Семейде «Түнгі сот» жұмысын бастады
«Түнгі сот» Семейдегі арнайы мамандандырылған әкімшілік сотының ғимаратында орналасты. Мақсаты кешкі уақытта болатын әкімшілік құқық бұзушылықты қатаң назарға алмақшы, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мәселен, жол қауіпсіздігін бұзу немесе көлікті мас күйде айдаушылар қатаң жазға тартылады.
«Түнгі сот» тез арада шешім қабылдайды. Оның қызметі істі 100 күннен 15 күнге дейін қысқартуға негізделген. Іс қаралғанға дейін арызданушы тараптар сауалнама толтырады. Егер тараптар істі кешіктіре тұрсақ деп өтініш айтса, сот бұл істі жалпы сот жүйесіне қарауға қалдырады.
Мамандандырылған әкімшілік сотының төрайымы Айтжамал Молдағожинаның айтуынша, «Түнгі сот» кешкі 18.30-22.00 аралығында жұмыс істейді. Егер қанатқақты жоба Семейде өзін дәлелдеп шықса, онда тұрмыстық-отбасылық жанжалдар да осы сот арқылы шешілетін болады.
ҚР Жоғарғы сотының бұл жобасы азаматтарға түнде де шағым түсіруге мүмкіндік беріп отыр. Жәбір көргендер үшін жасалған маңызды шаруа. Жоба Астанада нақты қолға алынған. Батыс, Оңтүстік және Алматы, Ақтөбе облыстарында енді ғана іске қосылды. Олардың қатарына Семей де кіріп отыр.