Демеу болар дербес бюджет
Фото: редакция мұрағатынан
Елімізде төртінші деңгейлі дербес бюджет енгізілгелі әр ауылдың жеке қазынасы қалыптасып, жергілікті жерден түскен салықтық қаржыны жергілікті әкімдік ауыл тұрғындарымен кеңесе отырып, сол ауылдардың өз қажеттіліктеріне жарататын жағдай туғызылды. Сондықтан, төңірегінде салық төлеуші шағын кәсіпорындар мен мекемелердің көп болғаны, ауылдарда шағын кәсіпкерлік ны сандарының көптеп ашылғаны елді мекендерге әжептәуір сеп, көмек.
Өзін - өзі дербес басқару жүйесіне көшкен ауылдық округтерге өз ауылдарынан түскен қаржыға өздері ие болатындай жаңа мүмкіндіктер беріп отырған жекеменшік дербес бюджеттің енгізілгеніне биыл алты жыл болмақ.
Өз қазанына өзі иелік етуде
Бұрын ауданға құйылып келген қаржы бүгінде ауыл бюджетінің (шағын болса да) өзінде қалып жатыр. Округтердің шығыс көздерінің қалғаны (басым бөлігі) жоғары тұрған бюджеттің субвенциясымен, трансфертімен жабылып келеді. Ауыл әкімдерінің ауылдың осы азын-аулақ түсімін желге ұшырмай, түскен ақшаны ұқсатып, дұрыстап жұмсай алатындай, басқара алатындай білімі мен білігі болса ғана ауылдың құты кіріп, ел қаржының игілігін көре алады.
Біз айтып отырған дербес бюджет (бюджеттің 4-ші деңгейі) 2020 жылғы 1 каңтардан бастап облысымыздың 105 ауылдық округінде және аудандық маңызы бар төрт қаласында енгізілді.
2018 жылғы қаңтардан бастап бюджеттің 4-ші деңгейі аудандық манызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, халық саны 2 000 адамнан асатын ауылдық округтер үшін енгізілді, 2020 жылы қаңтардан бастап қалғандары үшін енгізілді.
Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгелі облыстағы ауылдардың жергілікті кірісі қалай өсті? Бюджетке қолы жеткен ауылдық округтер қандай қаракет жасай алады?
Бюджеттің 4-ші деңгейін енгізу басталғаннан бері облыстағы аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтер бюджеттерінің меншікті кірістері 1,7 есеге ұлғайған (2018 жылы – 1,6 млрд теңге, 2023 жылы – 2,7 млрд. теңге).
2023 жылдың қорытындысы бойынша аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтер бюджеттерінің жалпы көлемі 13,3 млрд теңге болды, онын ішінде меншік кірістер – 2,7 млрд теңге немесе бюджеттің жалпы көлемінің 20,3%-ы. Жоғары тұрған бюджеттен бөлінген трансферттер мен субвенциялар – 10,6 млрд тенге немесе бюджеттің 79,7%-ы.
Жеке табыс салығы мен меншік салығы (көлік салығы және бірыңғай жер салығы) түсімдері есебінен бюджеттің 4-ші деңгейіндегі меншік кірістердің болжамы 319,8 млн теңгеге асыра орындалған.
Дербес бюджеттерді енгізу басталғаннан бері меншік кірістер түсімдерінің ең көп ұлғаюы Ұлан (3 есе) және Катонқарағай аудандарында (2 есе), Алтай ауданында (1,8 есе) тіркеліп отыр. Тарбағатай және Самар аудандарында кірістердің тым аз көлемде өскені байқалған.
Динара Джуманова, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бюджеттің 4-ші деңгейі енгізіле бастағаннан бері облыстағы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің бюджеттеріне салықтық және салықтық емес төлемдердің 11 түрі берілді, бұл жергілікті манызы бар өзекті маселелерді шешу бойынша ауыл әкімдерінің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтті және нақты елді мекендерді дамытуға багытталған шешімдер қабылдау процесіне ауыл тұрғындарын тартуға мүмкіндік берді.
Жалпы, бюджеттің 4-ші деңгейін енгізу халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, бюджет каражатын тимді жоспарлауға және пайдалануға мүмкіндік берді, бұл сайып келгенде адамдардын өмір суру жағдайларын және елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартуға ықпал етеді.
Аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтер бюджеттерінің қаражатын жұмсаудын негізгі бағыттары:
- мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету;
- елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету;
- көшелерді жарықтандыру;
- елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру;
- жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау;
- сумен жабдықтауды ұйымдастыру;
- мәдени-демалыс жұмыстарын колдау;
- жергілікті деңгейде денешынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізу тағы да басқа мәселелерді қамтиды.
Міне, төртінші деңгейлі ауылдық округтің дербес бюджетіне бұйырып түскен қаражатты ысырап қылмай, осы және басқа да жұмыстарға мақсатты жұмсай алу – ауыл әкімдерінің міндеті. Ол үшін ауыл әкімдері қаржылық жағынан сауатты, тұрғындардың арыз -өтінішін тыңдайтын тәжірибелі, есеп беретін емес, есептей білетін менеджер болуы тиіс. Дербес бюджет сонда ғана көздеген нәтижеге жеткізеді.
Округтердің дамуы – әкімдердің қабілет-қарымында
Қазына қоржынын қампайтатындай салық түсімі молайса, ауылдағы әлеуметтік мәселелер қал-қадірінше шешімін табатыны тұрғындарға түсінікті. Әзірге ауылдың жинаған аз-маз ақшасы өзіне жетпей жатыр. Мамандар, ауылдың бюджетін аяққа тұрғызып, дербес бюджеттің нәтижесін көру үшін ауыл аумағында кәсіпкерлік нысандарын, жұмыс орындарын ашу сияқты салық көздерін арттыру қажеттігін айтады.
Соңғы жылдары меншік кірістері салыстырмалы түрде сәл де болса көбейе түскен өңірлердің бірі - Күршім ауданы. Аталған ауданда барлығы 585 заңды тұлға (500 белсенді) және 2763 жеке кәсіпкер (2518 белсенді) тіркелген. Оның ішінде: «ГРК МЛД» ЖШС, «ГРК»Maraliha-Gold» ЖШС, «ПСК Өскемен-Құрылыс» ЖШС, ТОО «ГРК» MANKA» ЖШС, «Төре тоғам» ЖШС кәсіпорындары ірі салық төлеушілер болып отыр.
Былтыр Күршім ауданындағы Марқакөл (бөлінгенге дейін) ауылдық округінің 2023 жылғы меншік кірістері 123,8%-ға орындалып, болжамды 15,1 млн теңгенің орнына, 18,7 млн теңге түсіп, 3,6 млн теңгеге артық орындалған. 2022 жылмен салыстырғанда меншік кірістер түсімі 1,7 млн теңгеге артық түскен.
Болжамнан артық түскен қаражатқа Марқакөл ауылдық округіне көше жарықтандыру желілерін ұстау, ауылдың көшелері мен саябақтары бойындағы ағаштарды, тіректерді ағарту, көшелерді аббаттандыру, қатты қалдықтарды жинау және оларды шығару сияқты жұмыстар жүргізілген екен.
Күршім ауданындағы ірі ауылдық округ - Күршім. Ауылдық окруктің былтырғы меншік кірістері 172%-ға орындалған. Болжам бойынша 36,5 млн теңге болса, 62,8 млн теңге түсіп, жоспар 26,3 млн теңгеге артық орындалған. Сол сияқты меншік кірістер түсімі де 2022 жылмен салыстырғанда 16 млн теңгеге артық түскен.
Меншік кірістердің болжамнан артық түсу себебі 2022 жылы төленбеген жеке тұлғалардың көлік салығын өсімпұлмен төлеуіне және көлік санының артуына байланысты болған. Сондай-ақ шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерінің салық төлеуі есебінен, кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторийдің аяқталуына байланысты артқан көрінеді.
Болжамнан артық түскен қаражатқа Күршім ауылдық округінің көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Көзделгендегідей, дербес бюджеттің табысын бөлуге, жұмсауға жергілікті тұрғындар өздері қатысса, халықтың ауылдық округ әкіміне, билікке деген сенімі артып, ауылдық округ тұрғындарының өзі ауылды басқаруға белсенді атсалысар еді. Ауылдардағы жол, жайылым, шабындық, егістік, бақшалықты сумен қамту мәселелері де өз шешімін табар еді.
Күршім аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Жанаеваның газет редакциясына берген ақпараты бойынша, былтырғы меншік кірістер аталған аудан бойынша 115,0%-ға орындалып (болжам бойынша 3655,6 млн теңге болған), 4020,5 млн теңге түскен, болжам 364,9 млн теңгеге артық орындалған.
Ауданда корпоративтік табыс салығы 2022 жылмен салыстырғанда 707,9 млн теңгеге немесе 149,3%-ға өскен, оның ішінде: алынған кірістердің артуы («Төре Тоғам» ЖШС – 4,6 млрд теңге, «ГРК MLD» ЖШС – 2,1 млрд теңге, «ПСК Өскемен-Құрылыс» ЖШС - 2,1 млрд. теңге);
Жеке табыс салығы – 188,4 млн теңге немесе 125,6%, оның ішінде табыс бойынша:
- төлем көзінен салық салынатын – 165,0 млн теңге немесе 123,2% бюджеттік сектор, ауыл шаруашылығы және экономиканың нақты секторы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру есебінен («Орика-Қазақстан» АҚ – 109,7 млн теңге, «ОблШығысЖол» ЖШС - 95,5). Млн теңге, «Дим строй» ЖШС – 42,5 млн.теңге);
Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша аудандық бюджетке меншік кірістер 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,5%-ға немесе 274,9 млн теңгеге өсіп, 761,5 млн теңгеге жеткен (2023 жылғы 1 наурызға – 486,6 млн. теңге).
Жеке табыстың өсуі негізінен корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық есебінен болған. Бюджетке төленетін бұл төлемдердің ұлғаюына бюджеттік сектор, ауыл шаруашылығы және экономиканың нақты секторы қызметкерлері жалақысының өсуі, сондай-ақ шағын және микро бизнес субъектілерінің 2023 жылға салық төлеуі, кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторийдің аяқталуы себеп болған.
Елімізде жергілікті бюджеті бір миллиард теңгеден асып түсетін ауылдық округтер бар екен. Әйтсе де көпшілігі - салықтық кірісі тым аз, мандымайтын округтер. Тиыннан теңге құралады. Сарапшылардың айтып жатқаны, сол түскен кіріс аз болса да, көп болса да аса қажетті шаруаға жұмсалуға тиіс. Бұл ретте ауылдық округтер әкімі өз ауылдарының бюджетін байыппен жоспарлап, қаражатты ауылдың ең өзекті деген мәселелерін шешуге арнауы қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті сонда ғана дегеніне жеткізбек.