KZ
Өскемен
+2°
туман Штиль
478.93 534.96 5.16

RADIO ALTAY жаңалықтары - 24 мамыр 2012 жыл

23.05.2012, 18:00 212


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Ертең Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуі және жыл сайынғы Шығыс Қазақстан облысының мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін облыс Әкімінің сыйлығымен марапаттау рәсімі өткізіледі.

Зайсан аудандық медицина бірлестігі биыл республикалық бюджет есебінен құны 85 миллион 500 мың теңге тұратын «КамАЗ» автокөлігін сатып алды. Бұл көліктің басқалардан бір ерекшелігі – жылжымалы мамандандырылған медициналық кешенмен қамтылған. Дәрігерлер халыққа қызмет көрсетуін Кеңсай ауылдық округінен бастады.

Үржар ауданының Қарабұйрат ауылында өткен жылдың қазан айында 80 орындық екі қабатты мектеп үйінің құрылысы басталған болатын. «Алау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектеп құрылысын тамыз айында бітіруді жоспарлап отыр.

Ел ішіндегі діни сауаттылықты арттырып, халықты, оның ішінде, әсіресе, жастарды әртүрлі теріс діни ағымдардан сақтандыруды мұрат тұтқан облыстық ақпараттық-насихаттық топ өз жұмысын қызу жүргізуде. Жақында топ өкілдері Аягөз бен Үржар аудандарының елді мекендерін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп қайтты.

Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесі өкілдерінің биылғы сәуір айында өткізген негізгі азық-түлік тауарларына бағалар мониторингісінің қорытындылары көрсеткендей бағалар тұрақты болып қалып отыр. Жәрмеңкеде өнімдер базардағыдан төмен бағада делдалдарсыз саудаланды.

Өскеменде мектеп және колледж оқушыларының VI жазғы республикалық спартакиадасы бағдарламасы аясында семсерлесуден жарыс өтті. Шығысқазақстандық оқушылар жалпы командалық есепте екінші орын алды.



Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Күршім ауданы активімен өткізген кездесуде жеке меншіктегі «Енисей» және «Ертіс» паромдарының коммуналдық меншікке берілетінін айтып, жергілікті тұрғындарды қуантты. Бұл паромдар енді күрделі жөндеуден өткізілгеннен кейін іске қосылады.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының мүшелері Шығыс Қазақстанда болып, «Болашақ» бағдарламасының тиімді жақтарын өңір жастарына егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызмет саласында жүрген жастарға арналып арнайы брифинг өткізіліп, бағдарламасының жоспарымен таныстырды.

Бесқарағай ауданының тұрғындарына кеңестік – диагностикалық көмекпен Семей қаласының диогностикалық орталығынан, Ұлттық радиология зерттеу институтынан дәрігерлер бригадасы жылжымалы мобильді кешенмен келді. Бригада құрамындағы дәрігерлер бекітілген жұмыс кестесі бойынша ауылдық округтерде жергілікті тұрғындардың денсаулығын тексеруде.

Зайсан ауданындағы тірек ауылдарының бірі- Сарытеректе талай жылдан бері қаңырап бос тұрған ғимарат бала бақшаға лайықталып қайтадан жабдықталмақ. Тағы бір бос ғимарат қоғамдық монша ретінде қалпына келтірілуде.

Үржар ауданы Мақаншы орта мектебінің оқушылары ауылдағы «Балалар саябағына» 50 түп шырша, мектеп ауласына 150 түп және мектеп бітірушілер аллеясына 600 түп ағаш көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар оқушылардан құралған «Жас эколог» тобы мектеп ауласына әртүрлі гүлдер отырғызып, өскіндерді жаз бойы күтіп-баптауды әдетке айналдырған.

Шымкентте бокстан елімізге еңбек сіңірген спорт шебері Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир мәреге жетті. Бұл турнирде біздің облыстың спортшылары жақсы өнер көрсетті. Қанағат Маралов, Тимур Ганза бірінші, Жақсылық Ілиясов, Әсет Қасымов екінші орындарды иеленді.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив