KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 5 м/с, ОБ
443.35 475.54 4.82

Мектепте оқыған кезінен - ақ жұртты күлкіге кенелтіп жүретін

15.03.2012, 18:00 153


Өмірден өткеніне биыл он жыл толғалы отырған талантты актер, дарынды өнерпаз, Күршім ауданының тумасы Уәйіс Сұлтанғазиннің балғын сәттерінен естелік.

«Нағыз әртіс жанымызда жүріпті ғой»

Уәйіс 1949 жылдың 25-желтоқсанында Күршім ауданына қарасты «Қоржын» деген балықшы ауылында дүниеге келеді. Сүйегі Ақнайман ішінде Көбес, Көбестің Бұланбай деген бұтағына жатады. Уәйістің атасы Мырзағалидан Айдархан, Байқадам, Сұлтанғазы, Қайырғазы деген төрт ұл туған екен. Әкесі Сұлтанғазы Ұлы Отан соғысына қатысқан адам, ол Уәйістің он жасында, 1959 жылдың маусым айында қайтыс болыпты. Қоржын ауылы Бұқтырма СЭС-і салынғанда су астында қалған екен. Сұлтанғазының отбасы көп ұзамай Ақсуатқа көшіп келеді. Бұл туралы Уәйістің Күршімде тұратын нағашы апайы Шәкен Жақыпбайқызы төмендегідей естелік айтады.

– Менің әкем Жақыпбай Уәйістің анасы Бибінің туған ағасы, – дейді Шәкен апай. – Уәйіс туған кезде екі отбасы үлкен бір бөлмелі үйде бірге тұрдық. Мен ол кезде он жастамын. Уәйісті өте жақсы көріп, үнемі көтеріп, ойнатып жүретінмін. Сұлтанғазы жездеміз қызы Пәуазидің соңынан ерген жалғыз ұлының атын соғыста бірге болған бір жақсы досының құрметіне Уәйіс деп қойыпты. Ол бала кезінде ұшып-қонған тынышсыз болды. Бір жас шамасында ғой деймін, бір күні жадағай тамның төбесіне шығарып, ойнатып отырғанмын. Үйдің төбесі мен одан төмендеу қораның төбесі қатар, тым жақын болатын. Бір кезде оқыс бұлқынғанда қолымнан шығып, лып етіп жерге түсіп кеткені. Зәре-құтым қалған жоқ, дереу басқышпен жүгіріп түсіп, жетіп барсам, Уәйісім түк болмағандай былдыр қағып, еңбектеп бара жатыр. Қорыққан мен қуанған бірдей, күліп жібергенім есімде...
1958 жылы мен Қайсин Манап деген азаматқа тұрмысқа шығып, Күршімде тұрып жаттық. Уәйіс мектепте оқып жүргенде жиі келіп, жолдастарымен бірге қонақ болып жүретін. Марқұм әкесі сияқты ұзын бойлы бала болды. Сол кездегі сән бе, «стиляга» деп тыртысқан тар шалбар киетін еді. Өзі шалқасынан жатып алып, Әшөк деген құрдасына «Әй, тарт мына шалбардың балағын!» деп бұйрық беретін. Қазір Күршімде тұратын сол құрдасы Асымғазы Қисанов (Әшөк): «Біз бала кезімізде тірі әртісті көруге құмар едік, сөйтсек, нағыз әртіс жанымызда жүріпті ғой» деп еске алып отырады.Уәйіс келіншегі Шолпанды осы менің үйіме әкеліп түсірді. Дүр еткізіп, тойын да біздің үйде жасап жіберген едік. Қайран құлыным-ай, өтерде жеті күн жаныңда отырып, өз қолымнан аттандырамын деп ойладым ба? – деп Шәкен апай сөзінің соңында егіліп кетті.

Өлген кісіні де күлдіретін еді...

Уәйіс 8-сыныпты бітіргенше Ақсуат мектебінде оқыған екен. Одан әрі мектеп болмауы себепті аудан орталығына келіп, сондағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте интернатта тұрып, оқуын жалғастырады. Мектепті тәмамдаған соң жаздай жұмыс істеп, күзде әскерге алынады. Әскерден оралған соң «оқуға кетемін» деп қиғылық салғанда туған-туыстары қарсылық білдіреді.

– Шешең жалғыз, ол қайтіп күн көрмек? Ақылың бар емес пе, оқуды қой деп үгіттедік, – дейді Уәйістің жақын жеңгесі Уәтайқызы Сәбен (Сәбижамал). – Сол кезде ауылда бір ақылы кемдеу, өңсіз қыз бар еді. «Ендеше, соған үйленемін де үйде отырамын» дейді Уәйіс. Біз «Қой, оны алушы болма!» деп ойбай саламыз. Ақыры, болмай жүріп оқуға кетті.
Жақын ағасы Байқадамов Қабдыкәрімнің бәйбішесі осы Сәбен апаға Уәйіс қатты еркелейтін еді. Оны көзіміз көрді. Кейде тым қатты қылжақтап, ренжітіп алатын кездері де болады екен.

– Бірде, – дейді Сәбен апа – туыстар бас қосып, отырыс жасадық. Дәл сол күні теледидардан «Тамаша» болып, онда Уәйіс өнер көрсетпесін бе?! Интермедиясы ауылдағы бір Сәбен деген өсекші әйел туралы екен. Көріп отырған жұрт қыран-топан. «Ой, Сәбен, мынау – сен ғой, қайның сені бейнелеп жатыр ғой» деп мәз. Шынымды айтсам, қатты ашуландым. Соңынан ауылға бір келгенде сөйлеспей, тырсиып жүріп алдым. Сонда марқұм мені құшақтап:

– Сәке, сен неге ренжисің? Мен сені мұқым Қазақстанға таныттым ғой. Теледидарға екінің бірі шыға бермейді, – дегенде қалай күліп жібергенімді өзім де байқамай қалдым. Марқұм өлген кісіні де күлдіретін еді ғой.Оқта-текте келгенде біздің үйге бірер күн қонады. Сонда үйді қонақ басып кететін еді. Уәйісті іздеп келген адамда толас болмайтын. Жасыратын несі бар, бала-шағамыз көп, үнемі шалқып отырған жоқсың, кейде қысылып та қалатынымыз рас еді. Амал не, сол күндерге де зар болып қалдық қой!..

Уәң деп атайтынбыз

– Біз ес білгелі бірге ойнап, қатар өстік, – дейді Ақсуаттың тағы бір түлегі, бүгінде Күршімде тұратын Уәйістің сыныптасы Бек Құнапиянов. – Кейін Гагарин мектебінде де бірге оқыдық. Олар интернатта тұрып оқыды, мен апайым Кәриманың үйінде тұрдым.
Уәкеңнің ата-анасы сондай мейірбан жандар еді, ұлдарына келген балалардың ешқайсысын бетінен қақпайтын. Сұлтанғазы әкеміз «Жаңа тұрмыс» колхозының жылқысын бақты. Ол кезде қазіргі теңіздің орнында жағадан бір шақырымдай жерге дейін жалпақ жасаң, қалың қамыс болатын. Жылқы сонда емін-еркін жайылып жатады. Бие сауғанда құлын байласып, жылқы қайырысып, қолғанат боламыз. Соған қатты риза болған Уәйістің әкесі астымызға бір-бір тай мінгізіп, «ал, жарысыңдар» дейтін еді.
Уәйіс өмірде сондай қарапайым болды. Атағы жер жарып тұрса да, еш паңданып, маңызданбай-ақ, баяғы бала кезіндегідей салдыр-гүлдір кіріп келіп, әзіл-қалжыңын айтып, дуылдатып жіберетін. Өзінің пейілі кең жан ғой, әйт- песе, кішігірім қызметке тұра қал-са, атасын танымай кететіндер аз ба?
Осы Бек ағамыз (құрдастары Деден деп атайды) құрдасы мар-құм болған соң, оның есімін ұлық-тау бағытында айта қаларлық- тай игілікті шараға мұрындық болып, Күршімнің өздері тұратын Павлодар көшесіне Уәйіс Сұлтанғазиннің атын беру туралы бастама көтерді. Сонымен бірге, осы көшені абаттандыру, көгалдандыруды қолға алды. Көше тұрғындары да оның бұл ұсынысына түсіністікпен қарап, ықыласпен қолдап отыр.
Өзінің 63 жыл ғұмырының 41 жылын аудандық газетке арнаған Кәдірбек Айдархановты білетіндер көп. Кәкең де Уәйістің сыныптасы, интернатта бірге тұрып, екеуі екі төсекте қатар жатқан бала кезден сырлас досы.

– Жақын достары оны Уәң деп атайтынбыз, – деп еске алады Кәдірбек Айдарханұлы. – Оның сыныпқа, бөлмеге кіргенінің өзі ерекше еді. Бірде әндетіп, енді бірде жанындағы кісінің қолтығына жармасып, анекдотын айта кіретін. Ол отырған жер үнемі ду-ду күлкі болатын еді. «Соншама қалжың осының қай жерінен шығып жатады?» деп таңырқайтын қыздар.
Интернаттың бір бөлмесінде 11 бала тұрдық. Ол кезде қабырғадағы радиодан басқа өркениет белгісі жоқ. Әйтеуір түннің бір уағына дейін Уәйістің әзіл-қалжыңына қарық боп жатамыз.
Аспаз апайлардың да тілін таба қоятын, сөйтіп астың дәмдісі Уәйістің алдында тұратын-ды. Қай мұғалім сабақ берсе де іле-шала соның қимылын, сөйлегенін айнытпай салып, жұртты күлкіге кенелтетін еді. Ауылдан шешесі келе қалса, «О, танцы-танцы келді» деп аман-сәлем жоқ, анасының қолындағы дорбаға жармасатын. Әуелгіде ұқпай қалған біз соңынан Уәйістің шешесінің аты Бибі екенін білгенде тағы күлдік. Өйткені, ол кісіні көп жұрт Биби деп атайтын-ды. Уәң Алматыға барсам, мені іздеп жүріп өзі тауып алатын еді, ал Күршімге келе қалса, міндетті түрде телефон соғатын. Ол келгенде бәріміз бірдей жұмысты қоятынбыз, әртіс досымыздың шашбауын көтеріп, кете-кеткенше қасында боламыз. Ал сондай кездерде айтатын әңгімеміз көп-ақ еді, амал қанша, бір күнгідей болмады ғой!

Балықшы болып жұмыс істеген кездері де болды

Уәйіс Сұлтанғазиннің бала кезінде бірге өскен құрдасының бірі, сыныптасы Темірхан Мұқажанов бүгінде Өскеменде тұрады. Ол кісімен тілдесудің сәті түскен-ді.

– Біз Уәйіс екеуміз Күршім ауданының Ақсуат деген ауылында бала кезден бірге өстік. Көрші тұрдық, – деп бастады әңгімесін Темірхан ағамыз. – Әкесі Сұлтанғазы көп жыл колхоздың жылқысын бағып, зейнеткерлікке шықты. Бі-рақ көп ұзамай көз жұмды. Содан болар Уәйіс шешесінің тәрбиесінде болды. Уәйіс екеуміз 4-сыныптан бастап бірге оқыдық. 11 жылдықты бірге бітірдік.

– Қандай сабақтарға бейім болды?


– Негізінен әдебиет, тарих сабақтарына бейім болды. Математика, химия пәндеріне жүйрік бол- ды деп айта алмаймын. Біздің сыныпта екі-үш бала ғана математикаға жетік болдық. Уәйістер бізден көшіріп алатын.

– Қоғамдық жұмыстарға, мәдени іс-шараларға қалай қатысушы еді?

– Енді бұл жағына келгенде қамшы салдырмайтын. Жалпы Уәйіс қана емес, сол кездегі балалардың дені өнер жағына бейім болды. Уәйіс екеуміз мектептегі іс-шаралардың барлығынан қалмайтынбыз. Талай мәрте кезектесіп жүргізуші болдық. Талай мәрте ауданның ауыл-ауылдарын аралап, концерт қойдық. Есімде, бір жылдары біздің сынып әр ауылды аралап өнер көрсетіп, одан түскен ақшаны Вьетнам Респуб-ликасына көмек ретінде аударған болатынбыз. Ол кезде аудан орталығында жыл сайын көркемөнерпаздар-
дың фестивалі өтеді. Соған жақсы қатысып жүрдік. Талай мәрте спектакль апардық.

– «Болар бала боғынан» дейді ғой қазақ. Уәйіс ағаның әзілге бейімдігі мектеп қабырғасында жүргенде байқалды ма?


– Уәйіс табиғатынан ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін сондай бір көркем мінезді жігіт болды. Бала боп біреумен жаға жыртысқанын көрмеппін. Өзі денелі болғанмен, біреуге зорлық-зомбылық жасаған кезі жоқ. Үнемі елді күлдіріп, көңілдендіріп жүретін. Қалжыңды жақсы көтеретін. Кейде ойламаған жерден небір көріністерді көрсетіп, ішек-сілемізді қатыратын. Әнді керемет айтты деп айта алмаймын. Бірақ бізде ән жағынан Досхан (Досхан Жолжақсынов – Х.З.) мықты болды. Әсіресе, домбырамен керемет орындайтын. Ол бізден екі сынып төмен оқыды.
Уәйіс әдеби кітаптарды көп оқитын. Ол кезде қазіргідей теледидар, интернет деген жоқ. Жалғыз ермегіміз – кітап. Содан болар кітапты таласа оқитынбыз. Батырлар жырын да көп оқитын. Ауылдағы көршіміз қиссаны керемет оқушы еді. Біз кешкілік сол кісінің үйінен шықпайтынбыз.
Уәйіс суға жақсы малтитын. Судың жағасында өскендіктен де болар. Кейде көлдің ортасындағы катерлерге дейін малтып баратынбыз. Су дегеннен шығады, Уәйіс екеуміздің бала кезімізде талай баланы суға батып бара жатқан жерінен шығарып алғанымыз бар. Бала болғанда бұрын-соңды суға түсіп көрмеген кішкене балалар мен қаладан қыдырып келген балалар.

– «Алматыға кетем, әртіс болам» деуші ме еді, Уәкең бала кезінде...

– «Әртіс болам, анау болам, мынау болам» деп айтқанын естіген емеспін. Ол кездегі балалар «дәрігер болам, мұғалім болам» дейтін. Сөйтіп жүріп Уәйіс әуелде мал дәрігері оқуына түскісі келген. Содан Семейге барып, емтихан тапсырды. Бірақ балы жетпеді. Содан кейін әскерге кетті. Әскерден келгеннен кейін бізден екі жыл төмен оқыған Досхан Алматыға өнер институтына оқуға түсті. Әуелде Уәйіс Алматыға ауылшаруашылық институтына түсемін деп аттанған. Ағасы сонда оқыған болатын. Алайда сол кезде Досханды көрген болуы керек. Досхан «Мен түскен оқуға түс» деп айтқан болуы керек шамасы. Содан не керек, ақыры түсті сол оқуға. Тоқсын, Құдайберген, Тұңғышбай бәрі бір курста оқыды. Кейін бірге қызмет істеді.

– Мектепте оқып жүргенде есіңізде қалған қызықты оқиға болса айтып өтсеңіз...

– Одан бері қырық жыл өтті. Көбі есте қалмапты. Айтпақшы, ұмытып барады екем, бала кезде балық аулауға әуес болдық. Уәйіс ағасымен бірге қайыққа мініп, балық аулап жүретін. Балықшы болып жұмыс істеген кездері де болды. Әскерге кетпей тұрған кезде, оқуға түсе алмай қалған уақытта жарты жылдай балықшы болғаны бар.
Бала кездегі қызық дегенде не айтуға болады? Жаз кезінде күні кешке дейін бітіретініміз балық аулау мен суға түсу болса, қыста мұз ойып, су таситынбыз. Ол кезде құдық жоқ. Суды көлден барып алатынбыз. Содан кейінгі жұмыс – шана, шаңғы тебу.
Біз сыныпта өте тату болдық. Әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Сыйластығымыз үзілген емес.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив