KZ
Өскемен
+4°
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

«Болашақ» бағдарламасының жоспарымен таныстырды

21.05.2012, 18:00 133


«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның мүшелері Шығыс Қазақстанда болып, «Болашақ» бағдарламасының тиімді жақтарын өңір жастарына егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Мемлекеттік қызмет саласында жүрген жастарға арналып арнайы брифинг өткізіліп, оны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы – тәртіптік кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов жүргізді.

Брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның вице-президенті Әсет Әбдуалиев жиналған жастарға бағдарламаның мақсаты мен тиімділігін түсіндіріп, 2011–2015 жылдарға арналған «Болашақ» бағдарламасының жоспарымен таныстырды.

– Біздің облыстарды аралап жүргендегі мақсатымыз – «Болашақ» халықаралық бағдарламасына өңірдегі жастарды көбірек тарту. Қазір бағдарлама бойынша білім алып жатқандардың көпшілігі Астана мен Алматы қалаларының жастары. Себебі, оларда ақпараттық мүмкіндіктер өте көп. Алыс өңірлерде жатқан жастарға дер кезінде қажетті ақпараттар жетпей жатады. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтырмақпыз, – дейді ол.

Қазір жыл сайын мыңнан астам түлек шетелдерде оқып, елімізге қайта оралады. Мәселен, білімі жоғары, мемлекеттік қызмет саласында кем дегенде екі жылдан астам уақыт қызмет істеп жүрген дарынды жастар үшін аталған бағдарламамен магистратурада 3 жыл оқиды. Дипломының орташа бағасы 4,0-тен кем болмауы қажет. Талапкер шеттілі, мемлекеттік тіл, психологиялық тестілеу, тәуелсіз сараптау сияқты байқаулардан өтеді. Талапкерлердің жас шамасына шектеу қойылмаған.

– Көпшілік жастар түсу қиын, орындар алдын ала бөлініп қойған деген жаңсақ пікірлердің жетегінде жүреді. Кімнің білімі терең, соның жолы ашық. Бағдарлама бойынша оқып келген жастардың алды Президент Әкімшілігінде, министрліктерде, облыстық әкімдіктерде жауапты қызметтер атқарып жүр, – дейді Әсет Әбдуалиев.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив