KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Тәуелсіздігімізді ту еткен туындылар байқауы мәреге жетті

19.02.2012, 18:00 125


Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында облыстық мәдениет басқармасы, өнер мұражайы ұйымдастырған «Менің Қазақстаным» атты бейнелеу өнері туындыларының облыстық байқау-қорытындысына арналған салтанатты рәсім болып өтті.

Салтанатқа еліміздің Суретшілер одағының төрағасы Б.Өмірбеков, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Түсіпбеков, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы директорының орынбасары Е.Нұразхан, Алматы, Астана және Семей қалаларынан келген қазылар алқасының мүшелері қатысты.
Осымен екінші рет ұйымдастырылған бұл байқауға облысымыздағы 37 қылқалам шеберінің әртүрлі жанрдағы 67 туындысы қойылыпты. Қылқалам шеберлері өз еңбектерінде өздерінің азаматтық-патриоттық ұстанымдарын барынша айқындап, кең байтақ Отанымыздың сұлу табиғатын, халқымыздың бақытты өмірі мен ұлттық құндылықтарын сан қырынан, шеберлікпен бейнелегенін байқатты бұл байқау.
Қатысушылардың арасында 2010 жылғы байқаудың жүлдегерлері Қайсан Қадырбеков, Николай Аштема, Ержан Тұрғынбеков сынды төселген, сақа суретшілермен қатар облысымызда болашақ қылқалам шеберлерін дайындап жүрген бейнелеу өнері студиялары мен мектептерінің жетекшілері де бар екен.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені жеңіп алған өскемендік Құдаш Нұрсадықовқа диплом мен 100 мың теңге ақшалай сыйлықты «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Түсіпбеков табыс етті. Қ.Нұрсадықов бұл байқауға «Көкпар», «Немерелерім өсіп келеді» картиналарын және Қазақстанның Халық жазушысы Қалихан Ысқақтың портретін ұсыныпты.
– Қазылар алқасының менің туындыларыма жоғары баға бергеніне дән ризамын. Мақсатым – жүлде алу емес, Тәуелсіздік мерекесіне лайықты тарту жасау болатын, – дейді қылқалам шебері.
Ал жүлделі 1-орын өскемендік Н.Аштемаға, 2-орын тағы бір өскемендік Е.Тұрғанбаевқа бұйырса, 3-орынды Н.Малютин, Р.Рахметов және Ф.Хасенов өзара бөлісті.
Салтанатты жиында Т.Түсіпбеков пен Б.Өмірбеков байқауға облыс суретшілерінің кәсіби деңгейінің биік екенін айқындаған құнды туындылар қойылғанын, сөйтіп, олар ел Тәуелсіздігі мерекесіне тамаша тарту жасағандарын тілге тиек етіп, жүлдегерлерге шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, облыстық өнер мұражайының көрмені ұйымдастыруға сіңірген еңбектерін жоғары бағалады.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив