KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 2,6 м/с, Ю
481.84 531.33 5.07

ҚЫТАЙЛЫҚТАР ӨҢІРГЕ ҚЫРУАР ҚАРЖЫ САЛУҒА ДАЙЫН

21.04.2012, 18:00 96


Қытай мемлекеті Қазақстанға қомақты инвестиция салуға ниет білдіріп отыр. Әсіресе, экономикалық және табиғи мүмкіндіктері мол Шығыс Қазақстанда екі жаққа да тиімді бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл туралы аты әлемге әйгілі «CIBS» компаниясының президенті Чжун Бо облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовпен болған кездесу барысында мәлім етті.

– Біздің корпорация сіздердің аймақта су электр стансаларын салуға, көпірлер мен жолдар, тоннельдер, тұрғын үйлер, әуежайлар құрылысын жүргізуге және басқа да осындай ірі жобаларды қаржыландыруға, бірлесе отырып іске асыруға дайынбыз. Тек қана біздің компания ғана емес, жалпы Қытайдың ірі қаржылық институттары мен қамсыздандыру органдары Қазақстанға қыруар инвестиция салуға қызығушылықтарын білдіруде. Бұл экономикалық әріптестік екі мемлекеттің стратегиялық селбестігін одан ары күшейте береді деп сенемін. Мен мұнда өзім басшылық ететін корпорацияның атынан ғана емес, Қытайдағы барлық ірі ұжымдардың атынан сөйлесуге келіп отырмын, - деп сөзін нақтылаған «CIBS» компаниясының президенті Чжун Бо бірлескен жобаларды орындауда қаржылық жағынан ешқандай проблема болмайтынын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, аспан асты елінің тарапынан тартылатын инвестицияның ең төменгі мөлшері шамамен 150-200 миллион доллардан бастап жоғарылай бермек. Дәлірек айтқанда, олар қандай да бір бірлескен жобаға жұмсалатын қаражаттың 80-85 пайызын қаржыландыруға бейілді, қалған бөлігін қазақстандық әріптестерінің үлесіне қалдырмақ. Сонымен қатар компания басшысы өз сөзінде орындалатын жұмыстың сапасына қатаң талап қойылатындығын да тілге тиек етті.

– Сіз ұсынып отырған бағыттар біз үшін өте маңызды. Олардың бәрі де біздің экономикаға аса қажет. Бірақ бұл салаларда біздің жақта жұмыс істеп жатқан отандық және шетелдік компаниялар бар. Соған қарамастан Шығысқа келіп, өз жобаларыңызды ұсынып, бірлесіп іс тындыруға деген ниеттеріңіз үшін алғыс айтамыз. Мұның бәрі әрине қосымша күш, қосымша көмек. Егер шынымен де мүмкіндіктеріңіз, нақты мақсаттарыңыз болса тізе қосып жұмыс істеуге қашан да дайынбыз. Біздегі атқарушы билік қолынан келгенше қолдау көрсетіп, қандай да бір құжаттарды ресімдеу керек болса көмектесеміз, - деп атап өткен Серік Әбденов екі жақ бірін-бірі жақынырақ білу үшін әуелі шағындау бірлескен жобаны қолға алуды ұсынды.

Бұған қоса Серік Әбденов әңгіме арқауына айналған СЭС-терді салу бойынша облысымызда арнайы жұмыс тобы құрылғандығын, олар аталған мәселеге қатысты барлық есеп-қисапты шығарып, жобаларды да әзірлеп қойғандығын ескерте келе қажет десе, сол дайын жобалардың бірін өндіріске енгізуге болатындығын жеткізді. Сөйтіп, екі жақтың өкілдері кездесуде қаузалған мәселелерді жан-жақты талқылап, жекелеген тұстарына көңіл аудару үшін тиісті саланың мамандары бір-бірімен тағы да кездесіп, барлық түйткілдерді пысықтау қажеттігін алға тартты.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив