KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность Штиль
481.19 538.45 5.18

«Уызына жарымаған» бала ұлт болашағын ойлай ма?

27.02.2012, 18:00 173


Жарық дүние есігін ашып, өзіне бейтаныс әлемге жатырқай қараған жас нәрестенің іңгәлаған үніне жетер әсем әуен бар ма екен? Жұмбаққа толы бұл әлемнің тылсым сырларынан беймәлім сәбиін құшағына алып, әлдилеп отырған ананың ақ дидарынан ажарлы жүз бар ма екен, сірә?! Ал, алпыс екі тамырын идіртіп, мейірімінен төгілген ананың ақ сүтінің орны тіптен бөлек. Адам бойындағы барлық асыл қасиет атаулы ананың ақ сүтімен даритыны ақиқат.

Бүгінде көптеген жас аналардың бала емізуді машақат көріп немесе «мүсінім бұзылады» деген желеумен дүкен сөрелерінде самсап тұрған жасанды сүттер мен тағамдарға әуес болып алғаны жасырын емес. Қазіргі заманғы ғылыми зерттеулер нәтижесінің өзі сәбидің дені сау болуы үшін екі жыл толық ана сүтімен қоректенуі тиіс екендігін анықтап отыр. Алайда ғылымның бұл «жаңалығы» бірнеше ғасыр бұрын Құранда: «Ана баланың емшектегі уақытын сақтағысы келсе оның мерзімі толық екі жыл» («Бақара» сүресі, 233-аят), «Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы емізеді. (Ей, адамдар!) Маған да, ата-аналарыңа да шүкіршілік етіңдер! Түптің түбінде қайта оралатындарың Менің алдым» («Лұқман» сүресі, 14-аят) деп айтылып қойғанын біреу білсе де, біреу білмес.
Ширек ғасырдан бері денсаулық саласында еңбек етіп жүрген білікті педиатр-дәрігер Мәруа Карыпова осы мәселе төңірегінде былай дейді: Қазіргі медицина сәбиге уыз сүтін берудің маңыздылығын біліп, жарық дүние есігін ашқан шақалақты бірден анасының кеудесіне жатқызып, емізуді міндеттеуде. Себебі, ананың сүті жас нәрестені қоректендіретін, кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын теңдесі жоқ ғажайып тағам. Ол сәбидің ми жасушаларының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделдететін қоректік заттарға өте бай әрі ас қорыту жүйесінің қызметін жақсартып, аллергиялық аурулардың, диабеттің, артық салмақтың, қан аздықтың алдын алады. Ана сүтін толық емген балалардың ақыл-ой зеректігі жоғары болады. Әрі бала анаға өте жақын болып, бауыр басып өседі. Тағы бір таңғажайып қасиеті ана сүтінің құрамы нәрестенің өсу мерзіміне қарай өзгеріп отырады.
Жасанды ұнтақ сүттер көп жағдайда сәбилердің аллергия дертіне шалдығуына әкеп соғады. Ал аллергия өз кезегінде көптеген аурулардың себебі болуы мүмкін. Сондықтан да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша баланы керегінше емізу, уақыт аралығына еш шек қоймау сияқты қағидаларын барлық ел мойындап, ұстанып отыр.
Жоғары санатты гинеколог-дәрігер В.Литвинованың айтуынша, бала емізу ананың денсаулығы үшін де пайдалы. Ол сүт безінің қатерлі ісікке шалдығу қаупін он есеге, жатырдың қатерлі ісікке шалдығу қаупін екі есеге төмендетеді. Ал, психологиялық тұрғыдан алғанда ана жүрегінің соғысы баланы тыныштандырса, баланың емуі анасының шаршағанын басады.
Кез келген ана баласын бір жасқа дейін тек қана ана сүтімен қоректендіріп, одан кейін қосымша тағамдар қоса отырып, екі-үш жасқа дейін емізгені дұрыс. Біріншіден, ең озық технологиямен әзірленді деген жасанды сүттің өзі табиғи ана сүтін алмастырғаны былай тұрсын, маңына жуымайды да. Ана сүтін емген баланың иммунитеті мықты болып, тұмау, жөтел, өкпе қабынуы сияқты респираторлық жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті жоғары болады. Екіншіден, нәрестесін ұзағырақ емізген ана омырау безі обырының (рак) алдын алады дейді медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, жоғары санатты онколог, маммолог дәрігер Темірхан Мұқажанов. Сүт безі табиғи орган ретінде өз қызметін атқаруы тиіс. Сонда ішіндегі сүт шығатын тканьдар ешқандай ауруға берілмей, жаңарып отырады да зиянды тканьдар пайда болмайды. Ал бала емізбеген 5-6 жылда сүт шығатын бездің орнына қатты еттер немесе өскіндер пайда болуы ықтимал. Ол жаңармайтындықтан, обыр дертіне бейімделеді.
Алла тағала әйел затын ұрпақ жалғастырып, бесік тербету үшін жаратқан. Демек, табиғат заңдылығына сай бүгінгі жас аналардың кемінде бес балаға дейін көтергені дұрыс. Өкінішке қарай, бүгінде әсіресе қалалық жерлерде көпбалалы отбасылар сирек. Кезінде аяулы аналарымыз Құдайдың берген он-он бес баласын көпсінбей тауып, барлығын уызына қандыра емізіп, жеткізді. Сондықтан да көпбалалы аналар сүт безінің ісігі кеселіне шалдықпайды. Ал қазір бұл дерт көбеймесе, азаймай тұр. Тіпті жыл өткен сайын жасарып келеді. Мәселен, бұрын мұндай ауру 50-ден асқан әйелдерде ғана кездессе, бүгінде бұл дертпен 20 жастағы жас аналар да ауыратын болды. Оның бір себебі өндірістік өңіріміздің сын көтермейтін экологиялық ахуалы десек, екіншісі, жас аналардың бірнеше нәресте сүю, оны аналық мейіріммен ұзағырақ емізу мәселесіне келіп тіреледі.
Бұрындары сүт безі обырымен ең көп ауыратындар Еуропа халқы еді, енді ғаламдық өркениетке қадам басқан Азия халықтарында да жиілеп кетті. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты әйелдердің бірі мәжбүрліктен жұмыс істесе, енді бірі мансап қуып, дүниеге әкелген сәбиін ана сүтіне қандырмай, алты ай ғана емізіп, тіпті кейбірі туа сала Алланың шеберлікпен жаратқан несібесінен айырып, жасанды сүтке үйретіп, «нянканың» қолына тапсыратын болды.
Бүгінде ұлтымыздың болашағына, ұрпақ денсаулығына немқұрайлы қарамайтын кейбір отандық ғалымдарымыз адамгершілік, имандылық, ізгі ниет, ұлттық болмыс, жалпы жақсылық атаулы ана сүтімен берілуі мүмкін бе деген мәселе төңірегінде ой қозғап жүр. Мамандардың сөзіне қарағанда, арнайы зертхананың жоқтығынан донорлық сүт берген әйелдердің ұлты, денсаулығы, сүтінің маңыздылығы ескерілмейді екен. Сондықтан бұл да терең зерттеуді қажет ететін уақыт еншісіндегі мәселе екендігі сөзсіз.
Тәуелсіз еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың «уызына жарымаған» әлжуаз болмай, кемел болашақты жасай алатындай дені сау, рухы мықты азамат болып өсуі бесік тербететін аналардың қолында екенін естен шығармайық.

Айжанат Бақытқызы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив