KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
487.24 529.34 5.02

ШАР СТАНЦИЯСЫНА САБЫЛУМЕН КЕЛЕДІ

15.02.2012, 18:00 149


Өскемен-Шар аралығына тура теміржол тартылады екен дегенде ең алдымен 150 шақырымдық осы екі аралықтағы ауылдардың тұрғындары қуанған болатын. Өйткені, басқа қалалар мен жолдағы елді мекендердің тұрғындары айналма жолдың азабын тартса да, әйтеуір діттеген жеріне жайлы көлікпен жету мүмкіндігіне бұрыннан ие болатын.

Сөйтіп, халық іске қосылуын асыға күткен сол жолдың пайдалануға берілгеніне де үш жыл болыпты. Өскеменге келетін жолаушылар бұрынғыдай Семей басып, Ресей асып, ит арқасы – қиянмен жүріп, қиналмайтын болды. Мұның жалпы ел үшін пайдасы ұшан-теңіз, игілікті іс болғаны даусыз. Алайда, осы игілікті жол бойындағы Шалабай, Әуезов, Борсақ, Айыртау сияқты ауылдардың тұрғындары күні бүгінге дейін көре алмай-ақ келеді. Бұл ауыл деп отырғанымыз (Борсақтан басқасы) 40-50 үйлі, анау-мынау қараша елді мекен емес. Кезінде қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсірумен аты шыққын Шалабай ауылының шып-шырғасы нарықтық өтпелі кезеңде де шыққан емес. Қазірде де екі мыңдай адам тұрып жатыр. Жыл сайын өркендері кеңейіп, өрге басып, небір жаңа шаруашылықтар құрылуда. Ал осы ауылдан небәрі 5 шақырым қашықтықта алтын өндірумен әйгілі Бақыршық кеніші орналасқан Әуезов ауылының тұрғындар саны үш мыңға жетіп жығылады. Сөзіміздің бір өтірігі жоқ, осынау өндірісті ортада отырса да Бақыршық кентіндегілер жол мәселесіне келгенде нағыз «алтын жастанған қайыршылар». Олай дейтініміз, Өскеменнен небәрі 90 шақырым жерде, нағыз қазағымызша айтсақ, таяқ тастамда тұрса да күні бүгінге дейін осы арадан ескі Қанайға дейінгі 30 шақырым жолға асфальт төселмек түгілі, қиыршық тас та төгілмеген. Шаңы шыққан қара жол жазда батпақтан, қыста қардан көз ашпайды. Қыс қатты болған жылдары бұл жол апта бойы жабылып, айналамен қатынас мүлде үзіліп қалады. Сонда деймін-ау, 30 шақырымға жол салуға жарамаған осындағы алтын өндіруші компания жергілікті жердің «алтынын алып, абдырасын тастап» жатқан сияқты...
Сондықтан да жол азабын тартқан бақыршықтықтар мен шалабайлықтар «теміржол тартылады» дегенде алдымен бөріктерін аспанға атқан болатын. «Көп дәметкен жерде үш күн аш қонасың» деген мақал дәл осынау ауылдықтардың үш жылғы дәмесіне қаратып-ақ айтылғанға ұқсайды.
Олар «теміржол тартылады» деген жай дақпыртқа қуанған жоқ. Шалабайдағы бекет құрылысы көз алдарында бой көтерді. Жаңа теміржол бағыты пайдалануға берілген салтанатты жиында сөз алған басшысы бар, қосшысы бар – бәрі де бұл бекеттің Шалабай мен Бақыршықтағы ауыл тұрғындарына тамаша қызмет көрсететінін, тіпті, ауыл адамдары жұмысты болатынын мақтанышпен айтқан болатын.
Бірақ, бекет салынғаннан не қайыр, ол әлі пайдалануға берілген жоқ. Үш жыл барысында елге бірде-бір қызмет көрсетпей, қаңырап бос тұр.
Тұрғындардың айтуынша, Шалабай бекетінің құрылысы саз жерге орналасқандықтан, қабырғалары қақырап, жарамсыз болып қалған. Сонда мыңдаған тонналық жүк пойызының салмағына төтеп беретін теміржол төсеніштерін салған құрылысшылар бекеттің аядай құрылысының табанын дұрыс тарта алмағаны ма? Апыр-ай десеңші...
Сонымен қойшы, аталмыш бекеттерге сыңар вагонды пойыз тоқтамайды. Мінген пойыз атты көліктері ауылдың іргесінен өтіп жатқанымен, Шалабай мен Бақыршыққа келетін жолаушылар баяғысынша Шар бекетінен түсіп қалуға, ал айыртаулықтар ауылының тұсынан өте шығып, үйлеріне Өскеменнен кері қайтуға мәжбүр. Бұған қоса тұрғындар бұл ауылдан өзге қалаларға теміржолмен қатынау үшін 45 шақырымдық Шар станциясына сабылумен келеді.
Біз бұл келеңсіздіктің себебін Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Сәкеновадан сұрап, білгенбіз.
– Осыған байланысты Парламент депутаттарынан бастап, тиісті органдарға, сонымен қатар осы жолды салған «Досжан теміржол» АҚ-ға қарата дегендей, үш жыл бойы мәселе қоюмен келеміз. Соңында бекетті өткен жылдың қыркүйек айында, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашуға уәде берілген болатын. Алайда, күні бүгінге дейін ол тек уәде күйінде қалып отыр, – дейді ауыл әкімі.
Ал «Досжан теміржол» АҚ-ның Өскемен қаласындағы басқарма бастығы Асқар Құрмановтың айтуынша, теміржол құрылысы әлі толық аяқталмаған, мемлекеттік комиссия қабылдап алмаған. Ал мемлекеттік комиссияның қабылдауынан өтпеген жағдайда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігін ешкім мойнына алмайды. Құрылысты комиссия қабылдап алған соң ғана министрліктің шешімімен, жол бойындағы вокзалдардың жұмыс істеуіне қаржы бөлінетін көрінеді. Ал мемлекеттік комиссияның оны қашан қабылдап алатыны жөнінде ешкімнен жарытымды жауап ала алмадық.
Сөйтіп, «арзан бағалы, көп қатынайтын көлікке жаримыз» деген Шар-Өскемен теміржолы бойындағы жоғарыда аталып өткен ауылдардың арманы әлі күнге сағым ғана болып отыр. Тұрғын халық болса: «Бұл жолдың пайдасын емес, зиянын шегіп отырмыз, теміржол бойындағы қоршаудан мал жайылымы тарылып қалды. Оның сыртында темір жол қоршауының сапасыздығынан, күзеттің осалдығынан өткен екі жылда ауыл тұрғындарының бірнеше сиыры пойыз астына түсіп өлді. Иелері болса, малынан айырылып қана қоймай, оларды қараусыз жібергені үшін сиырдың бағасынан екі есе артық айыппұл төледі. Құрығанда теміржолдың ауыл жанынан өтетін бөлігінің қоршауын мықтауға, қарауылын күшейтуге болады ғой» деп налиды.
Арыз-арманы орындалмай, жанында қалып бара жатқан ауылына қол бұлғап өтіп кетіп, кері қайтумен-ақ жүйкелері жұқарған төрт ауылдың жұртына жаның ашығаннан басқа ешқандай сөз таппай қиналады екенсің. Бұған не шара?!.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив