KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 5 м/с, СБ
479.71 533.77 5.16

Кенжебазар киелі киім тігеді

1.03.2012, 18:00 110


Серілеріміздің әні болған, бұрымдыларымыздың сәні болған үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек, оюлы шапан, өрнекті камзол сынды ұлттық нақыштағы киімдеріміздің киесін бойына қондырып, соңынан ерген ізбасарларының ойына сіңіріп жүрген, Ұлан ауданы,
Айыртау ауылының тұрғыны Кенжебазар Жәнімханқызымен жолығудың сәті түскен еді.

2006 жылы үш баласымен Қытайдан атажұртқа қоныс аударған қандасымыздың жұбайы сол жақта дүниеден озған. Ал өзінің қажырлы еңбегінің арқасында құт мекенге тұрақ тепкеннен бері алған асулары мен бағындырған биіктері аз емес. Шебер – Ұлан ауданындағы халықаралық қазақтар қауымдастығы ұйымының белсенді мүшесі. Айыртау ауылының Ю.Гагарин атындағы орта мектебінде қолөнер пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеуде.
Астананың 10 жылдығына орай шырайлы Шығысымыздың атынан Елордамызға өз қолөнерін көрсетіп, сыйға тартып, елеулі өнерімен танылып келген ол ауданда, облыс-та жыл сайын өтетін қолөнер байқауынан жүлделі орындарды жеңіп алып келеді.
– Болашақта осы саланы ауқымдырақ етіп ашып, қызығушылық көрсеткен жастарға жол нұсқап, ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретсем, – дейді шебер.
Алдына мақсат қойып, кәсіп көзін тапқандарға мемлекет тарапынан бірсыпыра көмектер көрсетіліп жатыр. Айталық, жеке кәсіпкерлікпен айналысам дегендерге, Үкімет тарапынан пайызы төмен несие бөлініп жатқаны белгілі. Кәсіпкер Кенжебазар да бір миллион теңге несие алыпты. Бұл ақшамен едәуір істің басын қайыратынына сенімді.
Аядай бөлмеде жұмыс істеп, нәпақасын іс тігіп, текемет басудан, ою оюдан тауып отырған тігіншіге түсетін тапсырыс та аз емес көрінеді. Түрлі мерекелік шараларда ауыл, ауданды былай қойғанда, Өскеменнің өзінен ағылып жататын тапсырыс берушілердің көбеюі шебердің шеберлігін дәлелдеп тұрғандай.
Жиырма жыл бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан шеберіміздің өзге елде жүріп те жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен өнерпазымыз киім тігіп қана қоймай, қарасаң көздің жа-уын алатын өзіндік тартымдылығы бар түрлі көрпешеден бастап, оюмен өрнектелген алуан бедерлі сырмақтар, кәнуә, біз кесте, сызу сынды бірқанша өнердің арнасын қосып келеді.
Кәсіпкердің шеберханасындағы қаз-қатар ілулі тұрған сәнді сәукелелерден бастап, әжелеріміздің ақ кимешегі мен бабаларымыздың көзіндей болған түлкі тымақтың түр-түрін көріп, тамсанып қайттық. Өз ойынан туындаған ерекше үлгілері де жетерлік екен.
Әр өнердің өзіндік қиындығы бар. Бүгінгі күні үш баласын бірдей жоғары оқу орнында оқытып, қатарынан қалдырмай өсіріп отырған ардақты ана, ұлағатты ұстаз, өнерлі тігіншіге өнеріңіз өрге бассын дейміз.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив