Риддерде бейтаныс адамдар зейнеткердің банк картасынан 450 мың теңге "шешіп" алған
Бейтаныс "қонақтар" Риддер тұрғынының 450 мың теңгесін жаратып қойған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға былай өрбіген. 5 қыркүйек күні Риддердің 68 жасар тұрғыны банк картасының қолды болғанын айтып, полиция бөлімшесіне шағымданған. Оның сөзінше, банк картасының жоғалған мерзімі 10-20 тамыз аралығы екен. Сол кезде үйіне бөтен адамдар келіпті.
Тәртіп сақшылары іздестіру барысында күдіктілерді анықтады. Бірі - 37 жасар әйел, екіншісі 40 жасар, бұрын сотты болған еркек екен.
Шағым түскен күннен бастап әлгі банк картасы қолданыстан шығарылса да, осы уақыт ішінде күдіктілер 450 мың теңгені жаратып қойыпты.
Дәл қазір ұрлық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.