ШҚО-да ардагерлер компьютерді меңгеріп, енді әлеуметтік желіні қолға алуда
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып, әрқашан жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп келе жатқан ардагерлеріміз бүгінде компьютермен жұмыс істеуді меңгеріп, күнделікті тіршілікте әлеуметтік желіні белсенді қолдануға кіріскен. Сондай-ақ, облыстағы аға буын өкілдері қоғам тарапынан өздеріне деген тиісті құрмет пен қамқорлық азаймаса екен дейді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл жөнінде жақында өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ІV пленумында жан-жақты сөз етілді.
Жиында ардагерлер қазіргідей дамыған заманда қоғамға масыл болмай, керісінше «әдемі қартаюдың» жолдарын да талқылады. Мысалы, бұл реттегі өз ойымен және жобаларымен бөліскен Шемонаиха аудандық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Светлана Лычагина бүгінде зейнеткерлер компьютерді меңгеруге үлкен қызығушылық танытуда екендігін жеткізді.
– Қазіргі таңда зейнеткерлер құқықтық және компьютерлік сауаттылыққа баса мән береді, үйренгісі келеді. Әсіресе, интернеттің мүмкіндігін пайдаланып, жедел түрде ақпараттар жариялауға, сол арқылы өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаң құру мақсаттары бар. Бұл бағыттағы оқу сабақтарына смартфондарды, ноутбуктарды және банктік карточкаларды қалай дұрыс қолдануды кіргізіп жатырмыз, - деді ол.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алексей Федоров Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласынан алған әсерімен бөлісіп, жастар мен балалар тәрбиесінде алатын мәні мен маңызына тоқталды.
Сонымен қатар пленумде аға буын өкілдері өздерін толғандыратын мәселелерді де көтерді.
Мәселен, Бородулиха ауданынан қатысқан Оралғазы Құспанов «1937 жылы 31 желтоқсанда туғандар тыл ардагері болады да, ал 1938 жылдың 1 қаңтарында туғандар ілінбей қалады. Болашақта осы жағы ескерілсе» деген тілек айтты. Ал күршімдік ардагерлер ұзақ жылдар бойы ел дамуына еселі еңбек еткен ардагерлер еленіп, оларға «Еңбек ардагері» медалі тапсырылса деген өтініш білдірді.
Облыстағы аға буынның өлшеусіз еңбегін өз баяндамасында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов та нақты мысалдармен атап өтті.