Марқакөлге оңтүстіктегі өңірлерден тұрғындар көшіп келе бастады (видео)
Мамыр айында еліміздің оңтүстігіндегі өңірлерден отызға жуық тұрғын Шығыс Қазақстан облысына арнайы сапармен келіп, жер шалып қайтқан болатын.
Сол сапарда Марқакөл ауданын ұнатып қайтқан тұрғындардың арасынан бес отбасы бұл жолы Ақбұлақ ауылына түбегейлі көшіп келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көшіп келушілерге Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Марқакөл ауданының белсенді азаматтары қолдау көрсетіп, қоныстануына жағдай жасап жатыр.
Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар ауданға қоныс аударушыларға арнайы квота бөлінген болатын. Қоныс аударуға берілетін бір реттік субсидия биыл 70 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 258 440 теңге. Бұл отбасындағы әрбір адамға берілетін төлем. Ал экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейді. Тек бұл сертификат құны 4 282 720 теңгеден аспайтын баспана алуға беріледі.
Ал бұл жолы көшпен ілесе жер шалуға келген оңтүстіктің тұрғындарына ұйымдастырушылар Марқакөл өңірін аралатып, ауылдарды таныстыратын болады.
Фото: Нелли Петенева