Алимент төлеуден бас тартқандар көп
Алименттерді төлету мәселесін прокуратура тұрақты бақылауға алып отыр. Берешектерді қайтарту мақсатында борышкерлерге заң талаптарын түсіндіру және жекелеген құқықтарын заң аясында шектеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыссыз жүргендері еңбекпен қамтылуда.
– Облыстың барлық аумақтарында жұмыс топтары құрылған. Олардың құрамына құқық қорғау, прокуратура органдарының қызметкерлері, сот орындаушылары еніп отыр. Биыл бірлескен жұмыстың арқасында 130 миллион теңгенің берешегін өндірілді. Нәтижесінде, 3500 бала өз ата-анасынан ай сайын заңды төлемдерді алуда, – деп хабарлайды облыс прокуратурасы.
Облыста алимент төлеуші 528 тұрғын жұмыссыз ретіне есепке қойылған, олардың 166-сы курстарға жіберіліп, жұмысқа орналастырылды.
Ал, алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға қатаң шаралар қолданылуда. Жыл басынан 116 борышкер әкімшілік жауапқа тартылып, 107-сі қамауға алынды, 9-ы айыппұл төледі. Сондай-ақ, 29 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды. Олардың 22-сінің бас бостандығы шектеліп, жәбірленушілермен татуласуына байланысты 7 борышкерге қатысты істер тоқтатылды.