KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 2 м/с, З
489.36 533.45 4.99

Егер "Алтын домбыраның" ақындарына бәс тігілетін болса

5.12.2018, 04:53 62


Футбол тойы басталса, жанкүйерлер жарыса бәс тігіп, жапатармағай болжам жасап жатады. Тамырында қазақы қаны бар азаматтардың айтысқа махаббаты ала допқа деген сүйіспеншілігінен кем соқпайтыны белгілі. Ендеше, қазақ айтысының қадірі артсын деген мақсатта сіз де өз болжамыңызды жасаңыз. Ал біз айтулы сөз сайысының саңлақтарына аз-кем тоқталып көрейік.


Сүбелі сөз барымтасында көпке ұнайтын көшелі ой айтуға құмар Айбек Қалиев өткен жылы ғана «Ақтангер ақын» деген атаққа ие болды. Бірақ ол ақиқаттың отаны – Алматыда өткен айтыс болатын. Биылғы айтыстың Елордада өтенін ескерсек, айтқыш ақынға «Алтын домбыраның» ауылы алыс секілді. Осы айтыстағы 20 ақынның ішінде ортаңғы лектегі жүйріктердің аяқ алысы Тілеген Әділов пен Төлеген Жамановқа да жол бере қоймайтын сыңайлы. Серік Қуанған, Сырым Әділбек, Шалқарбай Ізбасаров, Ершат Қайболдин сынды соңғы буын өкілдерінің екпіні ерекше. Сырым санаулы жерде төбе көрсеткенін айтпасаңыз, көрермен үшін ашылмаған арал. Серік пен Ершаттың жастығын, жалынын ескеріп қазылар алқасы жүлделі орындардың бірін ұсынып жатса, өз басым таңғалмас едім. Ал, алып денесі мен әкесінің туфлиінен шоу жасап келе жатқан Шалқарбайға тың дүние керек сыңайлы. 


Қыз бен жігіт айтысының озық үлгісін жасап келе жатқан Мақсат Ақановқа айтыстың қос гүлі Әсем мен Жансаяның бірі бұйырса ақтық сында Ақанов атойлауы бек мүмкін. Бұл жаңағы қыздардың қай-қайсына да жаман болмасы анық. 


Өткен жолғы айтыста Тұңғышбай Жаманқұлов жайлы ойын ондыққа тигізген Ринат Зайытов бұл жолы нені айтуы мүмкін?! Дәл осы айтыстың ақтық сынында жолыққан Мұхтар Ниязов екеуінің тап бермедегі тартысы көпшілік көңілінен шыға қоймағаны белгілі. Ел мұңын айтып жүрген қос жүйріктің де жанкүйерлері жетерлік. 


«Бес ғасыр жырлайдыны» беске білетін Аспанбек пен Болатбек те дәмелі жүйріктер қатарынан. Көптен бері көбең жүрген Болатбекті тосыннан топқа қосу да біраз жағдайдың шетін шығара ма, қалай?! Жетісудың жүйрігі Алматыда алтын уыстап жүрсе таңғалуға болмас. Ал Баянауылдың баласында жылдағыдай арын жоқ секілді. Астаналық ақындардың қатарына қосылған Нұрматтың да дайындығы жаман болмас. Осы қатарда Қазірет те жүлдеге ілінуі бек мүмкін. Меніңше «Алтын домбыра» алудың «кезегі» Еркебұлан мен Мейірбекке келген сыңайлы. Мен үшін Еркебұлан екі дүркін алтын домбыраның иесі. Иә, сондай биік деңгейде өнер көрсеткен. Биыл сол шабысынан танбаса, қазылар қайта-қайта қаға бермейтін шығар. Мейірбек те алтын домбыра ұстап тұрса, көркем тіліне көрік қосар еді. Рүстем мен Дидардың шабатын шағы осы. Бес уақыт намазы мен үш уақыт тамағы кітап болып жүрген Рүстем бағы шапса, бұл жолы бабынан ақсай қоймас. Мен соңғы төрт ақынды жартылай финалдан көргім келеді. 


«Олимптің» кеңсесіне бармасаңыз да алтын домбыра алатындардың коэфициентін осыдан шығаруға болар. Сіздің ойыңызша биылғы «Алтын домбыра» кімнің қолында кетеді?

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив