KZ
Өскемен
+26°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
471.46 504.79 5.53

Құралай-Клара БІЛӘЛҚЫЗЫ: – Ұлы Абайдың немересі РАХИЛАНЫҢ ҮЙІНДЕ тұрған кезім де болды

23.02.2012, 18:00 137


Бүгін біз қазақ оқырманының сүйікті жазушыларының бірі, «Қаракөз қарындасым», «Соқпақ соңы», «Мен жұмысшымын», «Үш бәйтерек», «Махаббат пен мансап», «Замана биігі» сынды әдеби туындыларының авторы Жекен Жұмаханов жайлы сөз етеміз. Ал жазушының өзі өмірде қандай адам болған? Оның адамгершілік бітім-болмысы қандай? Бұл туралы біздің оқырмандарға жазушының сүйген жары Құралай-Клара Біләлқызы әңгімелеп береді.

Жекең «Әйел – менің предметім» деп отыратын

– Клара апай, сіз Жекен Жұмахановпен қалай таныстыңыз? Оқырмандары-мызға осы туралы әңгімелеп беріңізші?
– Менің Жекеңмен таныстығым ерте бас-талды. Әрине, өзімен емес, ең алдымен ол кісінің шығармашылығымен. Мен өзім Семей облысы, Жарма ауданы, Белтерек ауылында туып-өстім. Әкем Жақияұлы Біләл өмір бойы мұғалім болған, өте білімді адам еді. Әкеміз педагог болған соң ба, үй-ішімізбен кітап оқығанды жақсы көретінбіз. Ол кезде М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Т.Ахтанов секілді жазушылармен қатар Жекеңнің есімі де дүрілдеп тұрған кезі. Жекең әрі журналист қой, газет-журналдарда да ол кісінің мақалалары күн құрғатпай шығатын. Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ ол кісінің әр шығармасын асыға күтетін оқырманның біріне айналып едім. Сөйтіп, мектеп бітірген соң кітапханада бір жыл жұмыс істедім. Сонда жақын араласатын дос қызымның Жекеннің жаңа шыққан «Солдат жолы» кітабын сыйға тартқаны бар. Қуанышымда шек болған жоқ. Сол кезде мода болды ма, әлде шын сүйіспеншілік пе, халықтың кітапқа, әдебиетке деген ынта-ықыласы, махаббаты ерекше еді ғой. Бір¬-бірімізге кітап сыйлайтынбыз. Жақсы кітапқа баладай қуанатынбыз. Сол сый кітап әлі күнге дейін менде сақтаулы. Мектеп кітапханасында бір жыл жұмыс істеген соң, қыздар педагогикалық институтының кітапхана бөліміне оқуға түстім. Бұл мамандықты маған таңдап берген әкем болатын. Ол кісі үйдегі он баланың неге қабілетті екенін, қандай кәсіпке бейім екенін әкелік түйсікпен байқап-біліп қоятын. Үнемі «біздің Клән кітапханашы болады» деп отыратын еді. Біздің ауылда қыз баланы алғаш оқытқан да менің әкем еді. Менің оқуға түсуім ауылдағылар үшін
үлкен жаңалық болған. Студент кезімізде де әр жазушының жаңа шығармасын қадағалап жүріп оқитынбыз. Оның ішінде Жекеңнің кітаптары да бар. Менің заманым-ның жастарын осы жазушылардың кітаптары мен радио тәрбиеледі десем артық айтқаным емес. Не керек, институт бітірген соң жолдамамен Шымкент қаласына кітапханашы болып кеттім. Пәтер жалдап тұрдым. Өзімнің де аздап жазу өнеріне қабілетім бар. Азғана айлыққа сеп болсын деп жер-гілікті радиоға шағын мақалалар беріп тұратынмын. Бір күні сондай мақаламның бірін республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналына жібердім. Жауап келіп тұр. «Сіздің жазуға қабілетіңіз бар. Тағы жазыңыз» дейді. Астына «Жекен Жұмаханов» деп қол қойған. Мен бұл жолы Жекен Жұмахановтың өзіне «Сіздің шығармашылығыңызбен жақсы таныспын. Сізден хат алу мен үшін бақыт» деп тағы жазып жібердім. Осылай біздің арамызда хат алысу басталды да кетті. Ол хаттардың бәрі бар. Архивте сақтаулы. Ауылдан алыс жүрген соң ба, мен ол кісіге барлық сырымды, мұңымды жаза беретінмін. Жекеннің жазған хаттары маған күш-қуат беретін. Ол кісі де ағалық ақылын, жылы сөздерін аямайтын. Бір күні менің атыма бандероль келді. Жекеңнен екен. Жаңа шыққан «Соқпақ соңы» атты кітабы. Хат та жазыпты. Онда жаңа кітабының шыққанын жолдас¬-жораларына, жанашыр адамдарына «жуып» бергенін, сол қуаныш дастарқанынан менің де ауыз тигенімді қалайтынын, сол себепті осы кітаптың жүз бірдеңесінші бетіне маған арнап конфет салып жібергені жазылыпты. Кішкене ғана жұқа конфеттер шығар деп ашып қарасам, жүз сом ақша. Жүз сом! Мен үшін өте көп ақша. Жүз сомды өмірімде ұстап көргенім де сол жолы. Шымкентте оқитын бауырымның келе қалғаны. Оның да қаражаттан қиналып жүрген кезі. Екеуміз бірден базарға барып, бір сөмке тамақ алғанымыз есімде. Содан кейін айтқан алғысым ретінде мен ол кісіге сол заманда өте сирек табылатын әдемі нейлон көйлегін салып жібердім. Ал ол кісі мені тағы қуантып, пошта арқылы жылтырақ туфли салып жіберіпті. Ол кезде ондай туфли қырық сом тұратын. Ойламаған жерден бір күні жұмысқа Жекең телефон шалып тұр. «Мен Шымкентке командировкаға келдім» дейді. Қонақүйдің нөмірін айтты. Алып-ұшып жетіп бардым. Бөлмеге кіре салып аяғымды шешіп жатыр едім. «Қалқам, аяғыңды шешпей-ақ қой» деп қолтығымнан демеді. Үстелді жайнатып қойыпты. Тағамның неше түрі бар. Бірақ ол кезде менің денсаулығым нашар еді. Асқазаным қатты ауыратын. Ішімдікті аузыма татып алмайтынмын. «А, Клара деген сен екенсің ғой. Кел, төрлет, қарындасым. Бірақ Клара дегеннен гөрі саған Құралай деген ат лайық. Мен сені Құралай деймін» деп төрге шығарды. Менің Құралай атануымның тарихы осындай. Содан кейін «Сен жүрек жұтқан батыр қыз екенсің. Бұл жақта қалай қорықпай жүрсің? Бұл елде қызды басып әкететін салт бар. Жоқ, сен еліңе, не болмаса Алматыға бар. Оқыған қыздар ол жаққа да керек» деп ақылын айтты. Біз ұзақ әңгімелестік. Әдебиет, жазушылық кәсіп жайлы ол кісі қызық-қызық әңгімелер айтты. Сұңғыла адам ғой: «Өңің жүдеу ғой. Ауырасың ба?» деп, денсаулығымның болмай, қиналып жүргенімді сезіп қойды. Жекеңнен сыр жасыру да мүмкін емес болатын. Салып жіберген туфлиін сұрады. Сол жерде рақметімді айттым. Сөйтіп, ол кісі үш-төрт күнге облысты аралауға кетті. Оралған соң менің жұмысыма тағы да хабарласты. Бір уақытта Жекеңнің «сенің үйіңді көрем» демесі бар ма? Такси ұстап менің пәтеріме келдік. Жолда дүкенге кіріп, бір сөмке тамақ алдық. Жекең кеткен соң үй иесі тетя Маша маған келіп: «Сенің ағаң қандай жақсы адам. Неткен қайырымды» деп ризашылығын білдіріп жатыр. Сөйтсе, Жекең ол кісінің өзіне, одан бөлек «Клараның жұмыстан келгенде тамағын жасап беріп отыр» деп тағы ақша тастап кетіпті. Осылайша тетя Машам тамағымды жасап, мені жұмыстан күтіп отыратын болды.
Жекеңді Алматыға шығарып салдым. Вокзал басында асқазанымды ұстап қатты ауырып тұрдым. Жекең мені уайымдап кетті. Ол кісі пойызға отырып кеткен соң ішкі дүнием бір түрлі құлазып қалды. Жақсылық жасаған адамды кім жек көреді дейсің, жоқ әлде ол кісіні ұнатып қалдым ба? Әйтеуір түсініксіз бір халді бастан кештім. Жекеңді қатты сағындым. Осыдан кейін Жекең Алматы мен Шымкенттің арасын жол қылып алды. Жұма күні келіп, демалыс күні кетеді. Келген сайын маған «саған тамақ жегізейін деп келдім» дейтін күліп. Мені тамаққа тойғызып, азық-түлігімді әперіп беріп кететін. Жалпы ол кісінің әйел баласына керемет жаны ашитын еді ғой. «Әйел – менің предметім» деп отыратын. Жесірлік пен жетімдік жайлы көп қалам тербеді. Кейін үйленгеннен соң да небір танымайтын әйелдерді «жататын жері жоқ екен, қонсыншы» деп үйге ертіп келетін.
Бірде мынадай жағдай болды. Ол кезде Жекең екеуміз бірге тұрамыз. Ержанымыз бар. Үшеуміз менің дос қызымның үйіне қонаққа бардық. Аядай ғана екі бөлменің бір бөлмесіне бізге арнап дастарқан жайыпты. Төргі үйде баласымен бір жас әйел отырды. Жекең «Ана әйелді дастарқанға шақыр, бізбен бірге болсын» деді менің дос қызыма. «Жоқ, шақырғанмен ол келмейді» деді ол.
– Оның өз мұңы өзіне жетерлік.
– Қалай?
Сол жерде менің дос қызым Жекеңе қыздың хикаясын айтып берді. Қысқасы, ол оқу іздеп қалаға келген. Бір жігітпен танысқан. Алданған. Әке-шешесі жігітке қызды алдырмай қойған. Босанған. Сөйтіп, осы үйде пәтерші болып тұрып жатыр екен. Жағдайы ауыр. Ақшасы бірде бар, бірде жоқ дегендей. Жекең бәрін мұқият тыңдап алды. Жігіттің аты-жөнін, қайда оқитынын да қағазға түсіріп алды. Сол оқиғаны ұмытып та кетіппін. Дос қызым бірде: «Әлгі әйелді алып кетті ғой» дейді. «Кім алып кетті» деймін ғой. Сөйтсем, жігіттің әке-шешесі де алдынан өтіпті. Бәрі Жекеңнің арқасы екен. Жекең оқитын жерінен жігітті тауып сөйлесіпті, ата-анасына да хат жазыпты. Әйтеуір, осылай екі жасты қосыпты. Иә, Жекеңнің жұртқа жасаған мұндай жақсылығы өте көп.
Енді өз жағдайыма көшейін. Ақыры «қой, бүйтіп жүргеніміз жарамас» деп ол кісі мені Алматыға ертіп келді. Тура өзінің үйіне әкелді. Ғайни апамыз шипажайға кеткен көрінеді. Үйде кішкентай балалары бар екен. Олар маған тез үйреніп алды. Мен ол үйде бір аптадай болдым. Бір күні ойламаған жерден Ғайни апамыз келіп қалды. Жөнімді сұрады. Мені сырттай жақсы біледі екен. «А, сен сол қыз екенсің ғой» деп сол жерде ұрсып, жер-жебіріме жетті. Ұрыстың үстіне Жекең келді. «Мынауыңды қазір әкет» деп Жекеңнің де сыбағасын берді. Қиналған Жекең мені Зенков көшесінде тұратын ұлы Абайдың немересі Рахиланы жар еткен Бәстәми ақсақалдың үйіне апарды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» есіңде ме, сонда Абайдың ұлы Әбдірахманның жалғыз қызы Рахила жайлы да жазылған. Бәстәми ақсақал маған арнап Рахила апайға әкесінен мұраға қалған төсегін босатып берді. Бұл төсекті Абай атамыз ұлы Әбдірахман Мағышқа үйленерде алыстағы Санкт-Петербургте тапсырыс-пен жасатқан екен. Төсектің өзі де бір керемет болатын. Жақтауларына ілінген қоңыраулар әдемі үн шығарып тұратын. Бәстәми ақсақал мені қызындай жақсы көрді. Айналып-толғанып отыратын еді. Кейіннен Жекең екеуміз жеке үй алып, бөлек шықтық. Ұлымыз Ержан дүниеге келді. Әйтсе де қиналған кезімде балапанындай бауырына басқан сол бір мейірімді адамдарды мен әрқашан ризашылықпен еске аламын.

Бәрін байқап, аңғарып қоятын

– Жекеңнің жолдасы Ғайни апаймен араларыңыз не болды? Ол кісі сол күйі сізді кешірмеді ме?
– Ол кісі көпке дейін мені кешіре алмады. Ал мен ол кісімен келісімге келу
үшін бәріне де дайын едім. Үйінің жұмысын істеп беруге, кірін жууға, балаларын қарауға – бәріне, бәріне. Тек ол кісі маған жылы қабақ танытса деп армандадым. Жекеңе «Неге бізге апалы-сіңлідей бірге жүрмеске, жақын араласпасқа? Ғайни апайға барып айтшы, мені кешірсінші» деп жиі айтатынмын. Бірақ Ғайни апайдың жүрегіндегі маған деген өкпе оңайлықпен тарқамады. Мысалы, мына бір хатта менің ұлымның Жұмаханов атты фамилиядан бас тартуы талап етіледі. Ержанның Жұмахановтың атына жазылуы заңсыз екені айтылады. Иә, менің Ержанды өз атыма жаздырғым келген. Бірақ Жекең үзілді-кесілді қарсы болды. Осы бір хат қолына түсті ме, бірде кішкентай Ержанның мені қатты састырғаны бар: «Мама, мен заңсыз туғанмын ба?» дейді. «Ержан, сен неге олай сұрайсың?» деймін ғой. «Папам екеуіңіз некеде жоқсыздар ғой» дейді ол. Сонда мен «Ұлым, қазақ халқы ешқашан неке туралы куәлікті қажет етпеген» деп, оны әзер иландырдым. Ғайни апам тек Жекең қайтыс болардан үш жыл бұрын мені кешіргендей болды. Арақатынасымыз түзеліп, екі үй жақын араласа бастадық. Ал Жекеңнің қазасының үстінде Ғайни апам мені қолымнан ұстап тұрып: «Жекең екеумізді бірдей сүйіпті. Жекең үшін екеуміз де қымбат екенбіз» деп айтты. Бұл мен үшін күтпеген оқиға еді.
– Сіздің өзіңізден жасы үлкен адамға тұрмысқа шығуыңызға әке-шешеңіз қалай қарады?
– Шеше деген әрқашан қызын түсінуге тырысады ғой. Ал әкем алғашында менің өзімнен отыз жас үлкен адамға тұрмысқа шыққанымды жөн көрмеді. Ол кісінің көңілі Жекеңнің өзін көріп, әңгімелескеннен соң ғана орнына түсті. Кейіннен Жекеңді сұмдық жақсы көріп те кетті. Жекең қайтыс болған соң, әкем үйге келген сайын Жекеңнің жоқтығын сезінетін. «Жекеңнің жоқтығы-ай, Жекеңнің орнының ойсырап тұрғаны-ай» деп жиі еске алатын.
– Жекең үй ішінде қандай адам еді?
– Мен Жекеңнен көп нәрсе үйрендім. Ол маған бәрін үйретті. Қалай жүріп-тұруды, қалай қонақ күтуді, қалай жұртпен араласуды. «Сен ақша жинама. Одан да киім алып ки, тамақ іш. Өзіңнен-өзің аяма» дейтін. Бәрін байқап, аңғарып қоятын. Бірде қонаққа Ержанды үйге киіп жүрген киімдерімен ертіп бара жатыр едім, мені тоқтатып алып: «Баланы жақсылап
киіндір. Біріншіден, сен қонаққа бара жатырсың. Барған жерді сыйлау керек. Екіншіден, сен сол арқылы баланы эстетикаға, әдемілікке тәрбиелейсің» деді. Өзі де әдемі киінгенді, күтінгенді жақсы көретін. Бетіне крем жағатын. Көп жаяу жүретін. Туысқанға, ата-анаға қамқор болуды да мен осы кісіден үйрендім. «Бүгін айдың бәленбайышы күні ғой. Әке-шешеңнің шайы бітіп қалған шығар» деп, менің ауылдағы ата-анамның жағдайына дейін ойлап отыратын. Оларға арнап ай са-йын ауылға отыз-қырық бөлек үнді шайын жіберетінбіз.
– Жекеңді сағынасыз ба?
– Әрине, сағынамын. Аз болсын, көп болсын Жекеңмен он жыл бірге өмір сүрдім. Сол он жыл – менің байлығым. Жардан жас қалсам да қалған ғұмырымды Жекеңнің елесімен өткіздім. Ержаным ер жетті. Қазір қамқор, алақанына салып, аялап ұстап отыр. Жекең алдында, әрине, қарызым көп. Бірде Жекеңнің өзі «Әлі мен туралы, менің шығармашылығым туралы жазылады, зерттеледі. Сонда мен туралы сенен сұрайды» деген-ді. Сол сөзі расқа айналды. Қазір Жекеңнің өмірінде жазған барлық шығармаларын жинаумен айналысып жүрмін. Өміріме ризамын. Жекеңді жолықтырған тағдырыма мың да бір алғыс айтамын.

КЕРЕК ДЕРЕК

Ж.Жұмаханов 1913 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай
ауданында дүниеге келген. Семейдегі педагогикалық техникумды, 1935 жылы Алматыда жаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистер институтын айрықша дипломмен бітірген. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында ұзақ жылдар меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Кеңес Одағының Батырлары Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, «Ленин» орденді атақты мерген Ы.Сүлейменов, «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің иегері Бексұлтан Рахметов жайында очерктер жазған.

Сұхбаттасқан - Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив