«Торпедоның» «Ермакқа» да шамасы жетпеді
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 12-ші турында өз айдынында ангарскілік «Ермакты» қабылдаған Өскеменнің «Торпедосы» қосымша уақытта қарсыласына жол беріп, жеңілістер сериясын жалғастырды. Есеп 1:2.
Айта кетейік, Мисхат Фахрутдиновтың командасы үшін бұл биылғы чемпионаттағы сегізінші жеңіліс болды. Тағы бір статистикалық деректі келтіре кетсек, жерлестеріміз соңғы бес ойында бес рет жеңіліп (оның бірі овертаймда), мүмкін болған 10 ұпайдың біреуіне ғана қол жеткізе алды. Өкініштісі сол, соңғы турда жерлестеріміз турнир кестесінің ең ақырғы, 29-шы орнында орналасқан «Ермактан» да айласын асыра алмай қойды.
Бұл матчтағы есепті кездесудің екінші минутында өскемендік хоккейшілер ашқанымен (гол Никита Куракиннің еншісінде), қонақтар тез ес жиіп, төрт минуттан кейін шабуылшы Владислав Бойконың көмегімен таразы басын теңестіре алды. Қалған уақытта командалар бір-бірінің қақпасына оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырса да, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Ал қосымша уақытта ангарскілік хоккейшілердің асығы алшысынан түсті. «Ермакқа» екі ұпай сыйлаған шайбаның авторы шабуылшы Анатолий Раенко болды.
Қорытынды есеп 1:2.
Осы жеңілісінен кейін 12 ұпай жинаған «Торпедо» әзірге жарыс кестесінің 16-шы сатысында орналасуда. 11 қазан, бейсенбі күні жерлестеріміз өз айдынында красноярскілік «Соколмен» шеберлік байқасады. Бұл матч кешкі сағат 18.30-да басталады.