KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 3 м/с, СШ
476.27 515.47 5.41

Шолпан ЕЛУБАЕВА, етікші: – Халық қызық. «Етікші» ҚАЙДА ДЕП сұрайтындары да көп

6.03.2012, 18:00 108


– Сіздердің ойларыңызша мұндай етік жөндейтін дүңгіршектердің ішінде міндетті түрде қолы май-май болып, еркектер отыру керек қой, иә, әп-әдемі болып біз отырсақ жаман ба? Мүмкін әйел адамдар қолына тебен ұстап, теңге таба алмайды дейтін шығарсыздар? Біз қазір бәрін істей аламыз, – дейді етікші Шолпан апай.

Расында да, жол шетіндегі аядай дүңгіршектердің ішінде ер адамдардың етік жөндеп отыратынына көзіміз үйренген, ал әйел адамның былғары етіктерді сөгіп тастап, қайта тігіп, өкшелерін шегелеп жатқанын қарап отырған қызық екен.
– Бұл жерге келіп таңғалып жүрген жалғыз сен ғана емес, – дейді етікші апай. – Кірген адамдардың көбі маған аңтарылып қарайды, «Етікші қайда?» деп сұрайтындар да аз емес. Халық қызық… басында сенбейді, тіпті күмәнданып қарайды, жедел жөндеуге аяқкиім әкелгенде менің жұмыс істегенімді бақылап отырады. Құдайға шүкір, қолдан келіп тұр. Әп-әдемі қылып жұтындырып жөндеп беремін, сосын риза болып, киіп кетеді.
Шолпан Елубаеваның негізгі кәсібі тігінші екен. Кезінде ауылда клуб меңгерушісі болып қызмет атқарған ол, бертін жаңа кәсіпті қолға алған. Отағасы Мұрат етік жөндеумен 2002 жылдан бастап айналысады, қазір,
бұл – олардың отбасылық кәсібі. Шебер әйелге жұрттың көбі «Етікші етікке жарымайды» деуші еді, өзіңіздің етігіңіз қандай?» деген сұрақ қоятын көрінеді. Ол болса: «Мен етікшілер «елінің» қалыптасқан стереотипін бұзған адаммын, шеберханамнан желімнің, аузымнан арақ пен темекінің жағымсыз иісі шықпайды, орыста «матерится как сапожник» деген мәтел бар, мен боқтамаймын. Кеңседе компьютер алдында отырмасам да күнделікті жұмысқа әйелге тән әдемілігімді де ала келемін, құдайға шүкір, аяғымда етігім бар» деп жауап береді екен.
– Әрине, ешкім оқып туған жоқ, алдымен құрбыларым мен туыстарымның бүлінген аяқкиімдерін тігіп бердім, қате тұстарымды күйеуім жөндеп, үйретіп отырды. Алғашында қызым қарсы болды «Мама, ұят емес пе!» деді. Оның несі ұят? Тіпті отағасы да келіншегінің етік жөндеп отырғанына біраз намыстанатын сияқты. Оған несіне намыстанады? Мен өзім мысалы, кез келген адамның қолынан келе бермейтін кәсіпті игеріп кеткеніме мақтанамын. Бұл – нағыз еңбек. Жұмыс неғұрлым күрделі болса, соғұрлым қызықты. «Мына етікті жөндеген оңай, мынау қиын» деп бөлмеймін. Кез келгенін ұстаймын да жөндеймін және бұл жұмыстан өзімше бір ләззат аламын. Әр адамның өзінің істеп отырған ісіне деген махаббаты болуы керек, сонда ғана жұмыс алға баспақ. Қазір клиенттерім маған риза, тіпті, қаланың әр бұрышынан арнайы іздеп келіп, етіктерін жөндететіндер бар. Кейде бір адам бірнеше танысын ертіп келеді, – деп ағынан жарылды шебер.
Айтпақшы, Шолпан апайдың атасы етікші болған екен. Ол кісі өткен ғасырдың 30-жылдары хром етіктерді жөндеп, тіккен көрінеді. Атадан балаға қанмен берілетін ата кәсіп иесін әйел, еркек деп бөлмеген сияқты. Шолпан апайдың етікшілігі де осыдан болса керек.
Шолпан Елубаеваның ендігі арманы – кішігірім аяқкиім фабрикасын ашу. Оған әдеттегідей қаржы мәселесі қолбайлау болып отырған көрінеді. Әйтпесе етік тігудің қыр-сырын әбден меңгерген шебер келіншек қытайдың тауарынан да сапалы өнім дайындауға әзір.
– Алда мүмкіншілік болса, ойымдағыны іске асырармын, – дейді ол.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив