KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

«ҚазМұнайГаздың» қажетін өтейтін өнім көп

16.02.2012, 18:00 220


«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен оның «КазТрансГаз», «КазТрансОйл» сияқты еншілес кәсіпорындарының, Павлодар, Шымкент, Атырау мұнай өңдеу зауыттарының басшылары Өскеменге келді.

Өңірдің кәсіпорындарын аралап, өнеркәсіп орындарында шығарылып жатқан өнім түрлерімен танысты. Сапар қорытындысында компания мен аймақ кәсіпорындары екі арасындағы екіжақты байланыстарды дамытудың бағыттары көрсетілген ұйғарым хаттамасы толтырылып, болашақта сатылып алынатын өнім иелерімен өзара келісімдер жасалынды.
Қазақстанға шетелден тасылып жатқан өнеркәсіптік тауарлардың санында шек жоқ. Еліміздің ірі ұлттық компаниялары мен кәсіпорындарының пайдаланып отырған өнімдерінің ішінде импорттық материалдар үлесі көп. Облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратовтың қатысуымен өткен кеңесте «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның қазақстандық үлесті дамыту департаментінің директоры Бауыржан Ильясов бастаған аталған компанияға қарасты кәсіпорындар басшылары облыстағы кәсіпорын өкілдерін тауарларды сатып алу шарттары, оларға қойылатын талаптармен жан-жақты таныстырып, компания кәсіпорындарымен келісім жасасып, өнімдерді жеткізуге дейінгі алыс-беріс мәселелерін талқылады.
Жомарт Мұратовтың айтуынша, өткен жылы аймақта еліміздің ұлттық компанияларымен жалпы құны 35 миллиард теңгені құраған 8 мыңнан астам келісім жасалынса, «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен 5,4 миллиард теңгенің 235 келісімшарты қабылданған. Дегенмен облыстың өнім өндіріп, сатудағы әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Шығыста Қазақстандағы көптеген өндіріс орындарының, мекемелердің қажетін өтеуге жарарлық бәсекеге қабілетті, сапалы өнімдер шығарылып жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылып жатқан жаңа өндіріс орындары да жетерлік.
Мәселен, Өскемен арматура зауыты өнімдерінің 75 пайызы өз елімізден тысқары жаққа, шетелге сатылып жатыр. Ресейдің аты әйгілі «Транснефть», «РосНефть», «Лукойл», «Каспий Мұнай құбыры Консорциумы» тәрізді ірі компанияларының сұранысына ие болып отырған зауыттың арматура, мұнай-газ шаруашылығы саласына қажетті өнімдері Қазақстан нарығына дендеп ене алмай келеді. Былтыр сатып алушыларға зауыттан 7,3 миллиард теңгенің өнімі жөнелтілсе, соның екі миллиардқа жуығы ғана өз еліміздің тұтынушыларына сатылған.
Зауыт еліміздегі «ҚазМұнайГаз» барлау, өңдеу» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, өзге де компаниялармен жұмыс істеп келе жатқанымен, олардың қатарын көбейте түсіп, өз еліміздің нарығына шығу уақытты да, жол шығынын да үнемдеуге мүмкіндік беріп, өндіріс орнының тұрақты тапсырыс берушімен қамтамасыз етілуіне сенімділікті арттырмақ.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысып отырған Өскемен арматура зауытының өндірістік құрал-жабдықтары қазір түгелдей шетелдің заманауи технологиясына ауыстырылған.
– Өткен жылы «Өскемен арматура зауыты» АҚ-ның өндірістік желісі түгелдей мұнай-газ саласы шаруашылығының жабдықтарын сараптаушы американдық мұнай институты стандарттары талаптарына сай деген сапа белгісін иеленді. Қайта жаңғырту жұмыстарының аясында жаңадан 340 жұмыс орны ашылды. Өндірістік қуатын арттырып, жаңа өнім түрлерін игеріп отырған біздің зауыт үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесе жұмыс істеудің маңызы зор. Өткен жылы ұзақ уақыттан бері ең алғаш рет «ҚазТрансОйл» АҚ-мен келісімшартқа отырдық. Осы үрдіс келешекте де жалғасын тапса, сіздермен ұзақ мерзімге келісімге отырып, жұмыс істесек, екіжақты байланысымыз өнім шығаруды алдын ала жоспарлауға, зауыт өндірісін одан әрі өркендетуге игі ықпалын тигізер еді, – деді кеңесте сөз алған «Өскемен арматура зауыты» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ержан Әшімов.
Өскемен конденсатор зауытының өнімдері де елімізде айтарлықтай сұраныс таппай келеді. Зауыттың директоры Владимир Аксенов та «ҚазМұнайГаз» компаниясымен тығыз байланыс орнатуға ниеттеніп отырғандарын жеткізді. Былтыр осы кәсіпорынның конденсаторларын сатып алған Қызылорда өңіріндегі ірі кәсіпорындардың бірі бір жылда 11 миллион теңгенің электр энергиясын үнемдеуге қол жеткізіпті.
Өскеменге арнайы ат басын тіреген «ҚазМұнайГаз» компаниясы басшылығымен кездесуге облыс орталығынан ғана емес, аудандардан келген кәсіпорын басшылары да аз болмады. Бұқтырма цемент зауыты, Серебрянка органикалық емес бұйымдар зауыты, «Исток» серіктестігі, тағы да басқа ірілі-ұсақты кәсіпорындар басшылары сапалы өнім өндіріп, көпке белгілі болған кәсіпорындардың тұтыну нарығын кеңейте беру мақсатында компания қызметкерлеріне өздерінің ұсыныстарын жолдады. «Көгілдір бұғаз» демалыс базасы компания кәсіпорындары ұжымының демалысын ұйымдастыруға жағдай жасай алатындықтарын алға тартты.
Кеңесте облыс кәсіпорындары басшыларын компания жұмысымен таныстырып, оның болашағы, алдағы жоспарлап отырған жаңа жобалары жайлы әңгімелеген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ қазақстандық үлесті дамыту департаментінің директоры Бауыржан Ильясов компанияның былтыр елдегі өнеркәсіп орындарымен 67 миллиард теңгенің келісімшартына отырғанын, бұл ретте Шығыс Қазақстанның үлесін келешекте әлдеқайда көбейте түсу мүмкіндіктері мол екендігін атап өтті. Ұлттық компанияның 2012–2015 жылдарға межеленген жаңа жобалары бойынша бірнеше өндірістік нысандар іске қосылып, кәсіпорындардың қуаты арттырылмақ. 1600 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қысқасын айтқанда, бүгінгі қызметі үшін де, болашақтағы жұмысы үшін де пайдаланылатын, қажет етілетін өнімдер қатары көп. Бұл біздің кәсіпорындарымыз үшін тапсырыс алып, ірі компанияның қомақты сұранысын өтейтіндей сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр.
Компанияның бас менеджері кеңеске келген кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшыларына тендерлік комиссияның жұмыс тәсілі, тұтынылатын тауарларға ұзақ мерзімге келісімшарт жасаудағы басымдықтар туралы түсіндіріп қана қоймай, еншілес кәсіпорындардың пайдаланып жатқан өнімдерінің каталогын таратып берді. Кәсіпорын басшылары облысқа келген компания қызметкерлерімен көзбе-көз әңгімелесіп, болашақта өзара байланыс орнатудың нақтылы мүмкіндіктерін қарастырды.
Кеңестен соң «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен оның еншілес кәсіпорындарының басшылары Өскемен арматура зауыты мен, Өскемен конденсатор зауытында болып, өндіріс орындарында шығарылып жатқан өнімдермен, олардың сапасымен танысып, мүмкіндіктерін бағамдады.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив