KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
485.04 525.98 5.04

«Ойыны осылған олигарх» - республикалық басылымдарға шолу

16.02.2012, 18:00 128


Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 17 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Кеше Лондонның Жоғары соты БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовті сотты құрметтемегені үшін қамауға алу туралы қаулы шығарды. Бұл жөнінде судья Найджел Тиэрдің шешімінде айтылған. Судья Әбіләзов төменде келтірілген айыптаулар бойынша сотты құрметтемегені үшін кінәлі деген шешім шығарды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ойыны осылған олигарх» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Әбіләзов қаржы активтері мен құнды қағаздар елден шығарылған «Бубрис» компаниясының қожайыны болып табылатынын жасырған. Сол сияқты Лондонның Жоғары сотынан Англиядағы жылжымайтын мүліктің қожайыны болып табылатынын да бүгіп қалған Әбіләзов сотқа қатысқан жоқ. Осындай айыптауларға байланысты сот Әбіләзовті ұстап, 22 ай мерзімге қамауға алу жөнінде шешім шығарды.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакспен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының ең басты мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Қазақстан мен Американың қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік жағдайында дамып келе жатқаны атап өтілді. Сұхбаттасушылар қауіпсіздік тақырыбына арнайы тоқталды. Осы орайда Нұрлан Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жөніндегі, сондай-ақ Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын қабылдау туралы бастамаларының маңыздылығын атап өтті.

***

Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған заң елімізде 2009 жылы қабылданған болатын. Заңнамалық қолдау болғанымен, екі жылда балама қуат беретін нысандар қатары қаптап, сарқылмайтын энергия нысандарының сақайып кетпегені белгілі. Сондықтан жаңартылатын энергияға қатысты әлемдік тәжірибелерді сараптап, балама көздерді дамытуға не кедергі екенін зерделеген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қуаттың осы түрін қолдауға арналған жаңа заң жобасын әзірлепті. Кеше бұл құжатың тұсауы Мәжілісте кесілді. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Балама энергия көзіне балама заң керек» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі демократиялық даму мен сот билігі жүйесін нығайту мақсатында сот мәжілістері алқабилердің қатысуымен өткізіле бастады. Қарапайым халық өкілдері болып табылатын алқабилердің сот шешімдеріне қатысуына, жай ғана қатысып қоймай, сот отырысында шешім шығаруға нақты ықпал етуіне жағдай жасайтын бұл өзгеріс демократиялық қоғам құру талаптарынан туындағаны анық. Әйтсе де адам тағдырын шешуге атсалысып жүрген алқабилердің сапалық деңгейі қаншалықты? Мұны тексерген прокуратура органдары шошып отыр. Прокурорлардың жүргізген тексеруі нәтижесінде Алматы қаласы бойынша алқабилер құрамынан 1066 азамат алынып тасталған. Өйткені бұл тізімдегілердің 574-і бұрын сотталған болса, 84-і жүйке ауруына шалдыққан, ал 335-і нашақор, 40 азамат мемлекеттік қызметкер, 117 адам шет мемлекеттің өкілі болып шыққан. Бұл мәселе туралы «Алаш айнасы» газетіндегі «Ақыл-есі күмәнді алқабилер» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Кеше Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста Республиканың кейбір аудандық және оған теңестірілген соттардың судьяларының штат санын қайта бөлу жөніндегі Жоғарғы Соттың ұсыныстары қарастырылды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, жиында сот жүйесіндегі бірқатар кадрлық, оның ішінде жаңадан құрылған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың төрағалары қызметтеріне кандидатуралар, сондай-ақ республиканың кейбір соттарының судьяларын қызметтерінен босату жөніндегі ұсыныстар туралы мәселелер қарастырылды.

Мәлiметтiң көзi: ҚазАқпарат




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив