KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 3 м/с, Ю
471.46 504.79 5.53

Қарақұмықтың ең дәмдісін өндіріп жатырмыз

15.03.2012, 18:00 140


Дәнді дақыл тағамдарының ішінде қарақұмықтың қасиеті қашаннан ерекше. Әскердегі сарбаздарымызға да сүйікті ас болған қарақұмықтың қадірімен қоса құны да барған сайын артып барады. Екі-үш жылдан бері елімізде оның бағасы екі-үш есеге шырқап кетті.

Өнімдерін шетелге де шығарады



Өскеменде осы қарапайым да қадірлі тағамды шығарумен аты шығып отырған еліміздің ғана емес, шетелдің кәсіпкерлеріне де белгілі кәсіпорын бар. Он жылдан астам уақыттан бері қарақұмық жармасын өндіріп келе жатқан Өскемендегі «Вертекс Восток» ЖШС-нің өнімдері Қазақстан аумағынан тыс жерлерге: Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне де шығарылып жатыр.
– Біздің танымалдығымыздың сыры – қарақұмық жармасының сапасында. Дүкендерде сатылып жатқан қарақұмықтың бәрі бірдей қарақұмық емес. Сапалы өңделген қарақұмықтың түсі жаңғақ түсті ашық қоңырқай, тап-таза етіліп аршылған болуы керек. Қоп-қоңыр қарақұмық өңдеу технологиясының бұзылғандығын, өнімнің сапасыздығын білдіреді. Өңдеу технологиясы сақталмаған өнімнің пайдасынан зияны басым, – дейді бізді шағын кәсіпорынның қарақұмық өңдірісімен таныстырып жүрген «Вертекс Восток» ЖШС-нің директоры Евгений Касаткин.
«Қарақұмық өңдеу цехы» дегенде, көз алдымызға диірмені бар шағындау ғана өндіріс орны келген. Бірақ біз бүтін бір технология тізгінін бір жерге шоғырландырған бесаспап құрал-жабдықтардың жиынтығына тап болдық. Баяу зырылдаған өндіріс желілері қарақұмықты аршып, булап, кептіріп, елеп, аузына қап қойылған бункерге қарай жөнелтіп жатыр.
Бұрын ондаған адамның атқарған жұмысын жалғыз өзі атқарып тұрған бес сатылы бұл заманауи өндіріс желісін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» арқылы төмендетілген пайыздық үстемемен берілген несиеге Украинадан сатып алыпты. Жұмыс үдерісі бастан-аяқ автоматтандырыл- ған, компьютерлік жүйеде бақыланып отырады.
Технолог Дамир Жақиянов жұмыстың барлық сатысын жіті бақылап тұр. Жас маман өндіріс қайта жарақтандырылған бір жарым жылдан бері еңбекақының өсіп, әлеуметтік мәселелерге де көңіл бөліне бастағанын айтып жатыр. Технологтың бүгінгі алып отырған жалақысы 120 мың теңге екен. Құрал-жабдықтарды құрған украиналық мамандар кәсіпорынның жұмысшыларын онымен жұмыс істеудің қыр-сырына қанықтырып, тәжірибелерін көрсетіп кеткен.
Кәсіпорын тәулігіне 35 тонна қарақұмық жармасын өңдейтін осындай жоғары қуатты технологияның арқасында былтырдан бері электр энергиясын екі есеге дейін үнемдепті. Шығындардың азайып, еңбек өнімділігінің өсуінің нәтижесінде жаңа өндіріс құралдарын іске қосқан алғашқы 2010 жылдың өзінде-ақ 25 миллион теңге таза пайда түсірген. Ебін тапқан кісіге қарақұмық өндірісінен түсер табыс шаш етектен екен. Мұнда қарақұмықтың кебегі – кәдімгі отын, көмір ретінде пайдаланылуда.

Кебекті отын ретінде пайдалануға болады


Кәсіпкер Евгений Эдуардович қазан-дықтың аузын ашып, ішінде лаулай жанып жатқан кебектерді көрсете:
– Кебекті пайдаланбағанда бізге қара-құмықты жоғары қысымды ауа температурасында ылғалдандыру үшін күніне жеті, сегіз тонна көмір жағу керек болар еді. Көмірдің тоннасы бес мың болғанда, қырық мың теңге үнемдейміз. Экологиялық жағынан да зиянсыз, – деп өз өндірістерінің нағыз қалдықсыз технологиямен жұмыс істейтінін жеткізді.
«Вертекс Восток» ЖШС-нің алға қойып отырған жоспарының бірі – кебектен бизнес жасау. Қоймада тау-тау болып үйіліп жатқан кебекті отын ретінде пайдаланып қана қоймай, оны сығымдап, бір келілік шақпақ (брикет) түрінде шығаруды көздеп отыр. Бір келілік шақпақпен бір сағатта 50 шаршы метр аумақты жылытуға болатын көрінеді. Тас көмір сияқты сағатына 3400 г/кал жылу бөле алады.
– Осындай тамаша технологияға жетуіме, өндірісімді өркендетуіме Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлікті өркендетуге, қолдауға байланысты бағдарламалардың тигізген шапағаты мол болды. «Бизнестің жол картасы –2020» біздің кәсіпорын үшін бірден-бір экономикалық қозғаушы күш болды, – деп өндірісі жайында әңгімесін жалғастырған кәсіпкердің алдағы жылдарға жобалап отырған бизнес-жоспарларының бірі – дәнді дақыл жармаларының ұнтақтарын шығару.
Бүгінгі күні Қазақстанда шамамен айына 1,5 мың тонна қарақұмық жармасы тұтынылады екен, кәсіпорын соның мың тоннасын жалғыз өзі-ақ жаба алады. Жұрт бағалай білген өнімнің бағасы қазір был-тырғыдан әлдеқайда арзандады. Ресейдікі болса да, өзіміздікі болса да. Кәсіпорын күзде қарақұмықтың келісін ауылшаруашылығы құрылымдарынан алпыс бес, жүз теңгеден сатып алыпты. Өңделген өнімнің келісі өндіріс орнында жүз жиырма бес теңгеден сатылуда. Делдалдар мен диллерлік компанияларсыз тікелей сауда нүктелеріне түссе, оның қазіргі бағасын әлі де төмендетуге болатындай. Ал «Вертекс Восток» басшысы бұл кәсіпорынның еліміздегі ең дәмді қарақұмық жармасын өндіріп жатқандығына кепілдік береді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив