Биыл еліміздегі 270 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Фото: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздегі білім беру инфрақұрылымын нығайту және оқыту сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндама дайындалды.
Елдегі апаттық және үш ауысымды мектептерді азайту бағытында да бірқатар шаралар қолға алынған. Ол үшін қаржыландырудың бірнеше жолы арқылы білім ошақтары салынып жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектеп салу көзделген. Жемқорлық қылмыстары аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен былтыр 36 білім нысаны бой көтерсе, биыл тағы 25-і қолданысқа берілмек.
Жаңа нысандардан бөлек, қолданыстағы ғимараттарды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Биыл елдегі 270 мектепті күрделі жөндеу қарастырылған.
Баланың жан-жақты дамуында қосымша білім беру орталықтарының орны ерекше. Вице-премьер ондай нысандарды тек ірі қалаларда емес, өңірлерде де ашу қолға алынғанын жеткізді. Былтыр осындай 12 мекеме ашылса, алдағы 3 жылда тағы 89-ын салу қарастырылып отыр.