық артисі Евгений Петросян болып қайтты. Оның сахнаға шыққанына биыл жарты ғасыр толады екен. Осы уақыт аралығында сатира мен күлкіні қойып, өмірдің өзі әлдеқайда өзгеріп кетті. Соған қарамастан, Евгений Петросянның өнері әлі күнге қалың жұртшылықты баурап келеді. Теледидардың қай каналын басып қалсақ та, сенбі-жексенбіде Петросянмен жолығамыз. Екінші рет естіген әзіл-оспақ адамды ығыр қылады десек те, дәл осы Петросянға келгенде оны тыңдаушылардың пікірі қашан да жоғары. Одан жалықпайтын сияқты. Осының сыры неде екен? Біз белгілі артиспен өткізген жарты сағатта осы сауалдарға жауап алуға тырыстық.

Мен түсінбейтін дүниелер өте көп

– Евгений Ваганович, бүгінгі тыңдарман мен осыдан елу жыл бұрынғы тыңдарманның айырмашылығы жер мен көктей екенін бәріміз де жақсы түсінеміз. Ал Сіз болсаңыз, солардың бәрінің көңілінен шығатын әзіл-сықақ айта аласыз. Бұл қалай?


– Бір кезде Ницше «Адам күлкіні көп қасірет көргендіктен ойлап тапты» деп тамаша айтқан болатын. Адам баласы қашан да көңіл көтеруге, күлуге дайын. Ал менің мақсатым – жай ессіз күлдірмей, әзіл-оспақты өмірдің әр-қырымен байланыстыра отырып, қоғамдағы келеңсіздіктерді кейде сынмен, кейде әзілмен ойнақы жеткізу. Әзіл өмірмен бірге өзгеріп отырады. Артист болса, қалың жұртшылықтың талғамын қалыптастыруға тырысуы керек. Халықтың мүддесін қорғайтын, оның көңіл-күйін дөп басатын әзіл-оспақ айтқанда ғана көрермен саған сенеді. Тағы бір құпиямды ашсам, өз шығармашылығымда жаңа көріністермен қатар римейктерді пайдалана бастадым. Біздің әзіл-сықақ кеңістігіндегі римейк дегеніміз – барлығының жадында жатталып қалған бір нөмір алынады да, біздің заманымыздың үлгісіне салынады. Мысалы, кезінде Михаил Задорнов мен үшін «Түсінбеймін...» деген дүние жазған-ды. Осы нөмірді ұза-а-ақ жалғастыра беруге болады, өйткені түсінбейтін жайттар күнделікті өмірде толып жатқан жоқ па?!

– Сіз шығысқазақстандықтарға қандай бағдарламаңызды ұсындыңыз?

– Су жаңа бағдарлама. Биыл менің шығармашылығыма жарты ғасыр толып отыр. Осыған орай «50 жыл сахнада» бенефисін дайындадым. Сіздер аталмыш концерттің алғашқы көрермені болдыңыздар. Кейбір нөмірлерді дәл кіммен бірге орындайтынымды әлі шешкем де жоқ. Бірақ шығысқазақстандықтарға алдағы мерейтойлық бағдарламамды толық көрсеттім.

– Соңғы кезде теледидардың қай тетігін басып қалсақ та, алдымыздан Петросян шығады. «Кривое зеркало», «Смехопанорама», «Шутка за шуткой» бәрінің жүргізушісі өзіңізсіз. Одан қалса, «Аншлаг» тағы бар. Көрерменді әзіл-оспақпен мезі қыламын деп қорықпайсыз ба?

– «Судың да сұрауы бар» демекші, күлкінің де орынды болғаны дұрыс. Бірақ көптеген телеарналар бізден сұрамай-ақ, көрерменді жинау үшін көңіл көтеретін бағдарламаларды оңды-солды қоя береді. Оның сапасына да қарап жатқан жоқ, неғұрлым көбірек болса деген пиғыл басым.

Жастарға ішкі мәдениет пен шеберлік жетіспей жатады

– Бүгінгі әзіл-сықақ сахна-сындағы жастардың орны қандай?

– Мысалы, кімді айтасыз?

– «Комеди клаб», «Наша раша» клубтарының өнерлерін қалай бағалайсыз?

– Аталмыш клубтағы жастар, сөзсіз, талантты. Бірақ мен олардың екі кемшілігін айтып бере аламын. Біріншісі – америкаланып кеткендері, яғни, ұятсыз дүниелерді сахнада ешбір қысылмастан айтып, көрсете береді. Екіншісі – актерлік мектептің жоқтығы. Егер олар өз шеберліктерін, ішкі мәдениеттерін арттырса, ең алдымен көрерменнің талабын қанағаттандыру қажеттігін түсінсе, бірдеңе шығар, бәлкім. Әр топтың сұранысқа ие орны болады. Жаңағы бағдарламалар қалың жұртшылық үшін емес, бір шағын топ, «тусовкалар» үшін. Бірақ менің олардың тәрбиесімен айналысу туралы ойым жоқ. ( Біз бұл сұрақты жаңағы бағдарламалардың айна-қатесіз көшірмесі – «Наша казаша» туралы білгіміз келгендіктен қойған едік.Сықақ жанры мэтрінің осы айтқандары біздің «Наша казашаға» да әбден келетін сияқты. Қазақты жер қылатын, ашықтан-ашық қорлайтын көріністерді қойып жүрген жастарымызға ең алдымен ішкі мәдениет пен рухани байлық жетіспейді екен. Авт.)

Көне кітаптарды көп жинағанды ұнатамын

– Бүгінгі әзілдің ерекшеліктері қандай?


– Көп нәрсені ғаламтордан оқуға болады. Интернеттегі әзіл-оспақтың авторы болмайды. Мысалы, менің жаңа бағдарламама келгендер жазып алып, ертеңінде ғаламторға тастай салса, болғаны.

– Петросяннан әзіл-оспақ...


– Заман талабына сай мынадай бір оспақ: смс-хат: «жаным, тырнақтарыңды алма, бүгін жер тайғақ». Немесе, «тоңазытқышта екі қызанақ отыр. Біреуі «бррр, қандай суық!» десе, екіншісі «а-а-а, сөйлейтін қызанақ!» деп айғай салыпты».

– Сіз өзіңіз әзіл шығарасыз ба?

– Жоқ, мен оларды өңдеумен ғана айналысамын. Мысалы, мен мынадай әзіл оқыдым. «Ол ақшаны өзін-өзі алдамау үшін айнаның алдында тұрып санады», ал менің нұсқамда былай болып шықты: «Ол ақшаны көп болып көрінуі үшін айнаның алдында тұрып санады». Соңғысы ұтымдырақ емес пе?!

– Сахнадан тысқары жерде Евгений Петросян қандай?

– Мен көп тыңдап, аз сөйлеймін. Маған әртүрлі адамдармен сан алуан тақырыптарға әңгіме-дүкен құрған ұнайды. Мен адамдардың мінез-құлқындағы ерекшеліктерін байқап, оны сараптаумен айналысамын. Өзіме ұнағанын екшеп алып, қажетіме жарату үшін айналамдағыларды көбірек тыңдауға тырысамын. Мен жастарға үнемін айтамын, біздің мамандықта ең алдымен өз кәсібіңе деген сүйіспеншілік болу керек. Содан кейін тыңдаушыңа деген махаббат қажет

– Сіздің жора-жолдастарыңызды алдаған кездеріңіз болды ма?

– Әртүрлі жағдайлар кездесті ғой. Бірақ мен үшін ішкі мәдениет қашан да бірінші кезекте тұрады. Мысалы, өзіңді ақылдырақ көрсету үшін ғана біреуді әжуалау – нағыз ақымақтық.

– Жұмыстан бос уақытта немен әуестенесіз?

– Көне кітаптарды жинағанды ұнатамын. Бірақ мұны хобби деуге келмес. Себебі, сол кітаптар менің кәсібімде көп бағыт-бағдар береді. Демек, мамандығымның бір саласы деген дұрыс шығар.

– Сіздің өзіңіз де кітап жазасыз ғой.

– Дұрысында, жақсы әзілдер мен күлдіргі дүниелерді жинас-тырамын. Маған көрермендер өз шығармаларын, естіген мысал-сықақтарын Ресейдің түкпір-түкпірінен жолдап жатады. Содан кейін «Кривое зеркало» театрының артистері үздіктерін іріктеп алады. Осылай таңдалған әзіл-оспақты сахнаға шығарамыз. Егер тыңдарманның ыстық ықыласына бөленгенін байқасақ, кезекті жинаққа енгіземіз. Осылайша, әзілдердің бірнеше жинағын шығардық.

– Артист болуды бала кезден армандағаныңыз рас па?

– Мен он жеті жасымда артист боламын деп Бакуден Мәскеуге аттандым. Әлі есімде, анамның мені шығарып салып тұрып айтқаны: «Балам, жаман артист болған ұят, теледидардан мыңдаған көрермен күнделікті сенің нашар ойыныңның куәсі болып отырады. Ал сенен жақсы артист шығатынына күмәндімін». Құжаттарымды Мәскеудің көркем академиялық театрына тапсырдым. Екінші айналымға келгенде маған «сен дайын артиссің, ал бізге илегенімізге көнетін «шикізат» керек» дегендері. Сосын Щепкин училищесіне бардым. Онда тіпті қызық болды. «Сіз тым жассыз, біз сіздің талантты екеніңізді, әлде, балалықпен ойыңызға келген-ді істеп тұрғаныңызды айыра алмай отырмыз. Келесі жылы келіңіз, осы қалпыңыздан өзгермесеңіз, қабылдаймыз» деп шығарып салды. Бірақ, менің бағыма сол жылы халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жанындағы театрда эстрадалық студия ашылып, мен ақыры сонда қабылдандым.

– Өзіңізге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңызды еске аласыз ба?

– Леонид Утесовтың орны ерекше мен үшін. Ол кісімен Ленинградқа гастрольға барғанда таныстым. Гастрольдер үлкен табыспен өтті. Концерттік бағдарлама аяқталғанда мені Леонид Осипович шақырып, ұсынысын білдірді. Сөйтіп, он күннің ішінде Утесовпен екі үлкен интермедия, джаз туралы, Ленинград жайында жеке нөмірлер әзірлеп үлгердік. Дайындық кезінде Леонид Осипович шәкірттеріне «Менің тірі кезімде үйреніп қалыңдар!» деп жиі қайталайтын.

Бұл шапан қазақтың қонақжайлылығын үнемі есіме салып тұрады

– Евгений Ваганович, Сіздің жарыңыз Елена Степаненкомен көңіл жарастыруларыңыз біздің Семей қаласында басталған деп жиі жазады. Осы қаншалықты шын?

– Біздің таныстығымыз 1979 жылы басталған. «Доброе слово и кошке приятно» спектаклі үшін әрі билейтін әрі ән айтатын жас актриса қажет болды. Ол кезде Лена талшыбықтай бұралып тұрған. Сонда сықақшы Хайттың «Жіңішкелігі сондай, тамақ қай жерінен өтетіні белгісіз» деп қалжыңдағаны бар. Сол жолы спектакльде ойнағанымен, өзара жақындығымыз көп жылдардан кейін, шынында да Семейге гастрольге келгенде басталды. Артынан дереу Қырымға кеттік концертпен. Қырымның әсем табиғатын көз алдыңызға елестетіңізші! Бірде жол жиегінде бір шелек сирень гүлін сатып тұрған әйелді жолықтырдық. Мен дереу көлікті тоқтатып, бір құшақ гүлді түгел сатып алдым. Әйелім содан бері тек сирень гүлін ғана ұнатады.

– Бір көргеннен ғашық болу дегенге сенесіз бе?


– Ол көбінде өткінші сезім сияқты. Біз, мысалы, алдымен бір-бірімізді танып-білдік, көп жыл шығармашылықпен бірге айналыстық. Содан кейін барып, көңіл қостық.

– Семей қаласының әкімі иығыңызға шапан жапты. Ол бір кәдеңізге жарауы мүмкін бе?

– Әрине, сөзсіз! Алдымен үйдегілерге, жора-жолдастарыма мақтанамын. Менде дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналған сый-кәделер жетерлік. Бұл шапан маған көп жылғы махаббатым басталған Семей қаласын, қазақтың қонақжайлылығын әркез есіме салып тұратын болады.

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив