KZ
Өскемен
+7°
пасмурно жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Жаман келін қайдан шығады?

25.04.2012, 18:00 351



Қазақта «жақсы келін келін, жаман келін келсап» деген сөз бар. Әркім де әулетіне түскен келінінің жақсы болғанын қалайтыны сөзсіз. Десе де жаман келін қайдан шығады, осы? Келін жаман атанса, енесінің де жаман болғаны ғой онда? Қалай десек те ене мен келін арасындағы қарым-қатынас мәселесі қашаннан да өзекті мәселе екені шындық. Бүгін бұл тақырыпты біз де қаузап көруді жөн санадық.

– Мен үлкен махаббатпен күйеуге тиген едiм. Күйеуiмді жақсы көрдім. Бірақ сол үйдің табалдырығын аттағаннан-ақ енем маған жылы қабақ танытпады. Жақсы келін болуға тырысып, иілген сайын, қыздарымен қосылып мені кемсітіп, қорлап бақты. Тіпті енем күйеуімді де менің көзімше «сен сүмелексің, есексің, қолыңнан түк келмейді» деп балағаттап отыратын. Не керек, ақыры енем бізді ажыратып жіберді. Бақытымызға балта шапқанымен қоймай, «егер екеуің қайта кездессеңдер, қырам, жоям» дейтінін қайтерсің, – дейді Назым атты келіншек. – Ендi күйеуiм "үйленбеймiн" деп отыр. Үйленсе осы жағдай тағы да кайталанатынына сенiмдi. Ал менiң бүлінген тағдырымның жауапкершілігі кімде? Қазір өмірден қажып, түңіліп жүрмін.

Әрине, біз Назымды ақтаудан аулақпыз. Мүмкін Назымнан да көп қателік кеткен болар. Бірақ бүтіндей бір отбасының ойраны шықты емес пе? Кейбір мәліметтерге қарасақ, Қазақстанда шаңырақ көтерген әрбір төртінші некенің ғұмыры тым қысқа болады екен. Мысалы 2010 жылы Қазақстанда 144 357 отбасы заңды некеге тұрса, олардың 40 982-сі ажырасып кетіпті. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда, 5 733-ке артық көрінеді. Сонда қалай? Барған жеріне қыздарымыз неге қадірсіз? Неге «тастай батып, судай сіңе алмай» жатыр? Байқағанымыз, келіншектердің көпшілігі Назым секілді ажырасуға басты себепкер ретінде енелерін кінәлап жатады. Сонда сол қыздардың бәрі сүттен ақ, судан таза ма? «Келінді аяғынан» дегендей, жаңа түскен келінге сын көзбен қарау қашаннан бар нәрсе. Халық арасында жиі айтылатын әнде де:

– Алдыменен өзіңнің енең сынар,
Емендей бол, бұл сынға емен шыдар.
Жас келінге қаттырақ қарағаны,
Ширатып бір алайын деген шығар,

– деген жолдар бар емес пе? Кейде қыздарымыздың енесімен керісіп жататын себебі осынау сынға әзір еместігі ме деп те ойлайсың іштей. Бірақ кез келген ененің алдына қойған мақсаты – келінді «келсап» етпей, тәрбиелеу болса керек. Қазақта келін мен ене арасындағы қарым-қатынас үлкен бір институт десе де болады. ТӘрбие, өнеге аларлық небір келіндер мен енелер бар. ¦лы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы зерделі ене Зере мен ұлағатты ана ¦лжанның ене мен келін ретіндегі қарым-қатынасының өзі қандай? Қазақта «Келін – қайын ененің топырағынан жаралады» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Олай болса, келіннің жақсы болмағы ең Әуелі өз анасына, содан соң енесіне де байланысты.

Осы арада облыстық Жамбыл атындағы драма театрының Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаеваның енесі жайлы Әңгімесін келтірсем артық бола қоймас.

– Келін болу біреуге жар ғана емес, бүкіл бір отбасының арғы, бергі жақын жұрағат, туған-туысқандарына тірек, сая, қамқоршы болу деген ұғымды білдіреді. Соның ыстығына күйіп, суығына тоңып барлық қызығын қуанып-бөлісу. Марқұм күйеуім Бақытжанның анасы, менің енем екеуміз ене мен келін жолын жақсы атқардық. Ол кісі өзіне тиісті нәрселерімен айналысты, ал мен келін ретінде өзіме қажетті шаруамен айналыстым. Біріміз жоқ болсақ, біріміз алмастырдық. Ол кісі ешқашан артық сөйлемейтін, біреудің артынан жамандамайтын, айтатынын бетке айтатын, тазалық пен тӘртіпті алдыңғы орынға қоятұғын адам еді. Менің істеген істерімнің бәрі ол кісіге ұнайтұғын да, соған риза болатын. Дәмдес болған 26 жыл ішінде бір ауыз сөзге келісіп көрген емеспіз. Есіме түскен бір нӘрселерді қозғап өтейін, кішкентайлы болғаннан соң балаға шұлық тоқи бастадым. Қысты күндері кешкісін енем екеуміз Әңгімелесіп, ол кісі жіп иіріп, мен тоқып, өткен-кеткенімізді сөз етіп, сырласатынбыз. Енемнің қонақ күткені де ерекше еді. Барлық нан өнімдерін түнімен отырып пісіреміз. Ол деген аппақ ұннан болуы және әдемі жасалып, дәмді болуы керек. Кейде тіпті татар ұлты тамақты жақсы дайындайды деп, соларға да тапсырыс беретін. Үстелдің мейлінше мол болып, жайнап тұруын қадағалайтын. Енем бір өзі Әйелдің жӘне ер адамның жүгін арқалады. Күз түсе бере ағаш, көмір, шөп, басқа нӘрселерді айтпағанда бәрі-бәрі осы кісінің мойнында еді ғой. Соның өзінде мойымай, шаршағанын білдірмей, әдеміленіп киініп, тықылдап басып жұмысына кетіп бара жататыны Әлі көз алдымда. Осының бӘрі мен үшін, менен кейінгілер үшін де үлкен сабақ, – дейді ол.

Иә, «қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» дейді халық даналығы. Ұлтымызды өсіретін де, өшіретін де – келіндер. «Келіні жақсының керегесі алтын». Ендеше келіндеріміздің әдепті, инабатты болғанын тілейік, ағайын!

Мейрамтай Иманғали
Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив