KZ
Өскемен
+33°
ясно жел 1 м/с, СШ
464.72 496.32 5.4

«Қаламқас» ансамблінде қырық жыл еңбек етіпті

27.03.2012, 18:00 108


Абай елі дарын иелерінен кенде емес. Солардың бірі - бар өнерін еліне арнап жүрген әнші Тамара қазір ән әлеміндегі кемел шағына келген.

«Қаламқастың» іргетасын қаласуға зор үлес қосқан талантты әнші Тамара Қауысқызын Абай елінде білмейтін адам кемде-кем. Елі оны еркелетіп, Тома атандырған. Өйткені, сахнаны әнмен әрлеуде оған жететін жан ауданымызда жоқ десек, артық айтқандық емес. Туып-өскен ортасын әнге бөлеп жүрген Тамара Көзбаева таяуда өткен шығармашылық концертін «Әнім саған, туған ел» деп атапты. Тамара бұл кеште тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, таңдайын қақтыра білді. «Адам көркі – шүберек» демекші, көздің жауын алып, өн бойына жарастыра, құлпыртып киген киімдері де әншіні әрлендіріп жіберген. Шифер зауытының директоры Сейітқасым Тамбетов пен оның зайыбы Гауһар Құсайынқызы, әншінің бөлелері Еркін, Рахимаш Шағатаевтар әншінің мерейін осылай үстем етті. Ал сахнаның көркемделуіне мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісов мол үлес қосқан.
1972 жылы Саржал орта мектебін бітіріп, өнер жолын таңдаған ол сол жылы «Қаламқас» ансамблінде еңбек жолын бастайды. Сол кезеңнен бері өмірі әншілікпен өріліп, өнер әлемімен біте қайнасып келеді.
– Мені ансамбльге жылы қарсы алып, бауырларына тартқан аға-апайларыма күні бүгінге дейін алғысым шексіз. Өйткені, оңым мен солымды әлі тани қоймаған мені сүрлеу-соқпағы бұралаң, қастерлі өнер жолына жетелеген солар еді, – дейді мереке иесі жан жүрегімен ақтарылып.
Иә, 40 жыл бойы «Қаламқас» халық ән-би ансамблінде еңбек етіп, абыройға кенеліп отырған Тамара Көзбаеваның алған асулары, бағындырған биіктері көп-ақ. Ол 1973 жылы Чехословакияда өткен халықаралық фестивальға қатысса, 1976 жылы Ақтөбеде өткен бүкілодақтық фестивальда лауреат атанды. 1986 жылы Венгрия елінде өнер көрсетіп қайтты. 1987 жылы «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағына ие болды. 1991-1992 жылдары Түркия, Қытай, Түркменстан, Ресей, т.б. елдерде, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ән салды. Ал бұдан тоғыз жыл бұрын 8-наурыз қарсаңында облысымыздың әйелдері құрамында Елбасымыздың қабылдауында болып қайтты. 2005 жылы Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бағамдар болсақ, мұның бәрі оның өз кәсібіне деген шексіз сүйіспеншілігі мен адалдығының арқасы.
Концерт шымылдығын «Сәлем саған, туған ел» әнімен ашқан Тамара негізінен туған жер тақырыбында ән шырқады. А.Қоразбаевтың «Елге сәлем», жерлес сазгер М.Жанболатовтың «Еркелейін бір» атты сазды әндерімен көпшілікті емірентті. Сондай-ақ, алғаш «Қаламқас» ансамблін құрып, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, өлмес мұра қалдырған өнер тарландарының рухтарына арнап «Өмір-өзен» әнін сызылта салған шақта тебіренбеген жан қалмады.
Әншінің өнер әлеміндегі «қаламқастық» әріптестері де өз ән шашуларын арнады. Одан соң «Қаламқастың» қос шынары» атанып, өнер айдынында қатар жүзіп келе жатқан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Бақыт Шағатаева екеуі қосылып орындаған Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» елді ерекше тебірентті. «Саржайлау», халық әні «Әгугәй», «Асыл ана», «Жібек сезім», өзбектің «Баригел» әндері – оның репертуарындағы үздік туындылар.
Тамара Көзбаеваның мәпелеп өсірген сүйікті қызы, өнерде өзінің жолын қуған Әсем – бүгінде 100-ден аса шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Сондай-ақ, немерелері Арайлым, Шырын, Әлішер де өнерден қара жаяу емес.
– Осы сахнадағы 40 жылғы еңбегім, ән салып, құрметке бөленіп жүргенім де халқымның арқасы. Маған үлкен қолдау, көмек көрсеткен әріптестеріме, туған-туыстарыма, әсіресе, өнердің шын жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына үлкен алғысымды білдіремін. Демеуші болған ауыл әкімдеріне, мекеме басшыларына ризашылығым шексіз, – деді Тамара әнші.
Тамара халқына риза болса, Тамараға жерлестері-нің де ықылас-ризашылықтары шексіз екендігі осы жолы анық аңғарылды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив