KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1,9 м/с, В
479.05 534.57 5.17

«Үш ішекті домбыраға арналған күйлер» жинағы жарық көрді

22.04.2012, 18:00 228


Алматылық күйші, орындаушы һәм зерттеуші Нұргүл Әкімқожаның «Үш ішекті домбыраға арналған күйлер» жинағы тұңғыш рет жарық көрді.

Үш ішекті домбыраның тарихи бастауы – сонау қазақтың ата-бабаларынан жалғасқан дәстүрлі жол. Осындай құдіретке ие бұл аспаптың өзіндік сиқырлы сазы мен ерекше әуені күні бүгінге дейін зерттеліп, жинақталмай және оған лайықты баға берілмей келді.
Басқаша айтқанда, бұл аспап халық игілігіне кешігіп жеткен, дәстүрлі музыка әлеміндегі «ақтаңдақ» беттердің бірі болды. 1960 жылдары осы «ақтаңдақты» жойып, оған алғаш жол салған профессор Болат Сарыбаевтың зерттеу еңбектерінің және насихаттау жұмыстарының арқасында үш ішекті домбыраның бағы ашылып, елге тарап, даму жолына түсті. Ол 1981 жылы «Өнер» баспасынан жарыққа шыққан «Қазақтың музыкалық аспаптары» деген көлемді кітабында үш ішекті домбыра жайында толыққанды зерттеп жазған болатын.
Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбырадан айырмашылығы сонда, мұнда оң бұрау мен теріс бұрау қатар тұр. Құлақ күйi қазақтың негізгі оң (кварта) және терiс (квинта) бұрауына қатар келтірілетіндіктен, ел ішінде үш ішекті домбыраны қосбұрау домбыра деп те атайды.
Үш ішекті домбыраны үш жүздің құнды жәдігері дейтін себебіміз, бұл домбыра о баста түркі дүниесінен жеткен жалпы қазаққа тән қасиетті жәдігер. Домбырадағы күмбірлеген қос бұрау үн ежелгі Сақ дәуірінен бастап, Түрік қағанаты дәуіріне дейінгі, одан бергі Алтын Орда замандарындағы көне сарындарды, қазақтың хандық заманынан жеткен әуендер мен күй сарындарын орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл домбыраның үнінде құлақ шымырлатар, жан тебірентер әдемі дыбыстар үндестігі бар.
Бұл домбыраны қайың, үйеңкi, қарағай тәрiздi ағаштардан жасайды. Құрылысы кең шанақты, жалпақ мойын үлгiде жасалынады. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде үш бұрышты тұмар үлгісінде жасалған домбыралар және бітеу ағаштан жасалған домбыралар да кездеседі.
Абай, Шәкерім және Шәкір Әбенов аталарымыз күй сарындары мен ән әуендерін үш ішекті домбырада орындап, оның дамуына айтарлықтай үлес қосқанын көп жұрт біледі.
Бір жағымдысы, бұл күндері үш ішекті домбыра ел ішінде қазақтың негізгі музыкалық аспаптарының бірі ретінде таралуда. Үш ішекті домбырамен әндерін сүйемелдеген, күй сарындарын орындап, халық алдында түрлі думандарға, ойын-сауықтарға, концерттерге қатысып жүрген орындаушы домбырашылар баршылық. Солардың бірі де бірегейі – жақында Алматы қаласындағы ғылыми-техникалық баспа орталығынан жарық көрген «Үш ішекті домбыраға арналған күйлер» жинағының авторы Нұргүл Әкімқожа.
Нұргүл Әкімқожа – үш ішекті домбырада ойнау мен орындау дәстүрі кеңінен тараған Шығыс Қазақстан облысының, Шыңғыстау өңіріндегі Абай елінің тумасы. Ол қаршадай бала кезінен-ақ зеректігімен көзге түсіп, ел ішіндегі үш ішекті домбыра жайындағы әңгімеге сусындап өскен. Осындай алғыр қасиеттерімен бойжеткен кезінде әйгілі абыз ата, ақын Шәкір Әбеновтің көзіне түсіп, ол кісінің батасын алған екен.
Қазір Нұргүл Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория жанынан құрылған эксперименттік мектеп студиясында және Алматыдағы Глиер атындағы қалалық музыка мектебінде домбыра пәнінен дәріс беріп жүр. Ол – әрі орындаушылық, әрі музыка зерттеушілік, әрі ұстаздық жолды ұштастыра білген әмбебап өнер иесі.
Осы жерде баса айтарымыз, үш ішекті домбыраға арналған, өте сирек те болса бірді-екілі күйлердің нотасы әртүрлі авторлардың бұрындары жарық көрген жинақтарына енген ғой. Бұл тұрғыда 2011 жылы Шәкір Әбеновтің туғанына 110 жыл толу мерейтойына орай Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының арнайы тапсырмасымен ақынның інісі Көлембай Әлімбеков пен Абай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Әсет Мырзақасымның құрастыруымен шығарылған Шәкір Әбеновтің «Ән мен күйім – халқыма сыйым» атты кітабына енген күйлер де ерекше құнды екенін айту парыз. «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспановтың әдеби өңдеуімен және жалпы редакциялық басшылығымен жарық көрген бұл жинаққа Шәкір Әбенов орындаған он бір күй енген. Ол күйлердің нотасын түсіруге үлес қосқандар қатарында Серік Малаев пен бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Нұргүл Әкімқожа да бар. Сондықтан да осынау мақаламда бастамашылық жол көрсеткен Шәкір Әбеновтің «Әнім мен күйім – халқыма сыйым» кітабына тоқталып өтуді жөн санадым.
Ал Нұргүл Әкімқожаның жұртшылыққа жаңадан ұсынған «Үш ішекті домбыраға арналған күйлер» жинағы республикамыздың мәдени өміріндегі елеулі жаңалықтардың бірі болып отыр.
Алматы мен Астанада Шығыс Қазақстанның құнды музыкалық мұрасын насихаттап, қазақтың дәстүрлі мұрасын дамытуға үлес қосып жүрген Нұргүл Әкімқожаның шығармашылығына сәт сапар тілеймін!


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив