KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 3 м/с, СШ
476.27 515.47 5.41

Бақытты болуды үйреніп жүрмін

22.02.2012, 18:00 148


- Мына автобус бақытсыз екен.
Қасымдағы адамның сөзі маған ұнамай қалды.
- Жоқ, - дедім мен жұлып алғандай. – Бұл ең бақытты автобус.
- Сонда қалай ? Әп-әдемі, жап-жаңа шетелдік көлік жаман жолмен жүре алмай қор болып келеді... Сонда мұның қай жері бақыт?
Қасымдағы адам шынында менің жынымды ұстатты. Айдаладағы шетелдің бір көлігіне жаны ашып.
- Бақытты автобус, - дедім тағы да сөзімді нықтап. - Өйткені, бұл автобуста ең бақытты адам келеді.
- Сонда ол кім?
- Мен
Ол бетіме таңдана қарады. Ал, мен әлемдегі ең бақытты адамдай басымды тік көтеріп, күлімсіреп отырмын. Шын айтамын, осы жұрт бақытсыздық дегенге неге құмар екен? Жоқ нәрседен бақытсыздықты іздейміз. Мен бақыттымын деп қашан ойлаймыз осы біз. Психологтардың кітаптарын оқымай ма өзі. Қыл аяғы автобусты да бақытсыз етіп қойған мына адамды айтсаңшы... Иә, жолдың сапасы нашар шығар. Оған жолшылар кінәлі. Соған бола автобусты бақытсыз деп айтуға бола ма? Онда бақытсыз автобусқа мінген адамдардың да бақытсыз болғаны ғой...
- Ең бақытты адаммын дейсіз бе?
- Иә. Ал сіз ше? Бақытсызсыз ба?
Не иә, не жоқ деп айтарын білмей, күмілжіп қалды. Содан кейін:
- Қайдағы бақыт! Бақытты болсам, өзімнің көлігіммен жүрмеймін бе? Бақытты болсам, зәулім сарайда тұрмаймын ба? Бақытты болсам... деп ұзақ-сонар әңгімесін бастап кетті.
Қандай таяз адам едің деп ойладым ішімнен. Сенің жер басып жүргеніңнің өзі бақыт емес пе? Сенің күлгеніңнің өзі бақыт емес пе? Бақытын дүниемен өлшейтін адамдарды бар ғой осы мен түсінбеймін. Өз ойыммен отырып, аялдамаға қалай жеткенімді де байқамаппын.
Жердің шаңын бұрқыратып саяжайыма келе жатып та бақыт туралы ойладым. Менің басымда зәулім үй бар деп кім айтты. Менің астымда жүйткіген көлік бар деп кім айтты. Бірақ мен өзімді бақытсызбын деп айтпаймын. Қарсы соққан желден бе екен, жанарым жасаурап кетті ғой өзі.
Қалай деп жазылып еді әлгі психологтың кітабында. «Өзіңізді бақыт құшағында жүргендей сезініңіз. Бақыт сіздің жарқын күндерге деген сеніміңізден басталады... ».
- Жанночка, қызанақ аласың ба?
Алдымнан көрші әйел Надяның шыға келмесі бар ма? Осы орыстардың қызанағы қалай тез қызарады екен? Менікі ғой көгеріп, сазарып әлі тұр.
- Аламын, - дедім. Өзімді байларша сезініп, әмиянымдағы соңғы 500 теңгемді ұсындым.
- Осыған келгенінше беріңіз.
Қызанағымды көтеріп үйге кірдім. Бірақ ертеңгі күніме алаңмын. Апырай, ә, ертең жұмысқа жаяу баратын болдым ғой. «Бақытсыз» автобус та бұйырмайтын болды-ау... Қолыма тағы да психологтың кітабын алдым. Мен бақытты болуды үйреніп жүрмін...


Мейрамтай Иманғали

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив