KZ
Өскемен
-6°
пасмурно Штиль
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Алтайдың ҚЫРАНЫ АРАБИЯДАН қалай оралды?

1.03.2012, 18:00 184


Құсбегілік өнерге соңғы жылдары Араб жұрты қатты қызығатын болыпты. Әсіресе, дәулетті адамдар сұңқар баптап ұстағанды аса ұнататын көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Араб Әмірлігінің шейхтері сонау итарқасы қияндағы Байөлкеде қыран құс баптап, аң аулайтын қазақ деген халықтың жұрнағы тұрады дегенді естіп, өз көздерімен көрмекке құмартыпты. «Іздегенге – сұраған» дегендей, сол тұста Моңғолияның атынан Мысырда отырған төтенше және өкілетті елші, ұлты қазақ Сайран Қадырұлы дейтін азаматтың араласуымен бұл жұмыс жүзеге асқан екен.
Осылайша Алтайы қырандар Арабия топырағына барып, ақ сәлделі араб шейхтерінің шерін тарқатыпты. Араб Әмірлігіне бүркіт баптап апарған байөлкелік Шайзада Жақайұлы мен Ардабек Қинаятұлы атты азаматтар екен. Осы сапар жайында Шайзадамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Ол жақтың түлкілері біз жақтың қарсағы секілді екен

Бізге «келсін» деген хабар 2002 жылдың желтоқсан айында жетті. Содан бүркіттерімізді алып, Ұланбатырға айырпланмен (ұшақты айтады) ұшып жеттік. Астанада оншақты күн аялдап, құстың құжаттарын, өзімізге виза дайындап алып, тура ақпан айының 12-сі күні Мәскеуге келдік. Қолымызда – бүркіт, түлкі тымағымыздың үкісі желбіреп, мұртымыз салбырап жетіп келген бізді көріп, орыстың кеденшілері шошып кетті-ау деймін, көзі шегір сары қыз шаңқылдап шыға келді. «Атып жіберсең де, өзің біл!» дегендей, маңқиып тұра бердік. Алтайдың бүркіті Мәскеудің мәдениетін қайдан білсін, бір әредікте менің қолымдағы құс сувенир сатып тұрған дүңгіршекке қарай саңғытып кеп жібергені...
Бізді бүркітімізбен қосып кеденнен Сайран Қадырұлы алып өтті. Кешікпей Мәскеу – Дубай бағыты бойынша ұшатын көлікке отырдық та, таңертең Дубайға келіп қондық. Мұнда күннің ыстығы – 30 градус. Кеше ғана 30 градус суықтан шыққан едік. Айнала сағым қуған қызыл құм. Қала тап-таза. Жап-жасыл. Дүб пен пальма ағаштарын көрдік.
Ұшақтан түскен жерде үстеріне ақ халат киген екі араб жігіті бүркіттерді алып кетті. Бізді Дубай қаласынан 165 шақырым жерде орналасқан Әбу Даби шаһарына алып келіп, бес жұлдызды қонақүйге орналастырды.
Қаладан 60 шақырым жерде биіктігі 120 метрлік қолдан тұрғызылған жасанды төбешік бар екен. Өздері оны «тау» деп әспеттейтін көрінеді. Осы «таудың» етегінде патшаның «Құс базасы» делінетін, торланып, арнайы жасалған орын бар. Осында сұңқардың түр-түрін өсіреді екен. Біздің бүркіттерді әкеліп, осында орналастырыпты. Бізді көргенде бүркіттеріміз қанатын қомдап жіберіп, дүр сілкінді. Еріксіз көзіме жас үйірілді. Жат жұртта жәутеңдеген өмір-ай десеңші…
Біздің бүркіттер мұндай ыстықты көрмеген, қайырымнан жаңылып, қожырап кетсе қайтеміз деп қорықтық. Күнделікті баптап, ара-тұра шырға салып, дайындай бастадық. Ол елдің түлкілері біздің жақтың қарсағынан да кішкене. Қояны біздің таудың көжегі тәрізді. Мұндай ұсақ аңды ұстап көрмеген қырандар аңға түспей ұятқа қалдыруы да мүмкін еді.
Содан бір күні «Мансур шейх келіп көреді» деген хабар жетті. Шейх 80-нен асқан адам екен. Бірнеше алғыншақ әйелінен 19 баласы бар. Бар үрім-бұтағымен, төрт-бес машинаға отырып, айналма жолмен төбенің басына келіп тоқтады. Құдай сақтасын, мына дүниенің бүкіл телетілшілері шейхпен еріп келді. Жарқ-жұрқ, сатыр-күтірден бүркітті қойып өзіміздің есіміз шығып кетті. Маған бүкіл әлем бізге қарап тұрғандай елестегені…
Ат шаптырым алаңқайға 2 түлкі, 3 қоянды жіберді. Біз де бір Аллаға сыйынып, бүркіттердің томағасын сыпырдық. Жарықтық құс екеш құстың да намысы бар екен, екеуі қайқаң етіп, қайшылай аспанға көтерілді. Қайтер екен деп, қарап тұрмыз. Ойпырым-ай, атқан оқтай шүйіліп келіп түлкі, қояндардың ту-талақайын бірақ шығарды. Байғұс аңдардың жүні шашырап, аспанға ұшты. Осы ғұмырымда қыранның осылай зарына кіргенін бұрын-соңды көрмеген едім. Ал кеп ағыл-тегіл жылайын. Жанымызға шейхтің өзі келіп, қос бүркітті қолына ұстап, суретке түсті. Осылай Арабияда абыройымыз асты.
Қайтарда бізді бастап келген Сайран мырза өз жұмысымен Мысырға кететін болды. Жолдасым екеуміз бүркіттерді тастап кетуге бел байладық. Өз басымызды аман-есен елге жеткізсек, соның өзі үлкен олжа еді. Біз кеткен соң бүркіттердің аяғына сақина салып, ұшырып жіберіпті.
* * *
Арада тағы бір жыл өткен соң бүкіл жұрт ғажайып оқиғаның куәсі болды. Шайзаданың Арабияда қалған қоңыр бүркіті туған топырағына оралыпты...

Қайрат Бекен

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив