Қазақстан заңнамасы: Жасыл және Ақ кітап енгізілуі мүмкін
Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Заң жобасы Парламентке енгізілгенге дейін алдын ала Жасыл кітап және Ақ кітап пайдаланылады. Олар жаппай тиражбен жарияланады немесе алдын ала консультациялар жүргізетін белгілі адамдар тобына тікелей жіберіледі. Жасыл кітап - бұл консультативтік сипаттағы құжаттар. Олар мемлекеттік органдар жүргізіп отырған саясатқа қатысты пікірлер мен ұсыныстарды жинауы үшін Үкімет тарапынан дайындалады.
Консультациялар жүргізіліп өткізілгеннен кейін, одан әрі ықпалды Ақ кітап жарияланады. Ол Үкіметтің нақты бір саладағы болашақ саясаты туралы мәлімдемесін білдіреді, – деп түсіндіреді Марат Бекетаев.
Министрдің айтуынша, онда заң жобасының алдын-ала дайындалған нұсқасы болады. Ол кейіннен келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарға сәйкес өзгертілуі мүмкін.
Айта кетейік, осындай тәжірибе Ұлыбританияда бар. Бекетаев, бұл заңнамалық өзгерістердің теріс салдарын болдырмауға мүмкіндік береді дейді.