KZ
Өскемен
+26°
переменная облачность жел 3 м/с, Ю
443.03 480.38 4.91

Отырып қалған қыздар саны Қазақстанда 350 мыңға жетіпті

21.01.2014, 18:00 220



Бүгінде оң жақта отырып қалған қыздардың саны елімізде 350 мыңға жетіп қалыпты. Яғни жыл сайын отбасын уақтылы құра қоймаған қыздар қатары көбейіп барады деген сөз. Кей депутаттар, тіпті бұл мәселенің шешуші жолы - көп әйел алуда десе, енді бірі жалғызбасты әйелдерді пәтер беріп жарылқайық деген ұсыныс та тастады.

Көн етіктіні көзге ілмей, көк етіктіні күткендер көп қазіргі заманда. Тұрмысы түзу, ақылына көркі сай, жақсы атаулы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген ер жігітті кездестіріп, сонымен бірге шаңырақ қосуды армандайды көбі. Бұл турасында 31 арна тілшісі бірқатар сауалнама жүргізген екен.

ИНДИРА РАСЫЛХАН, әнші:
- Әйел азаматына аманат ретінде қарайтын, бұл әйел маған Алладан келген аманат, деп қарайтын еркектер ұнайды. Ол сол әйелді қайтсем осы менің жарым және балаларымның анасы деп алақанына салып жүретін ер азаматтар ұнайды.

Статистиканы сөйлетсек, елімізде дәл осылай қосағын күтіп отырған қыздардың саны 350 мыңға жуықтап қалыпты. Себебін қалыңдық атануға дайындалып, той көйлегін әзірлеп жүрген Мәдина Сәдуақасова былай түсіндіреді.

МӘДИНА СӘДУАҚАСОВА, әнші:
- Уақыты келмей, жапырақ та сарғаймайды. Сол сияқты әр адамның өзінің уақыты болады, тұрмыс құруға, үйленуге де, бақытты болуға да, балалы болуға да.

Ал өнерде де, өмірде де жұптары жазылмай келе жатқан жұбайлар Рамазан мен Ұлту Стамғазиевтер қыз бала саналы түрде оқуы тиіс. Себебі бүгінгі күні әйел затының қоғамдағы рөлі артты, деп отыр. Алайда қызмет құрығына түсіп, бір белестен екіншісіне өтіп жүрген нәзік жандырларымыз уақыттың шексіз емес екендігін ескергендері жөн, деседі.

РАМАЗАН СТАМҒАЗИЕВ, дәстүрлі әнші:
- Кез келген жерге қарасаңыз, бұрынғыға қарағанда қазір қыздардың, әпкелеріміздің, әйел адамдарының араласып, кәдімгідей, ер азаматтармен тең отырып, қоғамдық өмірге араласып жатқандығын байқаймыз. Сондықтан кейде қыздардың отырып қалуының себебі, бір қыры да осыда.

Өз бабын өзі жасап жүрген Тамара Асар "Жаман аттан жайдағым, жаман байдан бойдағым" деген халық даналығын алға тартады. Көзді жұмып, көрінгенге тұрмысқа шығу мақсатым емес. Болашақ жарымның моральдік және материалдық жағдайы жақсы болғанын қалаймын. Десе де дәмім бұйырып, жақсы адамға жолығып жатсам, бас тартпаймын, дейді ол.

ТАМАРА АСАР, әнші:
- Міндетті түрде оның моральдік жағдайы мен материалдық жағдайына қараймын. Мен моральдік жағдайына қарайтын себебім - мен оны баламмен қосылып тәрбиелемеуім керек. Материалдық жағдайына қарайтын себебім - мен оны баламмен қосып асырамауым керек.

Ал 5 баланың анасы Алтынай Жорабаева болашақ жарына талап қоюдан жалықпайтын бойжеткендеріміз өздерінің күйеуіне берері қанша екендігін ұмытпағандары жөн, дейді.

АЛТЫНАЙ ЖОРАБАЕВА, әнші:
- Душқа кірген кезде артынан сүлгісі мен іш киімін апарып беріп қоямын. Киімдерін өзім дайындап, шығып бара жатқан жерде әтірін сеуіп, аяқ киімін тазалап,бүйтіп шығарып саламын.

Әр нәрсе өз орнымен әрине. Десе де, құйрық-бауыр жеп, құдандалы болған ата-ана мен жат жерге қылығымен сіңісіп, әулет үзігін жалғаған қыздың бейнесі жоғалмаса абзал. Себебі, оң босағада отырған қыздар қартайса, халық саны ортаятыны рас.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив